Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде

2024 жылғы 4 желтоқсанда  ҚР Ұлттық ұланы Академиясына Ресей Федерациясы Росгвардия әскерлерінің федералды қызметінен келген делегация қызметтік сапармен келді, деп хабарлайды Петропавловск.news.

Делегацияны Росгвардияның Білім және ғылым Бас басқармасының бастығы генерал-майор Александр Медведев бастап келді. Сапар екі елдің күш құрылымдары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту шеңберінде өтті.

Қонақтарды ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов пен Академия бастығы полковник Артур Тоқышев қарсы алды. Ресейлік делегация құрамында Пермь әскери институтының бастығы полковник Филипп Сиволапов және Росгвардияның білім басқармасының офицерлері болды. Брифингте қонақтарға генерал-майор Бауыржан Әбжанов Ішкі істер министрінің орынбасары —  Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының сәлемін жеткізді. Ұлттық ұлан Академиясының басшылығы дөңгелек үстелде әскери оқу ордасының даму болашағы, білім беру және ғылыми әлеуеті туралы сөз қозғады. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, соның ішінде әскери қызметшілерді даярлауда тәжірибе алмасуды, ғылыми зерттеулерді және білім беру процесіне заманауи тәсілдерді енгізуді талқылады.

— Біз Ұлттық ұлан Академиясында заманауи оқу-материалдық базаның ауқымдылығын және әскери білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды көріп отырмыз. Біздің мақсатымыз — озық тәжірибелермен бөлісу үшін әскери қызметшілерді даярлау тиімділігін арттырудың жаңа жолдарын бірге іздеуге мүмкіндік беретін ынтымақтастық құру, — деді Росгвардияның Білім және ғылым Бас басқармасының бастығы генерал-майор Александр Медведев.

Ресми кездесу барысында қонақтар Академияның жақында ғана ашылған жаңа казармасын аралады. Қонақтарға бес қабаттан тұратын казарманың жатын орындары, жаттығу залдары, тұрмыстық, демалыс және киім ауыстыратын бөлмелері, заманауи жуынатын бөлмелер, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау қоймалары және оқу сыныптары көрсетілді. Әрі қарай қонақтар 27 жылдық тарихы бар Академияның оқу корпусымен танысты. Олар қолбасшылық кабинеттері мен басқару пункттерінде болып, әскери оқу орнының білім беру кафедраларын аралады. Оқу орнының қазақ, орыс және ағылшын пәнін оқытатын аудиторияларында болды. Одан бөлек делегация Академияның ұшқышсыз ұшатын аппараттарының техникалық сипаттамаларымен танысты. Жоғары оқу орнынан кейінгі магистратура және қосымша білім беру факультеттерінің мақсат-міндеттерін тыңдады. Лабораторлық корпуста әскери техника үлгілері мен қару-жарақтар көрсетілді. Сондай-ақ қонақтар Академия мұражайына оқу орнының тарихы мен күнделікті өмірін бейнелейтін экспозицияларды тамашалады. Құрмет кітабына Росгвардия генерал-майоры Александр Медведев естелік жазба қалдырды. Өз кезегінде генерал-майор Бауыржан Әбжанов Ұлттық ұлан Академиясының тарихы өз бастауын алған сәттен бері алыс-жақын шетелден келген делегациялармен тығыз ынтымақтастықта екенін атап өтті.

— Біз Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес серіктес мемлекеттердің озық тәжірибелерін игеріп, әскери білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай жетілдіруге ұмтылып келеміз. Мұндай ынтымақтастық тек білім алмасумен ғана шектелмей, елдер арасындағы өзара сенім мен достық қарым-қатынасты да нығайтады. Әскери дайындықтағы әрбір жаңашылдық – біздің әскеріміздің күш-қуатын арттыратын маңызды қадам.

Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Әріптес елдердің үздік әскери Академиялары және оқу орындарымен байланыс орнату, бірлескен оқу-жаттығу шараларын өткізу – біздің қауіпсіздік жолындағы ортақ мүддемізге қызмет етеді. Бұл арқылы біз еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып, әлемдік аренада сенімді серіктес ретінде танылып отырмыз, — деді Бауыржан Садықұлы.

Ресми бөлімнен тыс бағдарламаға сай, қонақтар еліміздің мәдени мұрасымен танысу мақсатында Петропавлдағы Абылай хан резиденциясына барды.  Себебі ол — қазақтың ұлы ханының өмірі мен қызметі туралы баяндайтын бірегей тарихи-мәдени нысан. Делегация мұражай экспозициясымен танысты, сондай-ақ Абылай ханның Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтудағы рөлі туралы білді. Одан бөлек қонақтар Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болып, көрме қойылымдарына шолу жасады. Энеолит дәуіріне жататын және әлемге танымал әрі бірегей саналатын Ботай қонысына арналған материалдар келушілердің қызығушылығын тудырды.

Қызметтік сапар соңында тараптар өзара құрмет пен тиімді ынтымақтастықты жалғастыру ниетінің нышанына айналған естелік сыйлықтармен алмасты.

Айта кетейік, Росгвардия Білім және ғылым Бас басқармасы делегациясының ҚР Ұлттық ұланы Академиясына сапары халықаралық өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды қадам болды. Мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы достық байланысты нығайтады, кәсіби дағдыларды дамытуға және әскери қызметшілердің даярлық деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының баспасөз қызметінің бастығы қатардағы Маржан Талапкер.

Читайте на 123ru.net