Тыйым салу, бақылау немесе қолдау: жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін қалай шешуге болады?

Қыркүйекте Алматыда бірнеше жасөспірімнің суицид жасауы жұртты дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желілерде балалардың өлімі онлайн ойындармен байланысты деген хабар тарағанымен, полиция бұл деректі жоққа шығарды. Дегенмен мектептерде киберқауіпсіздік бойынша едел-жедел ата-аналар жиналысы өтіп, оқу-ағарту министрлігі «қауіпті» интернет қауымдастықтар, кітаптар мен ойындардың тізімін жариялады.

«Власть» министрліктер мен балалар омбудсменіне сұрақ қойып, сала мамандарына хабарласып, ойындардың жасөспірімдерге ықпалы туралы сұрады. Сарапшылармен мемлекет қолға алған суицидтің алдын алу шараларының тиімділігін талқылады.

Кибербуллинг туралы заң

2022 жылғы наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды кибербуллингтен қорғау мақсатында әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік беретін заңнамаға қол қойды.

Заңнамаға өзгертулер енгізілгеннен кейін шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстан аумағында өкілдіктерін тіркеуге міндетті болды. Сонымен қатар олар балаларға қатысты кибербуллинг деп танылған барлық контентті 24 сағат ішінде өшіруге және құқыққа қайшы өзге контент туралы кез келген өтінішке жауап беруге тиіс. Заңды бұзған жағдайда әлеуметтік желі Қазақстан аумағында бұғатталады немесе қолданысы шектеледі.

Өзгертулерді талқылау кезеңінде азаматтық қоғам бұл балаларды қорғау деген желеумен интернет кеңістікте цензура орнату екенін айтып, өзгертулерді қабылдауға қарсы шықты.

«Бұл жол тиімсіз екеніне, ал балаларды қорғаймыз деген желеумен өзгерту енгізу манипуляция екеніне сенімдіміз», – деді өзгертуді қабылдауға қарсы петицияға қол қойған журналистер мен құқық қорғаушылар. Петиция авторлары оның орнына кибербуллингке өзге тиімді реакция механизмін әзірлеп, оның алдын алу шаралары мен зерттеу жүргізуді ұсынды.

Фотоны Жанар Каримова түсірген 

16 қыркүйекте Алматыда көпқабатты ғимараттан секіріп, екі оқушы мерт болды. Әлеуметтік желілерде тағы бір қыздың бұл оқиғадан үш күн бұрын қаза тапқанын жазып жатты, кейін полиция тағы бір суицид туралы ақпаратты растады. 22 қыркүйекте Шекара училищесінде 19 жастағы курсант суицид жасағаны, 23 қыркүйекте 18 жастағы бозбаланың өзіне қол салуы, 25 қыркүйекте қаладағы университеттердің бірінде оқитын студенттің суицид жасағаны белгілі болды. Студенттің қанша жаста екені белгісіз.

Әлеуметтік желілерге цензураға қатысты түзетулер енгізуге бастамашы болған Мәжіліс депутаттарының бірі, қазір Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып жүрген Динара Зәкиева Алматыдағы жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау фактілеріне байланысты қабылданған шараларға қатысты пікірін айтты.

Оның айтуынша, мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, әлеуметтік желілер, ойындар мен өзге де қауіп көздері бойынша жұмыс атқарылып жатыр.

«Қазір олар белгілі бір атау бойынша топтарды өшіру мәселесі бойынша Telegram және Meta өкілдеріне хабарласты. Кейбіріне өзім хабарластым, топтар өшірілді, алайда жұмыс әлі жүріп жатыр», – деді Динара Зәкиева.

Оның сөзіне қарағанда, биыл ақпарат министрлігі суицидті насихаттайтын ақпарат таратқан 22 оқиғаны тіркеген, оның ішінен 19 материал өшірілген. Сонымен қатар ведомство зорлық-зомбылықты насихаттайтын ақпарат тараған 157 оқиға тіркеген, соған орай 57 интернет ресурс бұғатталған, ал 101 материал бойынша хабарландыру жіберілген.

Facebook парақшасында Динара Зәкиева жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бойынша мемлекет тағы не жасап жатқанын жазды: 111 байланыс орталығының сапасын жақсарту, мектептерде жеке қауіпсіздік сабақтарын өткізу, мектеп психологтарына арналған психологиялық көмек орталықтарын ашу.

Динара Зәкиева жаз басталғалы мектептерде суицидтің алдын алу шаралары қалай жүзеге асып жатқанын бақылау үшін өңірлерді аралай бастағанын да айтты. Ол барлық өңірде жұмыс сапалы жүріп жатпағанын айтады. Алматы, Шымкент, Ақтөбе облысы мен Түркістан облысында әлі де қолға алатын шаруа көп.

«Власть» сауалына Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі педагог-психологтармен жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар 23–27 қыркүйек аралығында елдің барлық өңірінде педагогтар мен ата-аналардың қатысуымен балалар қауіпсіздігі бойынша жиналыс өтуі керек. 

