Новости по-русски

Әдемі ат әбзелдері

Әдемі ат әбзелдері

Ер-тұрман түрлері.
Қазақ жылқысы қандай сұлу болса, бұрындары тағасынан бастап ер-тұрман, әбзелдеріне дейін өте әсем, ыңғайлы да берік болатын. Бұл бұйым, заттардың қай-қайсы да қолөнер шеберлерінің – ұста, зергер, ерші, былғарышылар мен оюшылардың, ісмер, киіз басушылардың көркем туындылары, халық мәдениетінің ескерткіштері болып та саналатын-ды. Және әрбірі ат, тұлпар, жылқы иесінің дене тұрқы мен қылқұйрықтыларының түр-түсі, тұқымына сәйкес жасалатын еді.
Ежелден көшпелі тірлік кешіп, малбаққан, елін, жерін түрлі шапқыншылық пен барымта, қарымтадан қорғаған, кеңбайтақ даласындағы туған-туыс, ағайындармен алыста жатса да араласып, қарым-қатынас жасаған қазақтың негізгі көлігі-салт ат болды. Соған сәйкес ер-тұрман жабдықтары – ат әбзелдері қазақтың тұрмыс тіршілігінде ерекше орын алды.

Қазақ ершілерінің өнері
Ауқатты қазақ отбасылары өз бетімен салт жүре алатын барлық балаларына (ұлдарына, қыздарына) түгелдей ер-тұрман дайындатып, әрқайсының ат әбзелдері жеке-жеке болып, соның басыбайлы мүлкі саналды. Кейбір кісілер тіпті баласы дүниеге келісімен-ақ ер-тұрман жасатуға қамданды. Ер-тұрман көңілден шығуы үшін ершілер ағаш ісімен бірге былғары, қайыс, күміс, темір заттарын да жақсы өңдей алатын шебер болуға тиісті еді. Әрине, ешбір әшекейсіз тек ағаштан ғана ер қосу ісімен айналысқандар аз болған жоқ. Олар орта шаруалар мен кедейлердің тапсырыстарын орындады. Бұлар бірнеше ердің бөлшектерін қатар шауып, дайын болғанын сата берді. Тек базарға апарғандары ақшаға, үйден қосылатын ердің өз басы бір бойдақ қойға пұлданды.
Ер-тұрман жасаушы шеберлердің құрал-саймандары үш топқа бөлінеді: 1. Ердің соқа басын қосу үшін (әшекейсіз) ара, балта, шот, ойыс жүзді шот, қуыс құлақ, үскі, ыңғыру, пышақ, түрпі, қашау, балға, тістеуік және т. б.; 2. Жұмсақ жабдықтарын жасау үшін пышақ, біз, мүйіз созғыш; 3. Былғары бетіне өрнек түсіру үшін темір талшықтары мен өрнекті ағаш қалыптар. Ал, ердің темір және күміс әшекейлерін жасау үшін темір ұсталары мен зергелердің саймандары толық жетеді. Ер-тұрмандарды жасауға пайдаланылатын заттар: ағаш, темір, жез, алтын, күміс, түрлі асыл тастар мен шынылар, сүйек, былғары, қайыс, көп, шұға, барқыт, киіз, қыл, тарамыс, желім, бояу, тоз. Жасалу тәсіліне орай ерлер мынандай атауға ие: «қазақ ері», «шошақ бас ер», «үйрек бас ер», «қан бас ер». Шеберлер ерлерді әйелдерге, еркектерге арнап екі түрлі етіп те жасайды. Ембі бойындағы қазақтарда «қозықұйрық ер» деп аталатын да ер-тұрманның түрі бар. Оны кейде «ақбас ер», «шошақбас қазақ ері» деп те атайды. Ал енді «құранды ер» көбінесе Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Торғай, Алматы өңірлерінде кездеседі.

