Новости по-русски

Қазақ хандығының батырлары

Қазақ хандығының батырлары

Елі мен жерінің қорғаны
(Жалғасы. Басы газетіміздің өткен нөмірлерінде).

Сәрке Өмірқұлұлы (шамамен 1680–1724) – кіші жүздің табын руынан. 16–17 жасында-ақ Ырғыз өңірінде қалмақтармен шайқасқа шығады. Әрі палуан болыпты. Құба қалмақ, башқұрттармен болған ұрыстарда ерлік көрсетіп, есімі табын руының ұранына айналады. Оның қарындасы Қарқарадан Асау Барақ есімді батыр туған.

Сәтбек батыр (т. ө. ж. б.) – XVI ғасырда өмір сүрген, Сібір хандығына шабуыл жасаған Ермакты өлтірген (аңыз әңгімелер бойынша). Ол жөнінде ақын Сапарғали Қуанышұлының «Ер Сәтбек» деген дастаны бар.

Сыпатай Әлібекұлы (1782, қазіргі Жамбыл облысының Мерке ауданы – 1868, сонда) – Ұлы жүздегі ботбай руынан. Қоқан хандығының басқыншылығына қарсы күрескен.

Сыпатай Саурықұлы (1837 – қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданы – 1899, сонда) – ұлы жүздің шапырашты руының есқожа тармағынан. 1860 жылы қоқан әскеріне қарсы Ұзынағаш шайқасына қатысады.

Сырлыбай Қожасұлы (т. ө. ж. б.) – кіші жүздің шекті руынан. Әбілқайыр ханға келген Ресей елшісі М. Тевкелевтің отаршылдық пиғылына ең бірінші қарсы шыққан батыр.

Сырымбет (т. ө. ж. б.) батыр – әрі би болған. Арғын ішіндегі бәсентиін руынан. Жоңғарлармен шайқаста Абылай ханмен, Баян, Малайсары батырлармен бірге көптеген ерлік жасайды. Ш. Уәлиханов өзінің «Исторические предания о батырах XVIII века» деген еңбегінде ол туралы деректерді Тәттіқара ақыннан алғандығын айтады. Сырымбет Байқозыұлы, Сырымбет Бекбасұлы дейтін де билер бар.

