“Пәтер кілтін алыңыз“. Полиция алаяқтардың жаңа әдісі туралы ескертті
Тұрғын үй кезегі қазақстандықтарды ақшаға алдайтын қаскөйлердің назарына ілікті. Құқық қорғау органдары жылжымайтын мүлікті рәсімдеу немесе кезекке тұру үшін құжат тапсыру процесіне қатысты алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткенін айтады, - деп хабарлайды TengriHome тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтар көбіне WhatsApp немесе басқа да мессенджерлер арқылы "үй кезегіңіз келді" немесе "пәтер кілтін тез рәсімдеу керек" деген хабарлама таратып, құрығына түсетін жандарды іздейді. Ал хабарламаға жауап бергендерден жеке деректерін сұрайды немесе ақша аударуды талап етеді.
"Қаскөйлер өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды жаңылыстырады. Олар әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратады", - делінген полиция хабарламасында.
Қазақстандықтар тұрғын үй құжаттары ешқашан мессенджер арқылы рәсімделмейтінін және пәтер кілті бұлай берілмейтінін есте сақтауы қажет.
"Тұрғын үй алу тәртібі тек ресми түрде жүзеге асырылады. Егер сізге күдікті хабарлама келсе келсе немесе біреу қоңырау шалса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз", - деді полиция өкілдері.
Қауіпсіздік шаралары: Күмәнді қоңырау мен хабарламаларға сенбеңіз, жеке деректеріңізді (ЖСН, карта нөмірі, кодтар) ешкімге бермеңіз, белгісіз шоттарға ақша аудармаңыз, ресми ақпаратты тек сенімді дереккөздерден тексеріңіз.