Новости по-русски

Қазақ хандығының батырлары

Қазақ хандығының батырлары

Елі мен жерінің қорғаны.
Жалмырза Тілеуліұлы (т. ө. ж. б.) – Ұзын Қыпшақтың Алтыс тармағынан. Әкесі Тілеулі батырға еріп, қалмақ, жоңғарларға қарсы жорықтарда қол бастап, әскерді қару-жарақ, малмен қамтамасыз етуді ұйымдастырушы. Осындай шаруақор, малжинағыштығы үшін ел оны Малтабар деп атап кетеді. Қазір ұрпақтары Жезқазған өңірінде. Өте қарулы, шапшаң қимылдайтын қылыштасу шайқасының шебері болыпты.

Жасыбай батыр – XVIII ғасырда өмір сүрген, орта жүздегі арғын тайпасының бәсентиін руынан. Әкесі Өмір от ауызды, орақ тілді шешен болған. Анасы – Олжабай батырдың апасы. Шежіре деректерінде «Олжабайдың жиені» деп жазылуының сыры осы. Інісі Байсары да батыр, жоңғарлармен шайқасқан. Жасыбай туралы Н. Я. Коншиннің жазбаларында, ел аузындағы «Ер Жасыбай» жыр-дастанында айтылады. Баянауыл өңірін қалмақтардан тазартуда үлкен ерлік көрсеткен. Баян тауының ол қорғаған жерлері «Жасыбай асуы», «Жасыбай көлі» деп аталады.

Жәнібек Қошқарұлы (Шақшақ Жәнібек) – арғын тайпасының момын руынан (1693–1752, Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Тосын құмы). Атасы Шақшақ Аманжолұлы «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған Есім ханның батырларының бірі. Жәнібектің бәйбішесі – Тұрсынбай датқаның, екінші әйелі – кіші жүз, алшын Әйтеке бидің, үшіншісі – қалмақ қонтайшысының, төртіншісі кіші жүз, керейіт Қосым батырдың қызы. Сүйегі Түркістанда жерленген. Жәнібек тархан туралы ең алғаш рет деректі туынды жазған журналист Болат Әлденов, Әбдірашит Бектемісов. Жангелдин ауданының орталығында батыр атындағы мұражай бар. Арқалық қаласында ескерткіш орнатылған. Торғай өңірінде Қыпшақ Тілеулі батырмен бірге ел мен жерге билік жүргізіп, халықты жоңғарлардан қорғаған.

Жолбарыс батыр (т. ө. ж. б.) – XVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың басында жоңғарлармен шайқасып, ерлік танытқан батыр, дулат тайпасынан. Әкесі Қарабек Өтеген батырдың сарбазы болған. Жоңғарлар мен Қоқан хандығына қарсы жорықтарға қатысқан.

Жолдыаяқ Тілеуұлы (1665, Ақтөбе облысы – 1684, Сайрам қаласы) – Кіші жүздің белгілі биі Тілеу Айтұлының баласы, Сайрам шайқасында ерекше ерлігімен абыройға бөленген батыр. Өзі сол шайқаста қаза табады. Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің жанында жерленді. Ұрпақтары Ақтөбе өңірінде тұрады, Түркістан қаласында әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқ атындағы көше бар.

Жолымбет Бортоғашұлы (шамамен XVI ғасырдың басы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы – XVII ғасырдың ортасы) – кіші жүздегі байұлының бір тармағы тана руынан. Кейбір әдебиеттерде есімі ағасы Жиембет жыраумен бірге айтылады, дейді зерттеушілер. Халық оны «Алшын Жолымбет» деп атаған. Есім ханның Ташкент, Бұхара, Самарқан қалаларына жасаған жорықтарында бас батырларының бірі болғандығы жөнінде деректер сақтаулы.

Келмембет Келдібайұлы (шамамен 1648–1773) – Кіші жүздегі Шөмекей руының бозғұл (бозғыл) аталығынан. Аңыз әңгімелерде Келмембет пен Әлдеберді батыр екеуінің есімі қатар аталып, құрметтеледі. Жау қамалын сарғасқа атымен бұзатындықтан, «Сарғасқа атты сарбаз» аталып кеткен. Молдахмет Дабылұлы (1893–1946) Келмембет батырға арнап дастан жазған. 1994 жылы Қызылорда қаласының орталығында оған ескерткіш орнатылып, ерлік істері туралы жеке жинақ (1998) жарық көрді.

Кетебай Жолайұлы (шамамен XVIII ғасырдың ортасында) – Ырғыз бен Торғай өңірінің маңайында туып-өскен батыр. Ералы сұлтанның баласы Темірмен бірге 1810 жылы қарақалпақтарды ығыстырады да, Кіші жүз қазақтарын Жаңадария мен Қуаңдария өзендері бойынан Қызылқұмға қарай қоныстандырады, Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойын жайлаған қазақтарды қоқандықтар мен хиуалықтардан қорғайды. Кетебай да, оның ұлы Өтетілеу мен немересі Пірәлі де би болған.

Көкенай Үмбетейұлы (XVII ғасырдың аяғы, Сыр бойы – XVIII ғасырдың ортасы, Түркістан қаласы) – арғын тайпасының тобықты руынан. Жоңғарлармен шайқаста қол бастайды. Сүйегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде. Әнет бабаны пір тұтқан. Мінезі қатал болыпты.

Қабанбай Қожақұлұлы (Қаракерей Қабанбай) – найман ішіндегі қаракерей руының байжігіт тармағынан (1692, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауы – 1770, сонда), азан шақырылып қойылған есімі – Ерасыл. Жеті жасқа толғанында әкесі Қожақұл, он алты жасқа келгенінде ағасы Есенбай жоңғарлардан қаза табады. Сонан соң 5–6 жыл бойы Зайсандағы керейлер ішіне кетеді, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болады. 1717 жылы Аягөз шайқасында ерлігімен аты шығады, батыр атанады. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай – Алакөл шайқасына қатысқан Абылай ханның бас батырларының бірі. Қырғыз батыры Қарабекті жекпе-жекте жеңіп, өзі де көз жұмады.

Қайдауыл Едігеұлы (1766, Ақтөбе облысының Шалқар ауданы – 1839) – шекті ішіндегі қырғыз тармағынан. 1787 жылы түрікпендер шапқыншылығында 250-дей жасағымен жауға қарсы тұрып, жекпе-жекте түрікпендердің 7 батырын жеңеді.
Қалдыбай Қангелдіұлы – қазақ ордасын жоңғар басқыншыларынан қорғауда ерекше көзге түскен. 1681–84 жылдары Сайрам маңындағы соғыстарда батырлық танытқаны әлі күнге дейін халық есінде. Пұсырманұлы Қарабас, Жарас батырлардың, шекті Мөңке бидің ұстазы. Түркістан қаласындағы бір көше оның есімімен аталады, заманында Өзбекстан жерінде ел де билеген.

Қапал батыр (1513, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Ленгер өңірі – 1606, Алматы облысының Ескелді ауданының Қоңыр ауылы) – Есім ханның тұсында өмір сүрген ұлыс бегі, қолбасы. Ұлы жүздегі дулат тайпасының жаныс руынан. Жетісу мен Сыр бойындағы соғыстарда Есімханда түменбасы болған. 2002 жылы зиратының басында үлкен кесене тұрғызылды, Шымкент қаласында ескерткіш орнатылды.

Қаптағай батыр (т. ө. ж. б.) – қазақ хандығын құруға қатысқан, XV ғасырда өмір сүрген. Соғыста есімі найман тайпасының ұранына айналған. Қаптағай деп аталатын да ру бар.

Қарабас батыр (т. ө. ж. б.) – Ашамайлы керейдің көшебе руынан. Атақты Толыбай сыншының баласы, Қожаберген жыраудың ағасы. XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың басындағы қазақ-қалмақ соғыстарына белсене араласады. Үшінші ұлы Дәстем, – әнші-күйші, ақын, сері.