Сығай батыр Алтысұлы (т. ө. ж. б.) – Ұзын Қыпшақ Ақсиық тармағынан. Тарихта қарадан шығып хан атанған батыр. Халық оны «хан Сығай» деп атаған. Жорыққа шыққанында, ел аралағанында қасына інілерінен, ұлдарынан, немерелерінен 40 батыр жігітті ертіп жүреді екен. Бәрі де – өз әулетінің ержүрек, шабандоз, мерген, найзагер, қылыштасу өнерінің шеберлері атанған ұрпақтары. Содан халық Сығайдан тараған руды «Қырық жігіт» деп те атап, кейін ол Қыржігіт болып жазылып жүр. Қазір Сығай ұрпақтары өсіп-өнген үлкен рулы ел.
Қалмақ, жоңғарлармен болған шайқастарда бірнеше рет жекпе-жекке шығып, жаудың басын жерге домалатады. Қылыштасудың хас шебері екен, заманында оны бес қарудың осы түрінен қалмақ та, қазақ та күш сынасқанда жеңе алмапты. Және де жастайынан ақыл-парасатқа бай, көреген, данагөй болыпты. Бұл жөнінде құранқари Файзолла ишан Сатыбалдыұлының мынандай бір естелік әңгімесі де сақталған:
«...Алтыс баба тоқсан үш жасқа келгенінде көзі көрмей, қатты қапаланады. Арты ауруға ұласады. Бір күні балаларын жанына шақырса, Келімбеттен басқа балалары – Сығай, Құлдербіс, Өзден (Өзен) жорықта, Самар, Бөкей қырдағы малда жүрген болып шығады. Сонан соң әулет абызы өз ойын үлкен ұлына айтады:
– Мен ертең дәл осы уақытта мына фәниден бақиға көшемін, – деп сөз бастайды. Саған айтатын өтінішім: ертең сәске түстен кейін мені есіктің алдындағы үлкен төбеге шығарып, жылқы табынымнан үш түрлі жылқы үйірін шапқызып өткізіңдер. Жасымнан жылқы жалын тартып өскен адаммын ғой, әрі бәрі де өзімнің ақ-адал еңбегіммен жиналған малым ғой. Төрт түлік төресінің дүбірін естіп, иісін жұтып, жалған дүниедегі сапарымды аяқтайын...»
Келімбет табында жатқан көп жылқыға баруға ерініп, адам жіберуге құлықсыз болып, ауыл маңындағы 200-дей жылқыны әкесінің алдынан үш бөліп өткізумен ғана шектелгісі келеді. «Бәрі-бір көзі көрмейді ғой, табыннан әкелмегенімді қайдан білсін», – деп ойлайды.
Келесі күні Келімбет әкесін биік төбенің басына көтеріп апарып, алдынан жылқыларды өткізіп, оның өтінішін бұлжытпай орындағандай сыңай танытады. Дала данагөйі үндемей, үйіне келген соң кіші әйелі Қарашашқа оңашада былай дейді:
– Жаңа Келімбет менің алдымнан Кершолақ айғырдың ғана тұқымын өткізгені қалай... Оның үйірін жылқылардың кісінеген дауысы мен тұяқтарының дүрсілінен таныдым. Адамға бақ та, бақыт та ниетіне қарай беріледі, деуші еді. Сірә, Келімбеттің соңындағы ұрпақтары Кершолақтың құйрығындай көп өспейтін шығар...
Алтыс ата ұлының қылығына қапаланған қалпы көз жұмады. Ағайын-туыс қырқын да беріп болғанында барып, жорықтан үш ұлы аман-сау елге оралады. Келімбет әкесінің аманатымен алдынан үш үйір жылқыны өткізгенін айтады. Жиналған жұрт: «Жасарын жасап, асарын асап, жүзге жақындаған адамның не арманы болушы еді, ешқандай өсиет те айтқан жоқ», – дейді. Ағасы мен інілері де оларды қостайды. Сонда Сығай батыр ағайын, туған-туыстарға қарап:
– Оу, ағайын! Алтыс әкеміздің аманатын түсінбепсіңдер ғой, – дейді. Өлерінен бір күн бұрын үш түрлі жылқының үйірін алдымнан өткіз дегені – бір жылдан соң үш жүздің баласының басын қосып, осы биік төбеде асымды беріңдер, – дегені ғой. Кәнеки, ертеңнен бастап үш жүзге сауын айтып, асын беруге дайындалыңыздар!
Сығай бастаған батырлар жасағы жорықтардың бірінде қалмақтармен бетпе-бет келіп қалады. Екі жақ та соғысуға дайындалады. Қалмақ әскерінің басшысы Сығай батырды танып, мәмілеге шақырады:
– Бізбен соғысқалы тұрған Сығай батыр сенің жасағың екен. Бауырың Құлдербістің де батырлығына тәнті едік. Бірақта түрін танымаймыз. Құлдербіс екеуміз қару-жарақсыз ортаға шығып, төс қағыстырып, бітімге келейік те, қан төкпей тарқасайық, – дейді.
Құлдербіс сауыт-сайманын шешініп, жалаң жейдемен ортаға шыққалы жатқанында оны Сығай батыр тоқтатады.
– Қалмақ батыры қулық жасап тұр, – дейді. Ол саған жеңіне кездігін тығып келеді. Сен де қанжарыңды жеңіңе тығып апар да, төс түйістірер кезде нақ жүрегінен қада. Сол кезде біз де лап қоятын боламыз.
Сығайдың айтқаны шын екен. Құлдербіс қалмақ батырымен құшақтасар сәтте шапшаң қимылдап, қанжарын жау жүрегіне қадағанында, оның жеңіне жасырып алып келген кездігі де жарқ етіп жерге түседі. Сығай батырдың қырық баһадүрі бастаған жасағы басшысы өліп, абдырап сасқан қалмақтарға ес жиғызбай, тұс-тұстан соққы беріп, тас-талқанын шығарады. Осындай көрегендік ақыл-парасаты өте мол болғандықтан, Қыпшақ халқы оны өздеріне хан етіп сайлайды.
Сығай батырдан – Жанан, мұнан – Малай, одан Әжбәмбет, Бөлтекей тараса, Бөлтекейдің ұлы Ағыбай да батыр болған.

