World News in Kazakh

Қырғызстанда Ұлттық банктің бұрынғы басшысы ұсталды - БАҚ

Қырғызстанда Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Мелис Тұрғынбаев ұсталды. Бұл туралы жергілікті БАҚ Ішкі істер министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап жазып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

24.kg мәліметінше, сәрсенбі, 25 наурызда ІІМ тергеу қызметінің қызметкерлері Мелис Тұрғынбаевты "Қырғызмұнайгазға" қатысты іс бойынша куәгер ретінде жауап алуға шақырған. Тергеу амалдары нәтижесінде ол ұсталған.

Құқық қорғау органдарынан аталған факт бойынша ресми пікір түспеген.

БАҚ мәліметтеріне сәйкес, Мелис Тұрғынбаев мұнай-газ саласында бірқатар басшылық қызмет атқарған. Атап айтқанда, "Қырғызмұнайгаз" ААҚ басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі болған.

Сондай-ақ ол Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі лауазымын атқарып, кейін Қырғызстанның Ұлттық банкін басқарған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстанда төтенше жағдайлар министрі қызметінен Урматбек Шамырканов босатылды. Ол бұл лауазымда бір ай да жұмыс істемеген. Оның қызметтен кетуіне министрдің орынбасары болып тұрған кезде пара алу ықтималдығы туралы тексеру материалдары негіз болған.

Читайте на сайте