Фотоны Данияр Мүсіров түсірген 

Ойын түрткі болғаны дәлелденген жоқ

ІІМ 16 қыркүйекте қайтыс болған екі 7-сынып оқушысының телефонында «суицидке итермелейтін ойын» болмағанын, алайда өшірілген хаттар мен қолданбаларды қалыпқа келтіру жұмысы әлі жалғасып жатқанын хабарлады. Дегенмен ведомство Алматыда болған өзге екі оқиға жайында ешқандай мәлімет берген жоқ, тек «қазақстандық оқушылардың суицидке итермелейтін ойындарға қатысы анықталмағанын» мәлімдеді.

Сәрсенбі күні оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға Telegram мен VK-дағы қауіпті топтардың, кітаптар мен қолданбалардың тізімі жазылған ескертпе таратты.

Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина «Власть» басылымына жазбада көрсетілген әдебиеттер «қандай да бір әрекетке баруға бірден-бір себеп бола алмайды», бірақ жанама түрде «психикасы дамымаған баланы қандай да бір ойға, күйзеліске, жабырқауға итермелеуі мүмкін» деп түсіндірді.

Ведомство 16 және 18 жастан асқандарға арналған әдебиеттерді сатып алмауды ұсынады, ал әдебиеттерді таңбалауға ішкі істер органдары мен жергілікті атқарушы органдар жауапты.

Овечкина сонымен қатар тізімде әлеуметтік желілердегі ықтимал қауіпті топтар бар екенін, департамент тексеріп, бұғаттағанын айтты. Олардың көпшілігі Қазақстаннан тыс жерде құрылған, алдағы уақытта тізім кеңейтілуі мүмкін. Бөлім балаларға теріс әсер етуі мүмкін мазмұнды бұғаттау үшін «Кибербақылау» бағдарламасына жібереді.

«Содан кейін басқа ведомство тексеріп, бұғаттау үшін контентті платформа иелеріне жібереді. Біз жіберген ақпарат бойынша бұғатталған контент көп», – дейді Овечкина.

Сонымен қатар ол департамент әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан ойындарды тексергенін атап өтті. «Мысалы, Schoolboy Runaway ойыны ешқандай әрекетке шақырмайды немесе біз әлі ол шақыратын кезеңге жеткен жоқпыз. Бірақ жанама түрде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты бұзуы мүмкін», – дейді Овечкина. Қазақстанда бұл ойынға тосқауыл қою мүмкін емес, өйткені ол өзге елде жасалған.

Контентті бұғаттауға жауапты мәдениет және ақпарат министрлігі «Власть» басылымына түсініктеме беруден бас тартты.

Дегенмен балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары нақты өтініштер немесе әдебиеттер мен суицид арасындағы байланыс туралы біржақты айту мүмкін емес екенін, баланың өзіне қол жұмсауы көптеген фактордың жиынтығы екенін ескертеді.

«Власть» қалада интернет ойындарға байланысты өзіне қол жұмсау фактілері расталғанын немесе дәлелденбегенін білу, сонымен қатар ата-аналар әлеуметтік желілерде жазып жатқан, оқу-ағарту министрлігі ескертпе тізіміне қосқан Телеграм каналдар мен боттардың бар-жоғын анықтау үшін Алматы қалалық полиция департаментіне сауал жолдады. Полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету мүмкін емес екенін алға тартып, бұл ақпаратты беруден бас тартты.

Factcheck сайты тізімдегі кейбір ойындар мен кітаптарға егжей-тегжейлі талдау жасап, олар қауіпті әрекеттерге шақырмайды деген қорытындыға келді. Әйтсе де, олардың мазмұнын қабылдау баланың эмоциялық жағдайына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Әлеуметтік желілерде топтар бар және онда суицид пен кісі өлтіруді қалыпты етіп көрсететін басылымдар бар, бірақ фактчекерлердің мұның әсері жайлы айтқанда, үнемі асыра сілтеу болатынын жазады.

Психологтар мұндай топтарға кіру мен суицид арасындағы байланысты дәлелдеу шынымен қиын екенін айтады.

«Мен мұндай ойындар мен суицид арасындағы байланысты көрсететін бірде-бір нақты зерттеуді көрген жоқпын. Есесіне мұндай байланысты жоққа шығаратын материалдарды көп көрдім», – дейді психолог, Just Support қорының жетекшісі Светлана Богатырева.

Ол өзіне қол жұмсауға әрекеттенген жасөспірімдермен жұмыс істеген он жылға жуық уақыт ішінде онлайн ойын әсерінен болған бірде-бір дерек кездеспегенін атап өтті.

«Көк кит танымал болған кезде бірнеше суицид оқиғасы болды, бірақ оның себебі ойын екенін ешкім дәлелдей алмады, өйткені суицид күрделі, көпфакторлы мәселе», – дейді маман.