Ағыбай Бөлтекейұлы – халық Ақбура атап кеткен батыр. Жауға қарсы шапқанында қаһарлана айқайлайтын көрінеді. Сонда аузынан ақ көбік шашылады екен. Ақбура аталуының сыры осы. Ағыбай Тілеулі батырмен бірге ұлы жүздің жерін қалмақ, жоңғарлардан тазартуда үлкен ерлік көрсетіп, Әбілқайыр ханға еріп, Алатау жаққа дейін барады. Сол жорықта халықтың қалауымен Сайрам жерінде тұрақтап қалып, жастарды әскери-соғыс өнеріне үйретеді. Сүйегі Сайрам қаласының жанындағы мұсылмандар қорымында. Торғай өңірінен Сатыбалды ишан Сайрамға барып, Ағыбайдың ұрпақтарымен танысып, сол жердегі мешітте имам да болған еді.

Тазабек Пұсырманұлы (1800, Алматы облысының Райымбек ауданының Қарқара өңірі – 1871, Верный қаласы) – әрі батыр, әрі би. Албан руының Жәнібек аталығынан. Саурық батырмен бірге Ресейдің отарлаушылығына қарсы тұрған.

Тайлақ Мәтіұлы (т. ө. Ж. б.) – XVIII ғасырда өмір сүрген, кіші жүздің жетіруынан. Әбілқайыр ханмен құрдас, ақылшы-кеңесшісі болған. 1726 жылғы Ордабасы жиынында кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Саңырық батырмен бірге шайқасқан. Ә. Кекілбаевтің «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984), Ә. Әлімжановтың «Жаушы», С. Сматаевтың «Елім-ай» (1978, 1980) атты кітаптарында ерлігі баяндалады.

Тәттібай Есімбекұлы (т. ө. ж. б.) – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқан. Орта жүздегі найманның матайынан. Абылай ханның замандасы, шайқасқа 12 жасынан қатысады. Сара Тастанбекқызының «Қош бол, елім» өлеңінде бұл ерлігі бейнеленген.

Текей Қарпықұлы (шамамен 1679–1764) – қолбасшы, кіші жүздің кете руынан, палуан да болған. М. Исаев ол жөнінде «Әз Тәукенің Текей батыры» деген кітап шығарған (1994). Есімі Иассауи кесенесіндегі хан, би, батырлар тізімінде тұр.

Тоғанас Бәйтікұлы (1813–1864/67) – кіші жүздегі шөмекей руынан. Хиуа, Қоқан хандарының озбырлығына қарсы күрескен, түрікпен бектерімен де елі үшін соғысқан.

Тоқтар батыр (т. ө. ж. б.) – кіші жүздің шеркеш руынан. Көп жылдар бойы Еділ қалмақтарымен соғысады. Ресейдің Жайық бойсын отарлауына қарсы шығады.

Төлебай батыр (т. ө. ж. б.) – Қабанбай батырдан мүшел жас кіші, найман тайпасындағы садыр руының қанай атасынан. 2 жыл қалмақ тұтқынында да болады. Кейін мыңбасы болып, жекпе-жекпен аты шығады.

Төлек батыр (т. ө. ж. б.) – қолбасы, XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүреді. Ақын Тілеміс Есболұлы ерлік істерін жырлаған.

