Мықты президент, бақылаудағы парламент

Президент өткен жылы жариялап, биыл Қызылордадағы ұлттық құрылтайда нақтылаған парламент реформасы заң шығарушы биліктің рөлін күшейтуге тиіс еді. Бірақ «Власть» басылымына пікір білдірген сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Бір палаталы «құрылтайдың», Халық кеңесінің және вице-президент институтының құрылуы іс жүзінде биліктің негізгі тетіктерін президент әкімшілігінің айналасына одан әрі шоғырландыра түседі. Ал парламент сол күйі дербес саяси институтқа айнала алмайды.

Өзгерістер тәртібі

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентті қайта құру жоспарын таныстырды. Қазіргі қос палаталы заң шығарушы орган бір палаталы жүйеге көшіп, енді «құрылтай» деп аталмақ.

«Біздің түпкі мақсатымыз — кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, жұмыс тобы құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді. <...> Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», — деді мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 24 қаңтар күні парламент реформасы бойынша жұмыс тобын аяқтаған кезде.

Президент Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата, Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ Жоғарғы сот судьяларын тағайындау мәселесін бір палаталы парламентпен келісе отырып шешеді.

«Осы конституциялық жаңашылдық президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдірмейтінін атап өткім келеді. Керісінше, президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді», — деп мәлімдеді Тоқаев құрылтай отырысында.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлттық құрылтай тарап, оның орнына жаңа квазисаяси институт — Халық кеңесі құрылады. Кеңес этно-мәдени бірлестіктердің, ірі қоғамдық ұйымдардың, мәслихаттар мен өңірлік кеңестердің өкілдерінен президент тағайындаған 126 адамнан тұрады.

Сондай-ақ «мемлекеттік қеңесші» лауазымы жойылып, оның орнынан Конституцияға вице-президент туралы бап енгізіледі. Вице-президент елді халықаралық келіссөздерде таныстырып, парламентте президенттің көзқарасын жеткізеді. 

«Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент — Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін», — деді Тоқаев.

«Бұл жүйелі саяси өзгеріс емес»

Сарапшылар жарияланған реформаларға сын көзбен қарайды. Парламентаризмді дамыту қорының президенті әрі бұрынғы сенатор Зәуреш Батталованың пікірінше, парламенттің рөлін күшейтуге қатысты уәделерге қарамастан, биліктің қайта бөлінуі болмайды.

«Реформа үстірт болып шықты. Билікті қайта бөлу үшін депутаттардың саяси дербестігі артып, мүдде қақтығысын институттау, тұрақты саяси плюрализм мен федерализмді қамтамасыз ету қажет еді. Алайда жүйе бұған дайын емес», — деді ол.

Батталованың пікірінше, реформа процедуралар мен форматтарды жаңартқанымен, биліктің негізгі құрылымына әсер етпейді. Ал өкілеттігін шартты түрде кеңейту оны дербес шешім қабылдайтын орталыққа айналдырмайды.

«Реформаның негізгі құрамы саяси ықпалды қайта бөлуге емес, баршаға белгілі қазіргі үлгіні жаңа талаптарға бейімдеуге бағытталған», — дейді ол.

Парламенттің жоғарғы сот және бақылау органдарындағы тағайындауға ықпал ету мүмкіндігі сырт қарағанда ғана өкілеттіліктің күшеюі сияқты көрінеді деп санайды саясаттанушы Камила Ковязина.

«Иә, парламенттің ықпалы артады, бірақ партиялардың қатысуы мен партиялық тізімдерге қатысты шешімдерді үкімет немесе президент қабылдайтын болса, онда мұның қандай мәні бар?» — дейді Ковязина.

Заң шығарушы органды реформалау саяси бәсекені күшейтуге де ықпал етпейді.

«Парламенттің ықпалы партиялар арасындағы бәсеке арқылы артуға тиіс деген болжам бар. Бірақ оған сену қиын, өйткені қазіргі партиялар “жоғарыдан” құрылады. Ал олардың бағдарлама құжаттары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленбейді», — дейді ол.

«Саяси бәсеке арта қоймас»

Бұрын жарияланған сайлау тәсілін аралас жүйеден (бір бөлігі тізім бойынша, екінші бөлігі бір мандатты округтерден сайланатын) пропорционал жүйеге өзгерту реформаның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып отыр. Айта кететіні, аралас жүйе Тоқаевтың шешімімен 2022 жылы қайта енгізіліп, 2023 жылғы парламент сайлауында тек бір рет қолданылған.

Ковязинаның айтуынша, бұған қайта оралу қоғамның саясатқа қатысуын арттыру орнына, керісінше, шектеуге әкеледі. Сайлауға қатысушылар парламент сайлауында бюллетеньдерде кандидаттардың атын көре алмайды. Оның орнына кандидаттардың тізімі жабық түрде жасалған партияларға дауыс беруге мәжбүр болады.

«Барлық күрес халықтың саясатқа араласуын қамтамасыз етуі мүмкін қоғамдық алаңда емес, қайтадан партия ішінде өтеді», — дейді ол.

Саясаттанушының пікірінше, мұның артында элиталардың саяси таңдауда өзін басқалардан үстем көретін патерналист көзқарасы жатыр.

«Өзгерісті ұсынғандарда мұны халықтың игілігі үшін жасап жатырмыз деген иллюзия бар. Жақсы шешім қабылдап жатырмыз деп ойлайды. Ал азаматтарды өзіне не керегі білмейтін, саясатқа араласа алмайтын, білімі жеткіліксіз, ақымақ санайды», — деп түсіндірді Ковязина.

Сарапшы ойын ережесінің үнемі өзгеруі мықты институттардың қалыптасуына кедергі келтіріп, тек теріс әсер ететінін атап өтті. Адамдар сайлау процесінің қалай ұйымдастырылғанын түсінбей шатасып, кейін сайлауға қатыспай қалуы мүмкін.

Батталованың бағалауы бойынша, Қазақстанда саяси бәсеке жоқ, сондықтан қазіргі парламенттік реформа оны дамыту мақсатында жүргізіле алмайды.

«Бүгін парламентте отырған өкілдігі бар кейбір партиялар халықпен жүйелі жұмыс жүргізбесе де, практикада парламентте өкілдікке ие болды. Партияларды басқару мен манипуляция жасау бұрынғы форматта жалғасады. Егер мақсат бәсекелестікті дамыту болса, саяси партиялар туралы заңға нақты өзгерістер енгізер еді», — деді ол.

Сонымен қатар Ковязина реформа әзірге айқын бір партиялы жүйені құруға бағытталып жатқан жоқ дейді. Әйтпесе, бұл парламенттің легитимділігін төмендетер еді.

«Қазіргі партиялардың саны халыққа бәсеке бар деген әсер қалдыру үшін жасалған. Партия ішінде де өзара бәсеке бар екенін көрсетуді көздейді. Егер барлық депутат Amanat партиясында жиналып алса, өз мүмкіндіктерін көрсетіп, мақсаттарына жетуге мүмкіндігі әлдеқайда аз болар еді», — дейді ол.

«Реформа парламентті емес, президент әкімшілігін өзгертуге бағытталған»

Батталованың айтуынша, парламентті қайта құру жоспары заң шығарушы органды өзгертуге емес, президент әкімшілігін күшейтуге бағытталған.

«Парламент реформасы іс жүзінде президент әкімшілігін қайта құруға ұласты. Менің ойымша, бұл басқару бағытындағы саналы шешім, өйткені биліктің негізгі орталығы дәл сол жерде орналасқан. Сол себепті өзгерістер әкімшіліктің кадрлық құрамына, жұмыс процедураларына және шешім қабылдау тәртібінің ішкі логикасына әсер етті», — дейді ол.

Батталова 1995 жылды парламент нақты функцияларынан айырылған сәт деп санайды. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Конституциясының екінші нұсқасын қабылдаған. Сарапшының айтуынша, сол тұста президент заң шығарушы органның кейбір өкілеттігін өзіне алған.

«Бұл өкілеттіктерді, толық болмаса да, парламентке қайтару қажет еді. Алайда оған тек процедуралық элементтері берілді. Қазіргі дейін парламенттің нақты өкілеттігі жоқ», — деп атап көрсетеді ол.

Сонымен қатар, Батталова Халық кеңесін құру арқылы сенаттың бірнеше функциясы, соның ішінде өңірлік және этникалық өкілдікке қатысты өкілеттіктер ауысқанын айтады. Бұл органның құрамы жабық түрде қалыптасады, ал оның мүшелері «жоғары жақ» берген рұқсатпен жұмыс істеп, толық адалдық көрсетуге тиіс болады.

«Халық кеңесінде қоғамның кеңінен қатысуы қарастырылмаған. Оның орнына жаңа бір палаталы парламентте азаматтық қоғаммен байланыс орнататын арнайы комитет құру керек еді», — дейді Батталова.

Вице-президент лауазымын енгізуді Тоқаев «мемлекетті басқару процесін тұрақтандыру» және «билік иерархиясын айқын көрсету» жолы деп түсіндірді.

Батталова бұл лауазымның қажеттігіне күмән келтіреді. Оның айтуынша, АҚШ-та вице-президент сенат спикері болып, биліктің ауысуын қамтамасыз етеді. Осылайша мерзімінен бұрын сайлау өткізуге жол бермейді. Форс-мажор жағдайларда дәл сол адам президенттің міндеттерін мерзім аяқталғанға дейін атқарады. Сондай-ақ оны азаматтар президентпен бірге бір күнде сайлайды.

Сарапшының пікірінше, бұл өзгерістер саяси жүйені қайта реттеу емес, биліктің жоғарғы деңгейіндегі рөлдерді қайта бөлумен шектеледі.

Ковязина вице-президент қызметі биліктің ауысу мәселесі парламенттен тыс, президенттік құрылым ішінде бекітілетінін атап өтті.

«Егер бұрын сенат спикері [күтпеген жағдайда] президенттің өкілетін атқарған болса, енді оны вице-президент атқарады. Бұл белгілі бір мүдде қақтығысын туындатады, өйткені сенат спикері орындаушы билік емес, заң шығарушы билік өкілі», — деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, екі сарапшы да реформаның соңғы нұсқасы әлі бекітілмегенін атап өтті. Өткен аптада Конституциялық реформаны талқылайтын комиссия жаңа Конституция жобасын таныстырды. 

Батталова реформаның негізгі параметрлері анық деп есептейді. Бұған жаңа парламенттегі депутаттар санының нақты көрсетілгені дәлел дейді ол. Дегенмен, Батталова қоғамның бұл процеске белсенді қатысуы маңызды деп есептейді.

Читайте на сайте