Қарасай батыр Алтынайұлы (1589, Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Суықтөбе тауы – 1671, Көкшетау) – Жетісуда жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған. Алатау бөктерінде туып-өскен, ұлы жүздегі шапыраштының есқожа руынан. Суықтөбедегі жеңісінен кейін есімі шапыраштының, одан тарайтын рулардың ұранына айналады. Орбұлақ шайқасына қатысқан, дейді тарихшылар. Көкшетау жеріндегі ауыр шайқастардың бірінде жараланып, содан қайтыс болады. Сүйегі ұрыста өзімен бірге көз жұмған Ағынтай батырдың сүйегімен қоса жер қойнына берілген. 1999 жылы Петропавл қаласында Қарасай мен Ағынтай батырларға ескерткіш орнатылды.

Қастек Жарылғапұлы (т. ж. б. – 1723) – Наурызбай батыр әскерінің құрамында соғысқан батыр. Шапырашты тайпасының есқожа руынан. 1723 жылы тау ішіндегі соғыста жоңғарларды кейін шегіндіреді. Шайқас үстінде бірнеше жерінен оқ тиіп, шәйіт болады. Батыр өлген жер «қастек асуы» деп аталады.

Қожаберген Толыбайұлы (шамамен 1663, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе – Маманай өңірі – 1763, сонда) – жырау, батыр. Ашамайлы керейдің көшебе руының таузар әулетінен. Жастайынан нағашысы Жалаңтөс баһадүр Сейтқұлұлы ұрпақтарының қолында өседі. 1688 жылы Әз Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожабергенді ордабасы етіп сайлайды.

Қойгелді Сартұлы (1702–1795) – қолбасшы, ұлы жүздің дулат тайпасының шымыр руынан. Аңырақай шайқасына қатысып, 1734 жылы жоңғарлардың екінші шабуылында оңтүстік қазақтарының әскерін басқарады. Түркістанда жерленген.

Қошқарбай Сағалайұлы (1710 ж. ш. т. – 1758 ж. м. ө.) – қыпшақтардың құлан руынан. Омбының мемлекеттік мұрағатындағы Г. Н. Потаниннің, П. П. Семенов-Тян-Шанскийдің 1860 жылы жинаған мәліметтерінде оның жоңғарларды Омбыдан Обь өзеніне қарай ығыстырып қуғаны баяндалады. Абылай хан «Кіші батырым» деп құрметтепті. Денесі шойыннан құйылғандай сом, мол пішілген, төртпақ екен, бойы ортадан сәл аласалау болыпты.

Құлбаба батыр Құттықадамұлы – Ресейге барып зеңбірек құюды үйреніп келіп, қазақтарды от-қарумен қамтамасыз етеді. Ол Е. Пугачев көтерілісіне де қатысады. Челябі облысының қазақтары оны қыпшақтан шыққан дейді. Жағалбайлыдан болуы да мүмкін.

Құлбарақ Табылдыұлы (т. ж. б. – 1832 ж. ш. ө.) – кіші жүздегі беріш руынан. Хиуа хандығының озбырлығына қарсы күрескен қаһарман. Матай ақын ол туралы: «Батыр болып туыпты, Табылдыдан Құлбарақ, Алты сан Алаш жиылып, Кем деген жоқ бір қазақ», – деп жыр толғаған. Шайқаста қаза табады.

Малтабар батыр (шамамен 1680–1760) – ұлы жүздің жалайыр тайпасының шыршы-жақсымбет тармағынан. Қалмақ, жоңғар шапқыншылығында Ескелді Жылгелдіұлы, Балпық Дербісәлұлы, Құлжан батырлармен бірге Жетісу өңірін жаудан тазартады. Шежіреші, әңгімешіл болған кісі.

Малайсары тархан (XVIII ғасырда өмір сүрген) – Арғын тайпасының бәсентиін руынан. Әкесі Тоқтауыл түйені көтерген, өзіне қарсы шапқан жолбарысты жарып өлтірген ержүрек. Малайсары өз руының старшыны да болады. Абылай ханды тұтқыннан босатуға ерекше еңбек сіңіріп, тархан атағын алады.