Түгел батыр Өтемісұлы – есімі Павлодар, Көкшетау, Омбы, Ақмола облыстарына кеңінен таныс. Батырдың тоғыз әйелінен өмірге келген 16 ұлдың ұрпақтары осы өңірлерде тұрады. Түгел батырдың қалың елге әйгілі ұрпақтары: Байсерке абыз, Таймас әулие, Аманжол батыр, Көптүр қажы, Мәлік шешен, Сағалбай Жанабаев, Кеңес Әубәкіров. Түгел батыр сөзге шешен, дәулеті мол, парасатты жан да болыпты. Ертіс өңірінде қыпшақтан шыққан батырлар, Түгел Өтемісұлы, Жойсандық, Мойнақ, Қошқарбай, Жазы, Қарабатыр, Лепес, Шақ, Өтел, Қожабергендер бірлесе қалмақ, жоңғарларға қарсы тұрған. Бұл аймақта олар қырған қалмақ моласы деген де жер бар. Түгел батыр Қыпшақтың бұлтың аталығынан.

Түгел Ақжігітұлы (т. ө. ж. б.) – Бейімбет Майлиннің түп атасы, Қыпшақтың Қарабалық тармағынан. Ақжігіттің келіншегі босанып, ұл тапқанында ағайын, туыс сәбиге қандай ат қоярын білмей көп ойланады. Бұлар хан ордасына жақын тұрған екен, мұны хан да естіп, былай дейді: «Ақжігіттің баласы маған да бала болады. Ендеше баланың атын өзім қоямын. Есімі Түгел болсын, төрт құбыламызды түгендеп жүрсін!» Түгел ер жетіп, ерлігімен елге танылады. Қысылтаяң бір шайқаста жау қашырған амалына риза болған Абылай хан оған: «Қалауыңды айт, сұрасаң бағымды да, тағымды да берейін», – дейді. Оған Түгел батыр: «Тағыңызды қайтейін, тақсыр, маған бағыңыз да жетеді. Алайда Аллаһ Тағаланың берген бағы басыңыздан таймасын», – деп жауап қайтарады.

Тіленші Тоқбайұлы (1746–1844) – әрі батыр, әрі би. Атасы Бертіс Қожығырұлы да батыр болған деседі. Тіленшінің Еділ қалмақтарынан тазартқан аймағы – жеріміздің Батыс бөлігі.

Тілеу Айтұлы (1630, қазіргі Ақтөбе облысы – 1684, Сайрам қаласы). Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы, Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде Тәуке хан, сұпы Әжіні пір етіп, сайлауға қатысады. 1681–84 жылдары жоңғарлармен болған Сайрам соғысына 17 мың қолды басқарып барады. 1684 жылы Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста ұлы Жолдаяқпен бірге қаза табады. Екеуінің де сүйегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде. Кіші жүздегі рулы ел Тілеу есімімен аталады. Тікелей ұрпақтары: Қаражігіт молда Бектауұлы, Мырзағұл би Жұманұлы, Достан би Тәңірбергенұлы, Сарышолақ шайыр, Сары Батақұлы, Таразы ақын, жазушы Тахауи Ахтанов, сайясаткер Марат Тәжин.