Ол ойын да көп фактордың бірі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ нақты байланысты анықтау өте қиын. Сонымен қатар психолог көп нәрсе баланың менталдық және эмоциялық жағдайына байланысты екенін айтады. 

Фотоны түсірген Жанар Каримова

Қазақстанда көп жылдан бері әртүрлі демографиялық топтар арасында суицид деңгейі жоғары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан – жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау оқиғасы ең көп тіркелген елдің бірі. Еліміз 2015 жылға дейін жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша он жыл қатарынан алғашқы үштікке кірсе, 2008 жылы 15–19 жас аралығындағы суицид саны бойынша әлемде бірінші орында болды.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, кейінгі он жылда Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 1899 бала мен жасөспірім өзіне қол салған. 2015 жылдан кейін бірінші рет 2023 жылы балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау фактілері 200-ден асты. 2024 жылдың алғашқы сегіз айында елімізде 128 бала мен жасөспірім өзіне қол жұмсаған.

Сонымен қатар сарапшылар ресми статистикаға қатысты әрқашан түрлі сұрақ болғанын және нақты сандар олардан айтарлықтай көп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Фотоны түсірген Шыңғыс Сайханов

«Қиындықпен бетпе-бет қалады»

Светлана Богатырева Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алудың бекітілген кешенді жоспары бар екенін, ол алдағы жылдарға арналған ұзақ мерзімді стратегия ретінде жұмыс істеуі керек екенін атап өтті. «Негізінде, жақсы қадамдар жасалып жатыр, бірақ орындалу сапасы өз алдына бөлек мәселе», – деп атап өтті сарапшы.

Осы жоспарда қарастырылған шараның бірі – балаларды интернет кеңістікте қорғауға тиіс жеке қауіпсіздік сабақтары. Богатырева шын мәнінде бұл сабақтар қазір сынып сағатында 10 минут қана оқытылатынын, ал сынып жетекшілері мұндай күрделі тақырыптың қыр-сырын түсінетін маман емес екенін айтады.

«Алматыдағы мектеп психологтарымен және кейбір мұғалімдермен байланыстамын. Олар бұл он минутты қалай өткізуге болатыны туралы нақты, жақсы бағдарлама жоқ екенін айтады. Бұл жайлы бірнеше видео ғана бар. Баяндамада мемлекеттік жоспардың орындалып жатқаны айтылғанымен, өкінішке қарай, шындық қынжылтады», – дейді маман.

Оның ойынша, ашылғаны туралы Балалар омбудсмені хабарлаған психологиялық орталықтар да толық дайын емес. Осылайша, сарапшылар қоғамы балалар мен ата-аналарға арналған психологиялық көмек орталығы болсын деген орталықтар педагогтарға арналған ұсыныстар әзірлеп, әртүрлі әдістемелік жұмыспен айналысып жатыр.

«Өйткені іс жүзінде ешкім мектеп психологына бармайды: барлығы мектеп психологы білетін нәрсе бүкіл мектепке белгілі болады деп қорқады, өйткені психолог директорға есеп береді, ол әкімшілікті барлық мәселеден хабардар етіп отыруы керек, осылайша мектептегі құпиялық принципі бұзылады. Сөйтіп бәрі көмекке зәру болып қала береді, ақылы маманға баруға бәрінің бірдей жағдайы келмейді», – дейді Светлана Богатырева.

Психолог қоғамға негізделген әдіс суицидтің алдын алуда тиімді екенін айтады.

«Бастысы, әрқайсымыз осы ескерту белгілерін біліп, достарымызға, туыстарымызға, студенттерге, сыныптастарымызға мұқият болуымыз керек», – дейді психолог. Ол бұған қол жеткізу үшін мектептерде психикалық денсаулық, салауаттылық және ауру принциптері туралы оқыту маңызды екенін айтты.

«Бірдеңе дұрыс болмай жүргенін байқасақ, біріншіден, ол адаммен сөйлесу керек, оны қолдап жіберу керек, екіншіден, оны өзі сенетін маманға апару керек. Өйткені суицидтік мінез-құлықты маманмен бірге шешу керек», – деп түсіндірді Светлана Богатырева.

Ол психологиялық көмек пен мамандардың болғанын да тағы бір маңызды мәселе деп есептейді. Мұны қазірдің өзінде аймақтарда ашылған, қазір әдістемелік жұмыстармен айналысып жатқан психологиялық қолдау орталықтары арқылы қамтамасыз етуге болатынын айтады.

«Ол орталықтарда белгілі бір мәселеге маманданған жандар жұмыс істей алар еді, себебі мектептегі психологтар суицидолог емес, оларға еш жерде суицид бойынша жұмыс істеуді үйретпеген. Шын мәнінде, қиындыққа кез болған адам бар мәселемен жалғыз өзі бетпе-бет қалады, – дейді Богатырева. – Мектептегі сабақтар мен орталықтар деген тәсіл жақсы нәтиже беруі үшін бәрін сапалы жасау керек». 

Читайте на 123ru.net