Таразда Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі кең көлемде, ерекше сән-салтанатпен атап өтілді.
Думанды мерекелік іс-шараға қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ақшаңқай киіз үйлерді аралап, цифрландыру және жасанды интеллект жобаларымен танысты. Сондай-ақ барша жамбылдықты ынтымақ пен бірліктің, береке мен ырыстың символына айналған Наурыз мейрамымен құттықтады.
Сонымен қатар бірлік пен татулықтың арқасында облыстың барлық саласында оң өзгерістер мен даму қарқыны байқалып отырғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығында көктемгі дала жұмыстары басталып, ел ырысын еселеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Инвестиция тарту ісі де қарқын алып келеді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидалары, сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы мен Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жобалар да өңірде жүйелі түрде іске асуда. Биыл – ел тарихындағы маңызды кезең. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтпек.
Мерекелік алаңда ұлттық нақыштағы 15 киіз үй тігіліп, әрқайсысында қазақ халқының бай мұрасы мен тұрмыс-салты кеңінен таныстырылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарын тамашалады.
Іс-шара барысында халқымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері сахналық қойылымдар арқылы дәріптелді. Ақсақалдар батасын беріп, ақжаулықты әжелер тұсаукесер, бесікке салу секілді тағылымы терең рәсімдерді көрсетті.
Мерекенің ажырамас бөлігіне айналған ұлттық спорт түрлері де ерекше қызу өтті. Әулиеата өңірінің тұрғындары қазақ күресі, арқан тарту, асық ату секілді сайыстарда бақ сынап, өзара мықтыларды анықтады.
Наурыз мейрамы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ел бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте айшықтала түсті.
Сообщение Таразда Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.