Маңдай батыр Байдәулетұлы – ұзын қыпшақтың алтыбас тармағынан. Тәттіқара жыраудың бір толғауында «Деріпсәлі, Маңдайды айт, қыпшақтағы» деп жырланады. Зираты Қостанай облысының Меңдіқара ауданына қарасты Алқау ауылына жақын маңайда. Облыс орталығындағы мешіт Маңдай батыр есімімен аталады.

Мәмбет Күнбасұлы (шамамен 1711–1808, Жамбыл облысы) – Абылай ханның жорықтас серігі болған батыр, дейді тарихшылар. Бұқар жыраудың «Қалданменен ұрысып» деген толғауында оның есімі басқа батырлармен бірге аталады. Мазары Талас өзенінің бойында Абылайды жоңғар тұтқынынан алып шыққан отыз бес қазақтың ішінде Сеңкібай, Шойбек батырлармен бірге болды, деген де деректер айтылады.

Мерген Бабасұлы (1691–1754) – тоқал арғынның әйдерке руынан. Азан шақырып қойылған аты – Теңізбай. Жастайынан жаужүрек батыл, құралайды көзден ататын мерген болғандықтан, есімі Мерген аталып, өзінен тараған ұрпақтары да мерген руы деп айтылып, жазылып, тарихта қалды. Бәйбішесі – дулат Қойгелді батырдың апасы. Аңырақай шайқасында ауыр жарақаттанады. Ә. Әлімжанов «Жаушы» романында оның бәсентиін Малайсарымен бірге ұлы жүз руларын жаудан азат етуде қанды шайқастарда қаһармандық көрсеткенін жазады. Мәйіті Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде. Батырдың ұлы Ба ймырза да жоңғарға қарсы шайқасқа 13 жасынан қатысқан батыр. Мерген әрі әділ би болған тарихи тұлға.

Назар (т. ө. ж. б.) – кіші жүздің адай руынан. 1726 жылы Әбілқайыр, Сәмеке хандармен Барақ, Есім сұлтандар 10 мың жасақпен қалмақ хандығына басып кіргенде, қол басқарған.

Нарынбай Жанкөбекұлы (XVII ғасырдың бас кезі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы – XVIII ғасырдың соңы, Ташкент қаласының маңы) – батыр, би. Тәуке хан тұсындағы шайқастарда ерлігі елге танылады. Қазақ хандығына қараған Ташкенттің он екі қақпасының біріне бек болып та тағайындалады. Ақын Д. Бабатайұлы жырға қосқан.

Наурызбай Құтпанбетұлы (1706, Алматы облысының Жамбыл ауданы – 1781, сонда, Дегерес ауылы маңы) – ұлы жүздегі шапыраштының төлеміс руынан. Ел аузындағы естеліктерде, көптеген тарихи шығармаларда Шапырашты Наурызбай деген атпен мәлім. 1729 жылы Аңырақай шайқасында шапырашты жасағына басшылық жасайды. Соғыста Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген бауырлары шәйіт болады. Жоңғардың Шамалған, Қаскелең есімді батырларын жекпе-жекте өлтіреді. 1748–53 жылдары бәсентиін Малайсары, қыстық Малай, шапырашты Қасқары батырлармен бірге Шығыс Қазақстанды, Жетісуды жаудан азат етуге қатысады.

Олжабай Толыбайұлы (Төлебайұлы) (1709–1785, Ақмола облысының Ерейментауындағы Сілеті өзенінің бойы) – орта жүздің сүйіндік руынан. Шешесі Төле бидің туысқаны Қаратайдың қызы, әкесі Тәуке ханның биі. Нағашысы Қаратай батырдың тәрбиесінде өседі. Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған. Абылай оны «Ер Олжабай», «Қу Жарғақ» (оқ тимейтіндіктен) деп атапты. Ә. Марғұлан шөпшегі, О. Сүлейменов жетінші ұрпағы.
Оразкелді (т. ө. ж. б.) – ұлы жүз ханы Жолбарыстың батыры әрі елшісі болған адам. Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Хиуа қаласы мен Ресей арасындағы байланысты жандандырушылардың бірі.

