Новости по-русски

Тайқазан жасап, талайды таңғалдырған үржарлық зергер

Тайқазан жасап, талайды таңғалдырған үржарлық зергер

Алты ғасырлық тарихы бар алып Тайқазанның дәлме-дәл көшірмесін жасап жүрген шебер - Самат Құнанбаев деген азамат. Бүгінде ол жасаған алып тайқазандар еліміздің басты орындарының көркін кіргізіп тұр

Мәселен, жерлесіміз жасаған тайқазан астанадағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясының, Ақтаудағы "Тайқазан" мейрамханасының ажарын ашып тұр. 

 Тайқазан жарты ғасыр жат елде тұрды



Үлкендігі дүниежүзінде Гераттағы тайқазаннан кейін екінші орын алатын бұл жәдігеріміздің түпнұсқасы, өздеріңізге мәлім, Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде тұр. 1935 жылы бұл тайқазанды Санкт-Петербургтегі Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына алып кетеді. Елу жылдан астам уақыт сол жерде тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18-ші жұлдызында ғана елімізге қайтарылды. Ал енді осындай үлкен істі жүрегі дауалап жасап жүрген жігіт кім, қай жердің тумасы деген сауал көпшілігімізді қызықтыратыны рас. Самат Жамбылұлы Шығыс Қазақстан облысы бұрынғы Аягөз, бүгінгі Үржар ауданы Қарақол ауылында туып-өскен. Осындағы орта мектепті 1982 жылы бітірді. 
- Қасиетті тайқазанның дәлме-дәл көшірмесін жасау идеясы маған бірден келген жоқ. Әлі есімде, 1989 жылы Санк-Петербург қаласынан бұл жәдігерімізді Ресей Үкіметінің келісімімен алып келу барысын қазақ баспасөзі жарыса жазып, ерекше бір эйфориямен қарсы алдық емес пе... Дәл сол жылы менің жасым 23-те болатын. Елмен бірге менің де өзгеше толқығаным рас. Арада көп жылдар өткен соң осынау қасиетті ыдыстың көшірмесін астанада жасаймын деген ой, әлбетте, ол кезде келген жоқ, - дейді ол.
Өмір ағымы барысында адам басынан өтіп жататын қиыншылықтар кейіпкеріміз Саматты да айналып өтпеген. Жүйе ауысып, талайлар жүрген жолынан адасқан тоқсаныншы жылдардың топалаңы кезінде Саматтың да отбасын асырау мәселесі басты орынға шығып, шатқаяқтап қалғаны рас. Алайда тумысынан қайсар жігіт мойымады. Керісінше, өмір ағысына қарсы өршелене жүзді. 6 мың тұрғыны бар совхоздың бас экономисі болған әкесі Жамбыл Құнанбаев пен байырғы ұстаз, анасы Оралтай (Өкен) Тәуірбековадан алған үлгі-өнегесі оны адалдықтың ақ жолынан тайдырмады. Өмір жолындағы бұралаң соқпақтарын басып өткен шақтарда да бұлар тура жолдан ауытқымады. Қазір ойлап отырса, қоғамдағы ауыс-түйіс пен аласапыран қарбалас шақтарда тек бұл ғана емес, өзінен үлкен апайы Раушан, ағасы Қайрат та, інілері Талғат, Манат, Архат пен қарындасы Гауһар да біреудің ала жібін аттамапты.

- Тайқазан жасаудан басқа халқымыздың әшекей бұйымдары мен сырға, сақина, білезік, алқа, салпыншақ секілді өнер туындыларын жасап жүрмін, - дейді зергер. - Сондай-ақ, балдақ, белбеу, білезік, жүзік, күміс оймақ, қапсырма, қолтықша, өңіржиек, сәукеле, тана, тұмарша, түйме, түйреуіш, шашбау, шекелік, шолпы секілді бұйымдарды жасаймыз. Біздің халқымыз ежелден осындай жәдігерлерімен маңайымызға танымал болған ғой. Алайда басынан кешкен алмағайып замандар әсер етпей қоймаған. Барымызды бағалай алмай жүргеніміз өкінішті. Мен сізге біздің отбасымыз жайлы айта кетейін. Әкеміз Жамбыл Құнанбаев сол тұстағы Аягөз ауданы Қарақол асыл тұқымды қой совхозында бас экономист болды. Қыстамаға 100 мыңға дейін саулық қой кіретін шаруашылық үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүрді. Әлбетте, бұған әкемнің де қосқан үлесі аз болмағаны анық. Анам Өкен Тәуірбекова тарих сабағынан дәріс оқыды. Ол кісі қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Жасы 80-нен асып кетті. Айтпағым, осы кісілер бізге тәлімді тәрбие мен терең білім бермесе, мұндай жетістікке жете алмасымыз анық болатын. Сондықтан, ең алдымен әкем мен шешеме қарыздармыз. Әрине, қиыншылық болды. Соны біртіндеп жеңіп келе жатқан жайымыз бар. Әсіресе өнер саласы қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала ғой.


Қызметін құрылыстан бастаған 



Еңбек жолын туған ауылында құрылысшы болып бастаған жас жігіт Алматыдағы Д. Қонаев атындағы Заң институтын, кейін инновациялық Еуразия университетін тәмамдады. Бірер жыл Алматы зооветеринарлық инс-титуты жанындағы ғылыми-зерттеу секторында қызмет етті. Өмір ағысы оны 1999 жылы қызмет бабымен Астана қаласына қоныс аударуға мәжбүрледі. "Жақсы адамға қайда барса да бір кісілік орын бар" деген. Білімді де білікті жігіт бірден қолға алған шаруасын дөңгелетіп жібереді. Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты "Агрохимсервис" ұжымында коммерциялық директор болған ол бір жыл азық-түлік, астық сақтайтын "Продкорпорация" жабық акционерлік қоғамында қызмет атқарды. Бірнеше жыл "ТЭК Астана" ЖШС тобындағы "Транс Петролеум Групп" ассоциациясы жанармай базасының аймақтық директоры болды. Қазір "Аянат-С" ЖШС басшысы. Еліміздің жүрегі Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Ұлты, қазақтың салт-дәстүрі десе, ішкен асын жерге қоятын азамат еліміздің бүгінге жеткен жетістігіне шүкіршілік айтады.
- Бізді кейін өмір сүре алмай қалады деді ме, ата-анамыз Қарақол орта мектебінің орыс сыныбына беріпті. Үйдегілердің басым көпшілігі отбасында орысша шүлдірледік қой кезінде. Бір күні әкем қызметтен келіп, біздің орыс тілінде былдырлап жүргенімізге қынжылды. Ұлтының тілін мансұқ етіп, менсінбей жүрген өз перзенттеріне деген ащы запыраны бір сәтте бұрқ етті. Әлі есімде марқұм ызадан жарылардай болып, алақанымен үстелді қойып қалып: "Жетер енді! Бұдан былай бұл үйде тек қана өз тілдеріңде, қазақша ғана сөйлесесіңдер!", - деп ақырып қалды. Сосын дауысын бәсеңдетіп: "Айналайындар-ау, мына әжелеріңнен ұялсаңдаршы! Бұл кісі қазақ тілінен басқа тілді білмейді ғой...", - деді қынжылып. Сізге өтірік, маған шын, сол күннен бастап күні бүгінге дейін біз түгелдей өзара қазақша сөйлесеміз. Қалт етсек, әке аманатына қиянат жасайтындай секем аламыз.

 Азаматтығы бір төбе



- Самат қайда жүрсе де, қандай қызмет атқарса да адамгершілік қасиетінен айныған емес. Қашан көрсең де күлімдеген көздерінен шуақ шашып, маңайын нұрға бөлеп жүргені, - дейді оны танитындар мен жора-жолдастары ризашылықпен.
Иә, ең бастысы да сол: адамгершілік атты құндылықтан аттап кетпеу.

"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дегендей, достары да азаматтың асыл қасиетіне риза.
- Самат туралы көп нәрсе айтуға болады, - дейді шебер жігіттің досы Нұржан Оразбаев. - Мен оның, ең алдымен, азаматтығын баса айтар едім. Өнері мен үшін содан кейінгі мәселе. Ол ешқашан өтірік уәде бермейтін, айтқанын сол сәтінде орындайтын азамат. Сондықтан да оған Құдай берген деуге болады. Меніңше, мынандай алтын қолды азаматты бағалауымыз керек. Ол соған лайықты.
Досқа адал, туысқа мейірімді ол жұбайы Алина екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Олардың алдынан 6 немере көріп отырған ақар-шақар отбасы. Ақ жаулықты әже, асыл ана, ұлағатты ұстаз Өкен апай осы әулеттің ұйытқысы, ақылшысы. Жүрегіне ұялаған иманын бекіте түсу мақсатында ол Мекке, Мәдинеге барып, қажылық парызын да өтеп келді. Жалғыз барған жоқ. Анасы мен туған жеңгесінің шешесі, құдағиы Күлән апаны қоса ала барды. 
- Қазақ "анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаңбір түндік еңбегін өтей алмайсың" деген ғой. Ана алдындағы парызымның бір мысқалын өтей алам ба деген арман ғой, - дейді Сәкең қамығып...
Жұбайы Алина Бекежанқызы ҚР Президенті істері басқармасына (УДП) қарасты ауруханада дәрігер-кардиолог. Функционалды диагностика бөлімінде 1-дәрежелі тәжірибелі дәрігер. Жеті баланың үлкені Раушан Алматы облысының Үштөбе қаласында тұрады, тұрмыста. Әке жолын қуған ол теміржол саласында бухгалтер болса, одан кейінгі Қайрат Құнанбаев запастағы полковник. ҚР Әскери бас прокуратурасында орынбасарлыққа дейін көтерілген білікті заңгер. Өзінен кейінгі Талғат ауған соғысының ардагері, кәсіпкер. Манат Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше министрліктер мен Сенат ғимаратының ішкі безендіру жұмыстарына басшылық жасаған белгілі дизайнер. Гауһардың өзінің жиһаз жасайтын цехы бар, кәсіпкер. Отбасындағы ең кенжесі Архат мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері.

Читайте на 123ru.net