Ер атаулары
1. Ердің мүшелерінің атаулары: 1. Қас: алдыңғы қас, артқы қас. 2. Қаптал. 3. Белағаш. 4. Оқпан. 5. Аттық. 6. Үзеңгілік. 7. Қанжығалық. 8. Шеттік. 9. Шегелік.
2. Сырт көрінісіне, жасалу үлгісіне қарай аталуы: 1. Баламғол ер. 2. Айбас ер. 3. Боқан ер. 4. Шошақбас ер. 5. Қазық бас ер. 6. Үйренбас ер. 7. Қазбас ер. 8. Құс бас ер. 9. Ханбас ер.
3. Жасалған металына қарай аталуы: 1. Алтын ер. 2. Күміс ер.
4. Жасалу әдісіне байланысты аталуы: 1. Ойма ер. 2. Шаппа ер. 3. Құранды ер.
5. Елдік, рулық белгісіне, сипатына, ерекшелігіне қарай аталуы: 1. Бұхар ер. 2. Қазақы ер. 3. Қыпшақ ер. 4. Керей ер. 5. Қалмақы ер. 6. Қырғыз ер. 7. Еңгіліс ер. 8. Бежін ер. 9. Найман ер. 10. Орыс ер. 11. Қоқан ер. 12. Алтай ер. 13. Қаптағай ер. 14. Қызай ер. 15. Үйсін ер.
6. Пайдаланылуына қарай аталуы: 1. Еркек ер. 2. Бала ер – ашамай ер, баламан ер. 3. Әйел ер.
7. Ердің жабдықтарымен бірге аталуы: ер-тоқым, ер-тұрман, ат анжам.

Ер-тұрман жабдықтары
Ер: алдыңғы қас, анжы, артқы қас, аттық (керсеп), бел ағаш (орта ағаш), қанжыға, қанжығалық, қаптал, оқпан, шегелік, шеттік, үзеңгі, үзеңгілік.
Тоқым: желдік, мүйет, тебінгі, терлік, тығылдырық, ішкілік, ішпек.
Жүген: ауыздық, жақтау, желкелік, кекілдік, кеңсірік, сағалдырық (сағақ), сулық, тізгін, шаужай, шылбыр.
Ноқта: алақан, желкелік, кеңсірік, сағақ, сағалдырық, шылбыр.
Айыл, тарта (төс, шап): алақан, айынбас, доға, жырым, пыстан, тіл.
Өмілдірік: айылбас (бүлдірге), жақтау, жырым, салпыншақ.
Құйысқан: жақтау, жаңбырлық үзбе, жырым, құйысқандық, салпыншақ, сауыр үзбе.
Тұрман: былғары, өрмелі, түймелі, ызбалы.
Төрт тұрман: дүген, өмілдірік, құйсқан.
Бес тұрман: ер, жүген, өмілдірік, құйысқан, пыстан.
Айыл-тұрманға үзеңгі, айыл жатады. Үзеңгі: үзеңгі бау, таралғы. Айыл түрлері: тас айыл, төс тартпа, алдыңғы тартпа, шап айыл, шап тартпа, артқы тартпа, кер айыл. Айыл жасалуына қарай: жырымды айыл, жырымсыз айыл.