Орақты Әлшағырұлы (шамамен 1420–1501) – ұлы жүздің жалайыр руынан. Керей мен Жәнібектің замандасы, ойраттарға қарсы шайқастарға қатысады. Ерлігін Сүйінбай, Бақтыбайлар жырлаған, халық ақыны Қ. Жапсарбаевтың «Орақты батыр» деген дастаны бар.

Өтеген Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) (1699, Шу өзені бойындағы Изенді өңірі – 1773, Іле өзені бойыдағы Шолақтау, Шеңгелді өңірі) – ұлы жүздің дулат тайпасынан. Бабасы Сырымбет те батыр болған. Өтеген қалмақтың Ботхишар, Сабан Тайшық деген батырларын жекпе-жекте жеңеді, сүйегі Қордай ауданында.

Өтел батыр Төлекұлы (т. ө. ж. б.) – қыпшақ тайпасынан, Сүйегі Қожа Ахмет Иассауидің кесенесінде. Бұхар жырау ол жөнінде Абылай ханға былай деген:
...Еліңді жаудан қорғаған,
Ер Төлектің баласы
Өтел батыр өтті дүниеден,
Қазақтың асқан данасы.

Райымбек Түкеұлы (1705, қазіргі Алматы облысы – 1785, Алматы) – ұлы жүздегі албанның алжан руының сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді де батыр. Райымбек қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер есімді батырларын жекпе-жекте жеңеді. Көзі тірісінде-ақ көріпкел, әулие атанған, есімі албан тайпасының ұранына айналған. М. Мақатаев «Райымбек, Райымбек» атты поэма жазған. Бейіті Алматы қаласындағы оның атымен аталатын даңғылдың бойында.

Сабытай батыр (т. ө. ж. б.) – кіші жүздің адай руынан. Кіші жүз қазақтарының «Сауран айналған» оқиғасы кезінде Ер Жәнібектің жоңғарларға қарсы қимылын белсенді түрде қолдайды, Әбілқайыр ханның сыртқы саясатына да жан-жақты көмек көрсетеді. Жоңғарлармен болған ондаған атақты шайқастарда соғысады.

Саңырық Тоқтыбайұлы (1691 – ө. ж. б.) – ұлы жүздегі ошақты руының тасжүрек атасынан. Шешесі жағынан кіші жүз Тайлақ батырдың немере жиені. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында есімі аталады. Аңырақай шайқасында садақшылар жасағын басқарады.

Сартай Байжанұлы (шамамен 1711–1785) кіші жүздің әліміндегі жақайым аталығынан. Ерлігі Нұрмағамбет Қосжанұлының «Сартай батыр» дастанында айтылады. Ол әрі би болған. Өз өсиеті бойынша сүйегі Қазалы қаласының оңтүстігіндегі Қызылдың құмындағы Қасым қожа қорымына жерленеді. Дастанда мың бала жасағын басқарып, Әбілқайыр ханның жасағында болғандығы жырланады. Осы дастаны үшін Н. Қосжанұлы 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге түседі.

Саурық Қайдауылұлы (шамамен 1670, Талдықорған өңірі – 1740, Алматы облысының Райымбек ауданы) – қолбасшы, мәмлегер, батыр. Ұлы жүздегі жалайыр тайпасының аңдас руынан. 1723–40 жылдар аяғындағы қазақ-жоңғар соғыстарының бәрінде де шайқасады. Аңырақай шайқасында ұлы жүз қолына тікелей қолбасшылық жасады, деген де деректер бар.

Саурық Ыстамбекұлы (1814, қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданы – 1854, сонда) – ұлы жүздің шапырашты тайпасының есқожа руынан. Қарасай батырдың алтыншы ұрпағы. Қоқан ханының езгісіне қарсы күреседі.

Саурық Алпарұлы (т. ж. б., қазіргі Алматы облысының Райымбек ауданы – 1871, ҚХР, Суасу) – патшалық Ресейдің Жетісуды отарлауына қарсы шыққан батыр.

Читайте на 123ru.net