World News in Kazakh

Қазақстанда Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасында адам құқықтарын қорғауды күшейту, отбасы институтын нығайту және мемлекеттік отбасылық саясатты жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты (бұдан әрі – Уәкіл) құрылсын, ол өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамында төрағаның орынбасары ретінде қоғамдық негізде жүзеге асырады.

Уәкілдің негізгі мақсаттары отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту, мемлекеттік отбасылық және демографиялық саясатты жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қазақстандық отбасылардың әл-ауқатына жәрдемдесу болып белгіленсін.

Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте