World News in Kazakh

Тоқаев альпинист Ерванд Ильинскийге “Қазақстанның Еңбек Ері“ атағын берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев альпинист Ерванд Ильинскийге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, марапат "альпинизмдегі аса үздік жетістіктері, сондай-ақ елдегі спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін" табысталған.

Ерванд Ильинский туралы не белгілі?

Ерванд Тихонович Ильинский 1940 жылы 25 тамызда Красноярск қаласында дүниеге келген. 1949 жылы ата-анасымен бірге Алматыға қоныс аударған. Ол – кеңестік және қазақстандық альпинист, бапкер. 1991–2010 жылдары әлемде алғаш рет планетаның барлық 14 сегізмыңдық шыңын бағындырған Қазақстан құрамасының бас бапкері болған. 1990 жылы Эверест шыңына шыққан, ал 2007 жылы Қазақстаннан алғаш болып "Жеті шың" клубының мүшесі атанған. КСРО чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. 1973 жылдан бастап САВО СКА-ның альпинизм бойынша аға бапкері қызметін атқарған.

1975 жылы – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1979 жылы – КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1982 жылы – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атақтарын алған.

1971 жылы Ильинский жетекшілік еткен ҚазПТИ альпинизм секциясына үшінші разрядтағы спортшылар Қазбек Валиев пен Валерий Хрищатый келген. ТүрікӘО командасының КСРО чемпионатындағы жеңісінен кейін ол ЦСКА-ға бапкер ретінде шақырылған. Осы уақыт ішінде 100-ден астам КСРО спорт шеберін, 36 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және 24 еңбек сіңірген спорт шеберін дайындады.

1993 жылы ол жас Денис Урубконың болашағын байқап, өз клубына шақырған. Ал 2000 жылы Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцовты жаттықтыра бастады. Кейін осы жаңа буын альпинистерінен құралған командамен 2010 жылы "Қазақстан құрамасы – әлемнің барлық 14 сегізмыңдығында" атты ауқымды бағдарламаны жүзеге асырды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте