«Қазақстанда әйелдердің шынайы өмірін көрсететін фильм аз, бар болса да таптаурынға толы»
Былтырғы жылдың қарашасынан бастап ай сайын Алматыдағы bult шығармашылық кеңістігінде 50-60 адам жиналып, әйелдер түсірген түрлі фильмдерді көріп, талқылайтын. Бұл фильмдердің бәрі режиссер әйелдердің шығармашылығын қолдап, үнін естіртуге бағытталған Qyzqaras жобасының бастамасымен көрсетілген.
Биыл Qyzqaras жетекшілері - Назира Бердыбаева мен Малика Мұхамеджан “Арман” кинотеатрында үлкен экранда режиссер әйелдердің фильмін көрсетуге мүмкіндік алды.
Власть жоба жетекшісі Малика Мұхамеджанмен кинофестивальдің мақсаты, кинодағы әйел көзқарасының маңызы мен патриархал кинодан айырмашылығы туралы сөйлесіп көрді.
Малика Мұхамеджан төрт қысқа метражды, «Қарлығаш» атты бір толық метражды фильм түсірген. Мәскеудегі ВГИК институтында режиссёр мамандығын тәмәмдаған. Кино саласында әйел режиссерлерге көрсетілетін әділетсіздікті байқағаннан кейін, Qyzqaras жобасын ұйымдастыруды бастаған.
Әйел режиссерлерге арналған Qyzqaras кинофестивалін ұйымдастыруға не түрткі болды?
Қазақ кино индустриясында дарынды әрі мықты режиссер әйелдер көп. Дегенмен олардың еңбегі шетелдегі фестивальдермен шектеліп жатыр. Қазақстанда режиссер әйелдердің фильмдерін көрсететін алаң жоқ. Біздің мақсатымыз – олардың кинодағы еңбегі мен дауысы ескерілетін алаң болу. Режиссураға түскісі келетін жас қыздарға үлгі болсақ дейміз.
Оның үстіне қоғамда «әйелдер романтика түсіруден басқа түк білмейді», «олардың фильмдері тым нәзік» деген таптаурын көзқарас бар. Әйелдер киносының әртүрлі бола алатынын көрсетіп, болмысын ашқымыз келеді. Меніңше, Қазақстанда әйелдердің шынайы өмірін көрсететін фильм аз, бар болса да таптаурынға толы. Болашақта үлкен қор құруды армандаймыз. Осындай кинокөрсетілімдер мен ашық талқылаулар арқылы әйелдер киносы дамитынына сеніміміз мол.
Әйел режиссерлердің көзқарасы мен дауысы кино саласына қандай өзгерістер енгізеді деп ойлайсыз?
Кинематографияда male gaze (еркектік көзқарас) деген термин бар. Бірақ бұл тек еркектер еркектік көзқараспен фильм түсіреді дегенді білдірмейді. Дегенмен патриархал кинодан бірталай ерекшеленетін әйелдер киносы бар. Әйелдер көзқарасымен еркек те, әйел де түсіре алады. Әйелдер киносы тек әйелдер жайлы емес. Ол жалпы әлемдегі түрлі оқиғаларға жаңа көзқарас қалыптастырып, оны жаңа қырынан ашады.
Мысалы, Клер Дени «Жақсы жұмыс» (Beau Travail) фильмінде кілең еркектерді, француз армиясын түсірді. Бұл фильм еркектер әлеміне әйел оптикасы арқылы үңілуге шақырады. Меніңше, кинода біз нені түсіретінімізбен қатар, оны қалай түсіретінімізге мән беруіміз керек. Патриархал киноның өз ережелері мен заңдылығы, стандарттары бар. Еркектер кинематографиясы жоғарыдан төменге деген иерархиялық жүйені ұзақ жыл бойы ұстанып келеді. Фильмді режиссер түсірсе, демек оған бәрі бағынуға тиіс деген қағидалары бар.
Ал әйелдер киносында осындай вертикал құрылымдар жоқ, кино түсіруге қатысқан әр адамның пікірі ескеріледі. Әйелдік көзқараспен еркектер де фильм түсіре алады. Дәл солай өте маскулин, таптаурын фильм түсіретін әйелдер де бар. Яғни, әйелдік не еркектік көзқарас гендер, жынысқа байланысты емес. Бәріміз классикалық патриархал киноларды көріп өскендіктен, санамызда әлі күнге дейін стандарттар мен стереотиптер бар екені сөзсіз. Әйелдер киносының қатып қалған ережені бұзып, жаңа көзқарас қалыптастыратын күші бар екеніне сенемін.
Сіз қазақ киноиндустриясында жұмыс істегенде қандай кедергілерге кезіктіңіз? Жалпы режиссер әйелдердің қазақ киноиндустриясындағы өмірі қандай?
Кей адамдармен жоба талқылағаным болмаса, қазақ киноиндустриясында жұмыс істеп көрмегенмін. Бірақ әріптестерім қазақ кино әлемінде жоғарыдан қарау, алалау, сексизммен жиі кезігіп жатады. Әйелдердің бір бөлігі кинодағы патриархал әлемнің ережелеріне еріксіз көнсе, ал екінші бөлігі бұдан өзін аулақ ұстап, тәуелсіз жобалар аясында жұмыс істеуге мәжбүр.
Қазақ киноиндустриясындағы әйелдердің жағдайы жайлы айту қиын. Өйткені біз азбыз. Ресейдегі дәстүрлі түсініктердің көптігіне қарамастан, Мәскеу кино саласында сексизммен кезікпедім. ВГИК-те режиссер, оператор факультетінде оқыған қыздар көп болды. Бізде әйел режиссерлердің нақты мысалдары болмағаннан әлі патриархал киноның құрсауынан шыға алмай жүруіміз мүмкін. Ресей тарихында мықты әйел режиссерлердің мысалы көп. Сол себепті адамдарға режиссер, оператордың әйел болуы үйреншікті болып кеткен сияқты.
Ата-ана қарсылығы, қоғамның режиссурадағы қыздарды қабылдай алмауы салдарынан, көбі арманынан бас тартып жатады. Осылай режиссураға түскен не түсуді қалайтын қыздардың көбі сексизм әлеміне кіруге қорқады. Сондықтан кинодағы сексизм мен патриархал жүйені бұзу үшін адамдар біздің киномызға мән беріп, үнімізге құлақ асуы қажет.
Ал қоғам әйелдер киносын, әйел режиссерлерді қалай қабылдап жатыр?
Меніңше, қоғам қызық әрі сапалы киноны көруге бейім. Адамдар сексист әрі дәстүршіл екен деп, стереотипке толы кино түсіруі дұрыс емес. Кинематографтар қоғамның әлсіз тұстарын пайдаланып, сол туралы фильм түсіріп, ақша табуды ғана көздемей, қоғамға оң әсер ететін фильмдерді де түсіруі керек деп ойлаймын.
Күллі әлемді әп-сәтте бір киномен өзгертіп жіберу екіталай. Бірақ қоғам әрқилы адамдардан тұратынын ұмытпауымыз керек. Біз де өзіміздің өміріміз бен тыныс-тіршілігімізді экраннан көргіміз келеді. Фильмде әйелдердің хикаясына зер салып қарайтын еркектердің барына сенемін. Мен де фильмдегі еркек кейіпкердің сезімдері мен ойын түсінуге тырысамын.
Бар мәселе адамның эмпатиясында жатыр. Қоғамның әртүрлі екенін ескерсек, бір фильмнің бәріне бірдей ұнауы шарт емес. Бірақ адамның өмір сүретін кезеңі мен уақытын, өмірін сезіне алатын әрі әлеуметтік маңызы бар кино әрқайсының көңілінен шығатыны сөзсіз. Неғұрлым авторлар түрлі топ өкілі болса, соғұрлым жақсы. Себебі қазақ киносы тек қазақтар не әйелдер жайлы емес. Егер кинода басты кейіпкер тек қазақ емес, шешен, ұйғыр, корей этносының өкілі болса, бұл қоғамдағы түрлі топтың үні мен көзқарасын көрсете алар еді. Алайда мұндай фильмдер жоқтың қасы. Осылайша адамдар «көзіміздің қиығы мен жынысымыздан басқа ешқандай айырмашылығымыз жоқ» деген ойға келіп, бір-бірінің өмірін түсінуге тырысады. Кино осындай түрлі оқиғалар арқылы әр топтың басын қосып, адамдар санасын жаңғырта алады.
Неліктен кинотеатрда қазақ киносының келбеті ретінде тек «Бизнес по-казахский», «Ұялам, но үй алам» сынды комедиялық фильмдер ұсынылады? Не себепті қоғамға жеткізері мол, проблема қозғайтын фильмдер көрсетілмейді?
Қазақстандағы кинопрокат жүйесі 90-жылдағыдай жұмыс істейді, ашықтық атымен жоқ. Оның үстіне мәдениет министрлігінің елдегі кино жағдайын дамытуға тырысып, бірдеңе істегенін көрмеппін. Түбінде кинопрокатшылар кинотеатрлармен байланысы бар болып шығады. Өздері фильм түсіріп, оны прокатқа шығарады. Сәйкесінше көбі халық міндетті түрде жиналады деген комедия не қандай да бір жанрдағы киноларды түсіреді. Олардың басты мақсаты – кино арқылы ақша табу. Мұндай фильмдерді түсіру аса көп бюджетті талап етпейді. Ал авторлық әрі маңызы бар, сапалы фильмдерге адам аз жиналатындықтан, кинотеатрларға оны көрсету тиімсіз.
Мұны қалай шешеміз?
Кинофестивальдер ұйымдастырып, оны барынша жарнамалау қажет. Фестивальдерді мәдениетіміздің үйреншікті бір бөлшегіне айналдыруымыз керек. Қандай да бір фильмдер туралы БАҚ жиі мақала жазатын болса, адамдар мұны көруге, талқылауға талпына бастайды. Киносыншылар бар болғанымен, олардың жұмысы көрерменге жетіңкіремей жатыр. Негізі мұның бәрі мемлекет тарапынан реттелуге тиіс.
Мысалы, Францияда авторлық кинолар көрсетілуі үшін мемлекет бюджетінен кинотеатрларға түрлі субсидия бөледі. Өйткені олар авторлық кинолардың ақша үшін түсірілмейтінін жақсы түсінеді. Осылайша авторлық киноларға билет бағасы Mаrvel киноларымен салыстырғанда арзан болған соң, халықтың көбі авторлық киноны көруге барады. Біздегі индустрия даму сатысынан өтіп жатқандықтан, уақыт өте талай өзгеріс болатынына сенемін.
Қандай өзгерістер туралы айтып отырсыз?
Біріншіден, режиссерлердің өзі бір типті фильмдер түсіруден шаршап, көрермен де мұндайды көруден жалығатын секілді. Осыдан соң кәсіби киносыншыларға, тәуелсіз кинотеатрларға, кинопрокатшыларға сұраныс пайда болады. Бұл кез келген киноиндустрия үшін қалыпты процесс. Айта кететіні, бүкіл кинотеатрды кейбір фильмдердің құнын толық ақтайтындай етіп толтыру мүмкін емес.
Малика Мұхамеджан
Сіз айтқан авторлық киноларға көрермен баруға дайын ба?
Кино көру мәдениеті елде әлі айтарлықтай төмен. Себептері әртүрлі болғандықтан, нақты мынау деп айту қиын. Көрерменді тек сапасыз комедияны жақсы көреді деп сөккім келмейді. Дәл солай осындай фильмдерді жасайтын адамдарды да кінәламаймын. Бір жағынан көрерменге сапалы киноны ұсынып қана қоймай, авторлық киноларға ақша төлеуді үйрету керек десем, екінші жағынан оның көпшілікке қажеті жоқ шығар деп ойлаймын.
Халықтың экономикалық жағдайы олардың қызығуына тікелей әсер етеді. Несиеден бас көтере алмай, күнкөріс қамымен жүрген адам кинотеатрға көңілін аулау үшін баруы мүмкін. Сол себепті оларды сөгуге еш құқым жоқ. Түптеп келгенде, бұл білім мен өмір сүру сапасына келіп тіреледі. Әрі мектеп оқушыларының кино не жалпы өнерге деген көзқарасының қалыптасып, сыни ойлай алуымен де байланысты. Бұл факторлардың барлығы кино көру мәдениетіне тікелей әсер етеді. Меніңше, ең алдымен, елдегі халықтың қаржылық әл-ауқаты болуы керек. Өйткені халқымыздың белгілі бір бөлігі ғана жақсы өмір сүреді, көпшілігі әлі күнге дейін қаржылай тұрақтылыққа жетпеген.
«Келінжан» фильмінде еркектік көзқарас бар (male gaze), әйелдерге зат сияқты қарайды деп сынап жатады. Қазақ киноиндустриясында режиссер не сценарист әйелдер не себепті патриархат ұстанымдарын қолдайды?
Еркектер әлемінде жүрген сценарист әйелдер мұны тек тапсырыс үшін істейді деп ойлаймын. Продюсер талап ететін нәрсені дайындап беріп, фильмнің арқасында табыс табуды көздейтіндер бар. Патриархал жүйеге көніп жүргеннен ештеңе өзгермейді деп ойлаймын.
Мен көліктерді жарып, революция жасауды емес, ең құрығанда, ішкі революция қалыптастыруды, көзге ұрып тұрған сапасыз жобаларда жұмыс істемеуді меңзеп отырмын. Бірақ, екінші жағынан, әркім өзін асырауға тиіс, ақша табуы керек. Сондықтан бұл ретте моральдық-этикалық мәселелерді әр адам өзі шешкені жөн секілді.
Айсұлу Тойшыбектің телеграм каналынан Qyzqaras фестивалінде көрсетілетін «how to have sex?» фильмінің атауын kino.kz сайты өзгерткенін көріп қалдым. Қазақстанда бұған дейін жыныстық қатынасты ашық әрі романтизациялап көрсететін фильмдер үлкен экранда көрсетіліп келді. Фестивальде көрсетілген осы фильмнің атауын неге өзгертті деп ойлайсыз? Бұл тақырып елімізде не себепті табу?
Иә, біз фильм билеттерін «Секспен қалай айналысу керек? деген бастапқы атауымен өз сайтымызда саттық. Бар мәселе фильмде “секс” сөзінің болуында ма?! Шыны керек, бұл сөзден еш әбестік байқамадым. Қазақстанда ешкім жыныстық қатынаспен айналыспай ма сонда? Олай болса, біз қалай пайда болдық? Мұны мүлде түсінбедім.
Фильмнің мұндай атауының артында адамның өсу кезеңі, диалогтың маңызы және адамның жыныстық қатынасқа келісімі, достар арасындағы қарым-қатынастың маңызы сынды мәселелер қозғалады. Өкініштісі, біздің қоғамда секс мүлде талқыланбайтын, тыйым салынған тақырыпқа айналып кетті. Мен қай поза жақсырақ деген нұсқаулықты емес, бұдан туындайтын зорлық-зомбылық, өзара келісімсіз болатын жыныстық қатынас сынды проблемаларды айтып жатырмын.
Тәуелсіз кинофестивальдердің мемлекеттен қолдау табу жағы қалай?
Біз билікке қаржылай қолдау өтінішімен жүгінбедік. Фестивальді ұйымдастыру қиын, бірақ бұл жобаны жақсы көріп, жанын салатын командамыз бар. Жобаны қаржыландыруға Ұлыбритания консулдығының Creative Collaborations бағдарламасы көмектесті.
Негізі мемлекеттің ақшасы бәріміздің ақшамыз, сол себепті мемлекеттік қаржыландыруда тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен біз тәуелсіз болуды таңдаймыз. Бізді қаржыдан гөрі биліктегі адамдармен біріге жұмыс істеу алаңдатады. Өйткені ол жерде бюрократия көп. Бәрінен бұрын нені істеп, нені істемейтінімізді бақылайтындықтан, бұдан аулақ болуды жөн санадық.
Кинокөрсетілімдер, фестиваль өткізу көп ресурс пен энергияны талап етеді. Мұны істеу сіз үшін неге маңызды?
Мен адамдарды жақсы көремін. Митиңдерге шыға алмасам да, оларға киноның күші арқылы оң әсер еткім келеді. Қазақстан қоғамындағы, кинематографиядағы әділетсіздіктерді күнде көріп жүргендіктен, қол қусырып отыра алмаймын. Адамдардың «рақмет» деп, қолдау білдіргенінің өзі алға жылжуға үлкен күш-қуат береді.
Бұрын фильм көрсетілімдері bult шығармашыл кеңістігінде өтетін. Қазір кинофестиваль ұйымдастырып, киноларды үлкен экраннан көрсетіп жатырсыздар. Әсеріңіз қандай?
Көрсетілімдердің bult-та өткені өзіме қатты ұнайтын. Qyzqaras фильм фестивалі жаңа көрерменге үйренуге тура келеді. Bult-тағы көрермен өте ашық әрі еркін болғандықтан, барынша өзімізді қауіпсіз сезінетін едік. Кез келген фильмді үлкен экраннан көргенде әсер мүлде бөлек болады. Фестивальдегі фильмдердің көпшілікке ұнамайтынын ескеріп, түрлі фильмді қамтуға тырыстық. Шыны керек, фильмдерге билет баяу сатылып жатыр. Әу бастан табыс табу мақсатымыз болмағандықтан, бұған да көндік. Алдағы уақытта кино көрсетілімдерді Bult-та ұйымдастыруды жалғастыра бермекпіз.
Qyzqaras фестивалі тамыздың 21-іне дейін Алматыдағы «Арман» кинотеатрында өтеді. Кинофестивальда қысқаметражды фильмдердің көрсетілімі, шағын дәрістер өткізіліп, жоба питчингтері қорғалады. Сондай-ақ, қазақстандық режиссер Айжан Қасымбектің «Мадина», Шарипа Оразбаевның «Тұл», Малика Мұхамеджанның «Қарлығаш», Дальмира Тілепбергеннің «Сыйлық», Әсел Әушәкімованың «Велошах» фильмінің тұсауы кесіледі.