«Қабырға қалқасында» Ұлмекен бар

Жоқшылықтан, қымбатшылықтан, шарасыздықтан, күйбең тіршіліктен әбден шаршаған, аяғына ескі калош сүйрете салған әйел мықшыңдап бір қап картопты көтеріп келді. Босағаға жеткенше күші де сарқылып, жерге тастай салды да, сүйрелей жөнелді. Жарты жолға енді жеткенде қаптың аузы жыртылып, картоп шашылып сала берді. Сонымен бірге ебіл-дебілі шыққан келіншектің де ашу-ызасы бұрқ етіп сыртқа шықты. Құлақ қойған жан баласы жоқ болса да, бүкіл зар-запыранын төгіп жатыр.

Кенет коучпен эфирге шығуы керегі есіне түсті. Айтпақшы, оның тапсырмасын да орындамапты ғой. Орындайтындай болды ма, біресе баласы жылады, біресе үйдің тірлігіне айналып кетті. Бірі тойып секірген, бірі тоңып секірген екеудің әңгімесі жараса қоймады. Дәл қазір Ұлмекен үшін «жеке шекараңды белгілеп алу» деген ең соңғы кезектегі мәселе. Оның жанын жегідей жеп тұрған басқа дүние де шаш-етектен. Тіпті баласының ата-аналар жиналысына баруға мұршасы жоқ.

Artkoshe тәуелсіз театрының Alqa фестивалі аясында көрсетілген драматург Айнұр Төлеу мен режиссер Заңғар Ахмет-Қазының «Qabyrğa qalqasynda» туындысы осылай басталды. 

Artkoshe театрының жетекшісі, драматург Әннас Бағдаттың сөзімен айтсақ, бұл «артқы көшеде, яғни назарымыздан тыс қалып отырған дүниелер көрсетілетін тәуелсіз театр». Ал «Қабырға қалқасында» – декретте отырған Ұлмекеннің көпшіліктің, тіпті ең жақын адамы болуға тиіс күйеуінің де назарынан тыс қалып отырған тіршілігі туралы.

Әннас о баста Artkoshe театрын ашқанда тек репертуармен шектелмей, шығармашылық лаборатория жасауды мақсат тұтқанын айтады.

«Мазмұн, форма, эстетика жағынан ізденіс болса деген ойым болды. Мемлекеттік театрлар бара бермейтін тақырыптарды көтерсек дедім», – дейді Әннас. Бірақ оған да біраз дайындық қажет болған. Алдымен қойылымдарымен танылып, содан кейін ғана екінші бағытқа бет бұрған. Alqa фестивалінің тұжырымдамасын жазып, іске кіріскен.

«Жылдың соңына таяп қалғандықтан, грант күтіп отыратын уақыт болмады. Идеяны бірден іске асыруға кірістім. Бұрыннан жұмыс істеп жүрген қор белгілі бір шығынды жабуға уәде беріп отыр. Қалғанын өз күшімізбен жасап жатырмыз», – дейді театр жетекшісі.

Бұрыннан екіжақты байланысы бар Гёте институты драматургтің талабын қолдап, жеңімпаз драматург пен режиссердің Берлинде өтетін Theatertreffen фестиваліне барып келу шығынын мойнына алыпты.

Әннастың айтуынша, бұл фестивальдің жөні де, орны да бөлек.

«Берлин – бейресми театрлардың орталығы. Фестивальде шеберлік сабақтары болады, әр елден келген театр өкілдері танысып-біліседі, идея алмасады. Шығармашылық адамына берері мол болғандықтан, Alqa жобасының тұжырымдамасын жазғанда өзім қатысып көрген осы фестивальге жолдама берсем деген идея туды. Мотивация болсын дедім», – дейді Әннас.

Берлинге кім баратынын қазылар алқасы анықтайды. Alqa бір реттік шара емес, дәстүрлі фестиваль болмақ. Жоба жетекшісі қатысушылардың бәрі ашық конкурс арқылы таңдалғанын айтады.

«Режиссураға көбірек адам тіркелді. Драматургияға жиырмаға жуық үміткер өтініш тапсырды. Бірнеше кезеңнен өтіп, суырылып шыққан авторларды таңдап алдық. Мүмкіндігінше басқа саланың адамдары болса дедік», – дейді Әннас. Дегенмен, драматургтің жазу машығы болуына баса назар аударған. Себебі оны үйрету ұзақ уақыт алады. 

Үміткерлер ішінен суырылып шыққан автордың бірі – Айнұр Төлеу. Мамандығы әдебиеттанушы. Драматургияға бұрыннан қызығатынын, сондықтан осындай мүмкіндік туғанда оны пайдалануды жөн көргенін айтады. Ал тақырыпты әркім өзі таңдаған.

«Толық еркіндік берді. Осы уақытқа дейінгі идеямызды жүзеге асыруға, өзімізді ашуға мүмкіндік берді. Гендер тақырыбын зерттеп жүргендіктен, әдебиетте әйелдің жандүниесінің ашылуын көрсететін шығармаларды көре алмай жүрмін. Сондықтан осы тақырыпты алдым», – дейді Айнұр.

Декреттегі әйел – Айнұрға жақын тақырып. Себебі дәл қазіргі сәтте өзі де декретте отырған ана. Оған қоса, дәл кейіпкері Ұлмекен секілді Айнұрдың да үш ұлы бар. Тұңғышы Ұлмекеннің Арманы секілді ержетіп қалса, екіншісі қойылымдағы Тілек сияқты жасөспірім шаққа аяқ басқан бала. Бұған қоса, отбасындағы қиындыққа төзбей, дағдарыс орталығынан бір-ақ шыққан келіншектерді де біледі.

«Екі келіншекті сондай орталыққа орналастырған тәжірибем де бар. Біраз зерттедім. Деректі фмльмдер көрдім, кітаптар оқыдым. Камила Ковязинаның декреттегі әйелдер туралы «Бес жыл» кітабын да оқыдым», – дейді Айнұр. 

«Qabyrğa qalqasynda» қойылымының авторлары мен актерлері 

«Бар адамның бақытты шағы бір-біріне ұқсас, ал әр адам өзінше бақытсыз» дегендей, Айнұрдың кейіпкері де өзінше бақытсыз.

Жалпы, Ұлмекен дүние есігін ашқаннан бастап тағдырдың тәлкегіне ұрынған бала. Есімінің өзі қалаулы бала болмағанына сілтейтіндей. Туған шешесі мейірленіп иіскемеген, балам демеген, бұл да анам демеген. Атасы мен апасының қызы. Бірақ, ол сонда да ең бақытты шағым еді деп бала кезін еске алады. Өйткені бар мейірін берген атасы мен апасы бар еді. Ал қазір күйеуінің бір ауыз жылы сөзіне зәру, іштен шыққан балаларына сөзін өткізе алмайтын, тіпті туған күнінде бір шоқ гүл де алмаған, бәрінен түңілген бір әйел. Қара терге түсуі, дірілдеп-қалтырап сөйлеуі, бір істі бастап, екінші бірдеңеге көшіп кетуі, зейінінің тұрақсыздығы, бірді айтып бірге кетуі күйзелісте жүрген жан екенін аңғартады. Осынша түнектің ішіндегі бір жарық сәуле балалары ғана. Арманы, Тілегі, Мақсаты.

Я ақша таппайтын, я бала-шағасына көңіл бөлмейтін, тапқанын ішіп, одан қалса достарымен қыдырып алаңсыз сыртта жүретін күйеуі де, бөлек отбасы екеніне қарамай, міндетси жұмсайтын қайынбикесі де, тоз-тозын шығарған мына қу тіршілік те сол үш баласының жанында түкке тұрмайды. «Жалғыз халатты бес жыл киіп жүрген», «үсті айран саситын», көзі ісіңкі, жүзі шаршаңқы келіншектің тек сол балаларын айтқанда ғана өңіне қан жүгіріп, езуіне күлкі үйірілетіні содан.

«Қабырғаның қалқасында» Ұлмекен бар. Ұлмекеннің үміті бар. Ал үміт бар жерде өмір бар...

«Қабырға қалқасында» спектаклі 12 және 19 желтоқсан күндері ArtKöshe тәуелсіз театрында қойылады. 

Читайте на 123ru.net