Тілеулі Әбдірахманұлы – Қобыланды батырдың оныншы ұрпағы, арғы ұлы аталары: Сәулім батыр (Сүлімалып), Ақкөбекалып батыр (Көбекалып), Ойбас батыр. Әкесінің әкесі Әлібек те батырлығы мен атақ-даңқы алты алашқа жайылған баһадүр. Өзінің кіндігінен тараған ұрпақтарының ішінде Атағозы, Дәуітбай, Еламан, Ергөз де батыр атанған ел мен жердің тірегі. Жұбайы Жапалақтан жарық көрген Нияз Абылай ханның төбе биі, батыр болса, Нияз бидің ұрпағы Әбдіғапар Жанбосынұлы 1916–1917 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісін басқарды. Бұлардан басқа да Тілеулінің әулетінде батыр, қолбасшы болғандар аз емес. Сол себепті ерте кезден-ақ, Тілеулі батырдың әулетін хандар да, халық та «шынжырлы тұқым» деп айрықша құрметтеп, қастерлеген.
Жаугершілік заманда батырлар үшін әскери кәсіп ата-кәсіп саналды, әкеден балаға мұра болып қалды. Олардың әулетінде туған бала жастайынан әскери соғыс өнеріне жаттықты, бозбала шағынан жорықтарға қатысты. Қазақта мұндай әулетті «шыңжырлы тұқым» деп атады. (ҚҰЭ, 9 том, 603 бетте, Алматы – 2007 жыл). Осылай батырлық атакәсіптің батырлар әулетінде ұрпағынан ұрпаққа жалғасуы «шынжыры үзілмеу» деп аталып, атакәсіптің (батырлықтың) жалғаспауы масқаралық саналды. Тілеулі батыр жастайынан «шынжырлы ер» деген атаққа ие болып, ұрпақтары «шынжыры үзілмеген» әулет деп ерекше құрметтелді, қашанда қай-қайсысына төрден орын берілді.
Тілеулі батыр 1960 жылы Торғай өлкесінде туған. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қалың қыпшақ қолы басқарды, 1710 жылы үш жүздің Қарақұмдағы халық құрылтайына қатысып, батырлар мен хан, сұлтандарды қалмаққа бағынбауға, жауға қарсы шайқасуға шақырды, 1723 жылы Талас өзені бойындағы Бұланты-Білеуті, Аңырақай шайқастарда таңғажайып ерлік көрсетіп, жекпе-жекте жоңғар батырларын жеңіп, атағы алты алашқа жайылды. Әбілқайыр ханға қарулы жасақ құруға белсенді түрде жәрдемдесті. Тама Есет батырмен жас айырмашылығына қарамастан, дос болып өмірден өтті. 1738 жылы Орта жүз рулары Ресейдің қоластына өткенінде қырық алтыншы болып антқа қол қойды. Асқан қонақжайлылығына Шақшақ Жәнібек тәнті болып, әйелі Нәнжілге ақ батасын берді. Бейіті Ақтөбе қаласынан 18 шақырым жердегі «Бестамақ» елді мекеніндегі мұсылмандар қорымында, досы Есет батырдың жанында. Ол Ор өзенінің бойындағы жорықтардың бірінде қайтыс болды. Жезқазған қаласында Тілеулі батыр атындағы көше бар, Ұлытаудағы Бұланты шайқасы болған жерде оған ескерткіш тақта орнатылды. М. Сүлейменнің «Тілеулі батыр, Нияз би» атты тарихи монографиясы бар.
Тілеулі батырдың тоғыз әйелінен қалың рулы ел тарайды. Олар: Малтабар, Атақозы, Таңат, Дәуітбай, Нияз, Қосағал, Жоламан, Нарымбай, Толыбай, Бүркітбай, Еламан, Едіге, Жайықбай, Айдапсал, Тастемір.

Үмбетей Байсейітұлы (т. ө. ж. б.) – орта жүздегі арғын тайпасынан. Ұлдары Жасыбай, Аранбай жоңғар шапқыншылығында қаза табады. Жиенбай, Аралбай есімді ұлдары Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінде көз жұмды. Жоңғар соғысындағы батырлығы әлі күнге дейін ел есінде. Үмбетей Ахмет Байтұрсыновтың арғы атасы.

Хангелді Сырымбетұлы (шамамен 1688/90–1760/63) – Ұлы жүздегі албан тайпасының алжан руынан. Батырлармен тізе қосып, қол басқарды, Аңырақай шайқасында Албан жасағына басшылық жасап, ерлікпен шайқасты. Сол соғыстарда әкесімен бірге ұлы Тілеуке, немересі Райымбек батыр жауға шапты. Қытай деректерінде Хангелді батырдың Жауғаш батырмен қытайдың шекара әкімшілігіне барғаны баяндалады. Абылай ханды жоңғарлардың тұтқынынан босатуға барған тоқсан адамның ішінде болады.

Шабай батыр Қонысұлы (1768, Маңғыстау, Сам өңірі – 1846) – кіші жүздің адай руының құнанырыс тармағынан. Ерлігі айтылатын шайқастар: Орал казактарымен, Еділ қалмақтарымен, Хиуа жасақтарымен, түркімендермен болған соғыстарда. Балалары Сүгір мен Есен де батыр болған. Батырлық ұрпақтары Бердәулет пен Жоламанға да дарыған.