Ердің шығу тарихынан
Ат әбзелдерінің, ер-тұрманның әрқайсының өмірге келіп, қолданысқа ие болуы адамдардың атпен жүруін жақсартып, тұрмыс-тіршілігін оңалтты. Адам баласының ер-тұрманды ойлап табуы, атты ауыздықтап мінуі Ұлық жаңалық болды.
Ердің шығуы туралы Орта Азия халықтарында тараған аңыздар да бар. Соның бірінде былай деп айтылады: «Бірнеше мың жыл бұрын мұсылман патшасы Жәмшид ұзаққа созылған атты жорықтан соң, артын жарақаттап алады, ауырған жерін жеңілдету үшін, атының арқасына иленген нан (қамыр) салғызып мінеді. Ауырған жері жазылып, қамырдың аттың арқасына келісті формаға келіп қатая бастағанын байқаған патша, аяғының талғанын қойдыру үшін, ат үстінен тұзақ тастап, оған аяғын салады, аяғының талғаны қояды. Сонда патша жайма нанның формасындай етіп, ағаш пен былғарыдан зат жасауды бұйырады. Сөйтіп, бұл нәрсені ер деп атайды» (Н. Габбин. Производство седел (ленчиков). Сборник материалов для статистики Сырдарьинской области. Изд. Сырдарьинского обл. Стат. комитета. Т. VII. Ташкент, 1899, с.1–54).
Зерттеушілердің пайымдауынша, скиф, сақтардың жылқышыларының ер-тұрмандары жұмсақ болыпты, бір айылмен тартылатын жайдақ тоқымнан көп айырмашылығы жоқ көрінеді. Пазырық, Берел қорғандарынан ер-тұрмандар табылғанды. Олар тоқымнан, ердің екі қасына ұқсатып жасалыпты, ішіне шөп, бұғының жүні тығылған көпшіліктен, айыл-тартпадан, өмілдірік, қүйысқаннан тұрады. Еуропалық скифтердің ер-тұрмандарында құйысқан да болмапты...
«Қазақ жылқысының тарихы» туралы таңғажайып ғылыми еңбек жазған (Алматы кітап – 2010) Ахмет Тоқтабай былай дейді: «...Біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығы мен екінші мыңжылдығының өліарасында қастары аласа, жұқа, үлкен қапталы бар қатты ердің орнына ердің жаңа үлгісі пайда болды. Аттың бүйіріне бататын қалың қапталғылар жұқа ағаш қапталдарға айналды, керісінше, қастары биіктеліп қалыңдана түсті. Бұрынғы көне түркі ерлерінде шеңберлене біткен қалың мықты қапталдарға ердің қастары ішкі жағынан бекітілетін еді. Демек, ердің қасы қапталдарға түсіп, қапталдар аттың бүйірін қысып, аттың жүрісіне әсер ететін. Ал жаңа ерлердің құрылысында биік қалың қастар жұқалау шағын қапталдарға сырт жағынан мызғымайтын етіп отырғызылды. Бұрын ердің қасы қапталдың ішкі жағынан байланатын еді, сөйтіп үлкен қапталдар (лосасть) жеңіл қапталдарға (полка) айналды».
Ғылыми зерттеудегі деректерге арқа сүйесек, еуропалықтардағы нағыз ер-тұрман жөніндегі мәліметтер 340 жылы Рим тағының мұрагері кіші Константинді өлтіруге байланысты оқиға құжаттарында, 385 жылы император Федосийдің почта аттарына салынатын ер-тоқымның салмағы 60 фунттан аспасын деген ережесінде кездеседі екен. Оған қосымша айтарымыз, Орталық Азиядағы ғұндарда алдыңғы және артқы қасы бар, сүйегі ағаштан жасалған қатты ерлер б. з. д. ІІІ ғасырлардан кейін-ақ кең қолданыста болыпты.

Әйелдердің ер-тұрманы
Нәзік жандылардың ер-тұрмандарына алтын, күміс, асыл тас, сүйек, былғары, мүйіз, шұға, барқыт кеңінен пайдаланылған. Әйел ерлерінің өте кең әрі жайлы болатыны жөнінде қазақ даласына келген В. Потто өзінің 1877 жылғы жол жазбаларында жазып қалдырыпты. Негізінен әйел ер-тұрман жабдықтары (тоқым, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік, жүген мен айыл, тартпалар) түгелдей бір ғана шебердің қолынан шығып, жатық, біркелкі, әшекейлі болған. Яғни, әйелге арналған ердің алдыңғы және артқы беті түгелдей күміс шабылған темір пластинкалармен немесе қақталған таза күміс әшекейлермен безендірілген. Әйел ерін әшекейлеуде кең тараған тәсіл – оймалы өрнек орнату. Ол үшін темір әшекейлердің ортасынан әртүрлі өрнектерді немесе өрнектің түрін ойып тастап, қалған жеріне күміс шапқан көрінеді. Және мұндай әшекейлердің астынан түсті былғары (көксауыр), шұға немесе барқыт салыныпты, олар ойылған өрнектермен айқындалып көрініп тұрыпты. Күміс әшекейлердің әр жерінен дөңгелектер ойылып, айнала шеттері доғал иректермен оймышталыпты. Және күміс әшекейлердің барлығының беттеріне түгелдей сызу арқылы (гравировка) әртүрлі оюлар жүргізіліпті.