Шағырай Мырзагелдіұлы (шамамен 1780, қазіргі Қызылорда облысының «Қазақ» өңірі – 1848/50, Қуаңдария өзенінің маңы) – кіші жүздегі әлім тайпасының қарасақал руынан. Қол бастап, билік жүргізген. Ерлік істері Жанқожа туралы мұрағат құжаттарында, Төре Мұрат жыраудың толғауларында, ақын Бегежан Наурызбайұлының «Тоғанас батыр» дастанында суреттеледі.

Шағыр Айтұлы (т. ө. ж. б.) – орта жүздің найман руының қаракерей аталығынан. XVII ғасырда Өр Алтайды жоңғарлардан тазартуға қатысады. Қарақожамбет елінің жасағын басқарады. Жауға шапқанда өз атын айтып ұрандайды. Содан «Сегіз Шағыр» аталған, ол ұрпақтарының да ұранына айналады.

Шақантай батыр Жауғашарұлы (1706–1791) – орта жүздегі керей тайпасынан. 14 жасынан бастап жоңғарларға қарсы күреске соңына дейін қатысады. 34 шайқаста ерлік көрсетеді. 1724 жылы Қабанбайдың 30 мың әскері Аягөз өзенінің бойында жоңғарлармен шайқасқанда жоңғар батырын жекпе-жекте өлтіріп, батыр атанады. Ақын Кеңесжан Шалқарұлының «Шақантай батыр» атты дастаны баспадан шыққан.

Шақшақ Көшекұлы (1740, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданының Майбалық ауылына жақын жердегі Қыстау – 1837, сонда) – орта жүздегі ашамайлы керейдің Көшебе руынан. Жоңғарларға, Еділ қалмақтарына қарсы шайқастарда әуелі жүзбасы, сосын мыңбасы болады, 1819 жылға дейін керей, уақ тайпаларына билік жүргізеді, Әділ би атанады. Кейін старшина болып сайланады. Шақшақтың соңыңда «Ақтық пен шақтық» деген өлеңі қалған.

Шерубай Биболдыұлы (1693–1742) – Қарағанды облысының Топар кентінің маңында туып-өскен. Жоңғарларға қарсы орта жүз халқын көтеріп, ту ұстап, жауға шабады. Қарағанды жеріндегі бір өзен Шерубайнұра есіміне ие.

Шоқпар Жауқаштыұлы (шамамен 1691 – ө. ж. б.) – орта жүздегі арғынның қаржас руынан. Сүйіндік-қаржас жасағын басқарып, жоңғарлардан Баянауланы, Желтауды, Қызылтау сілемдерін азат етеді. 1756 жылы қашқан жау Баянауыл мен Ертіс аралығындағы Серектас тауына тығылғанында, Шоқпар батырдың ақылымен Олжабай бастаған қазақ қолы жоңғарларды алдап, қырға алып шығады да қырып тастайды. Сол шайқас өткен жердің қазіргі атауы – «Қалмаққырылған».

Шоңай Қожамқұлұлы (шамамен 1700, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданы – 1760/70, сонда) – орта жүздегі найманның матай руынан. Жастай жетім қалып, Бөрібай батырдың тәрбиесінде өседі. Жоңғарлармен болған алғашқы ұрыста матай қолын басқарды, найман қолын бастаған Қабанбайдың оң қолы болып, Аңырақай шайқасында талай жауды жер жастандырды.

Ырыскелді (т. ө. ж. б.) – батыр, елші. 1733 жылы Ұлы жүз елшілігі құрамында (Аралбай екеуі) кіші жүз ханы Әбілқайырға, сосын Ресейге барып қайтады. Ресми деректерде 1738 жылғы қыркүйекте кіші жүздің Ресей азаматтығын қабылдау саясатына да барып қатысады.

Читайте на 123ru.net