Еркектердің ер-тұрманы
Оларға арналған қазақ ерлердің сүйегі жұқа және ықшам. Сол себепті жеңіл де. Еркектердің ерін жасауда мұндағы ағаш ісіне көп көңіл бөлінеді, жете өңделеді, күміс әшекейлері де тым шағын, соған қарамастан, өте ұнамды-ақ. Еркектердің ерлерін әшекейлеуде мүйіз бен сүйек те жиі пайдаланылады. Ерлерге сүйек әшекейлері орнатылса, мұндай ерлер мүйіз түсін ашатын басқа түсті бояулармен боялады.
Этнографтардың айтуынша, сән қуған қазақ даласының бай-манаптары мен билеріне арнап қосылған ерлердің әшекейлері әйел ерлерінен кем болмаған. Бұлардың алды-арты бірдей оюлы өрнек жүргізілген әшекейлермен тұтас жабылыпты да, темір әшекейлерге ойылатын оюлы өрнек көбінесе өсімдік бейнелес етіп жасалыпты, беттеріне күміс шабылып, алтын жалатылыпты. Осы әшекейлердің астына әдеттегідей түсті мата әйтпесе былғары төселіпті, алдыңғы қастың маңдайына түрлі тастар орнатылыпты.
Есте сақтайтын бір жағдай, әйел ердің тебінгісі мен еркек ердің тебінгісі бір-бірінен өзгешелеу. Әйелдің тебінгісі жұқа былғарыдан астар салып тігілсе, тебінгінің оқпан ұзындығы 64 сантиметр, тебінгісінің ұзындығы 50–56 сантиметр, оқпан ені 30–40 сантиметр, тебінгі ені 50–60 сантиметр болады. Ал еркек ердің тебінгісі қалың былғарыдан жасалып, оқпан ұзындығы 40–50 сантиметрге, тебінгісінің ені 40–50 сантиметр көлемінде. Әйелдер ерінің құйысқандығы да ерекше әсем, әйелдер үлгісіндегі ердегі тыстан алтын ерге сәйкес етіп жасалады.

Ат тағасының ерекшеліктері
Қазақтар жорыққа шығарда ғана аттарын тағалаған. Тек, хан, сұлтан, батырлар сәндік үшін аттарын жайшылықта да алтын, күмістен жасалған тағалармен тағалап алып, жүре беретін болған. Қазақта арқардың мүйізінен де таға жасағаны туралы тарихи деректер бар. Зерттеушілердің пікірінше, басқа тағалардан мүйіз тағалардың артықшылығы мен ерекшелігі көп екен. Олар негізінен мынандай:
1. Қалың да өте қатты әрі жылқының тұяғынан мықтырақ.
2. Икемді де иілгіш, майысқақтау, жарылып, жарықшақ болып кетпейді. Темір тағадай мөрт сынып қалмайды.
3. Салмағы өте жеңіл, 100–120 грамдай, темір тағаның салмағы – 350–400 грамм.
4. Қаншама тозса да, бедерлі, ажымды қалпын сақтайды. Арқар мүйізінің қасиеті сондай.
5. Бір атқа жылына екі-ақ мүйіз таға жетсе, темір таға 3–4 айда тозып қалады.
6. Мүйіз таға бәйге аттарына өте қолайлы.
7. Таулы жерде аттың табанын, тұяғын, оның жан-жағын үшкір заттардан қорғайды.

Қамшының түрлері
1. Тобылғы сапты қамшы. 2. Мүйіз сапты қамшы. 3. Ырғай сапты қамшы. 4. Орама сапты қамшы. 5. Сарала қамшы. 6. Сылдыр қамшы. 7. «Қасиетті (киелі)» қамшы. 8. Жыланбауыр қамшы. 9. Шыбыртқы қамшы (бишік). 10. Дырау қамшы. 11. Дойыр қамшы. 12. Бұзаутіс қамшы. 13. Жартуыл қамшы. 14. Білеу қамшы. 15. Бала қамшы. 16. Өзекті қамшы. 17. Шашақты қамшы. 18. Жеңсе қамшы. 19. Шолақ қамшы. 20. Күдері қамшы. 21. Күмістелген қамшы. 22. Алтындалған қамшы. 23. Ат қамшы (ат жүргіш).

Қамшылау әдістері
Қамшы үйіру, қамшы білеу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орап тарту, оса тарту, шықпырту, тіле тарту, баса тарту, көсіп жіберу, серпе тарту, көсілте тарту, салып қалу, сілтеп қалу.

Читайте на 123ru.net