Астанадағы «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты көрме-конкурсы өтті
Байқау нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды Қастеев Дәурен «Ақтабан шұбырынды» атты триптихымен иеленсе, екінші орынды Нұрғожин Мейіржанның «Қасым сұлтан ұстаханаға келді» картинасы алды. Үшінші орын Жақыпбек Әсеттің «Алтын орда хандағының құрылу қарсаңы» картинасына берілді.
Конкурс «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының контексінде еліміздің біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыруға бағытталған, әрі өнер арқылы мемлекеттік саясаттың дамуына қосқан зор үлес болмақ. Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының тарихындағы беймәлім беттерді көрсетіп, көркем образдар туындату, ел есінде қалған тарихи тұлғаларды сомдау.
Республика көлемін қамтыған жобаға көптеген суретшілер қызығушылық танытып, еліміздің Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Атырау, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Түркістан сынды ірі қалалары мен аймақтарынан кескіндемешілер мен мүсіншілер қатысты. Осылайша конкурс нағыз халықтық жобаға айналды. Екі кезеңнен тұрған конкурстың алғашқысында, эскиздерді іріктеуге 90-ға жуық суретші қатысса, оның 67-сі екінші кезеңге өтті. Екі кезеңде де туындылардың байқау шарттарына сәйкес болуы қадағаланды. Сол талаптардың басты әрі маңыздысы – туындыларды «реалистік мәнерде» орындау болды.
Конкурсқа мүсіншілер қауымы да белсене атсалысып М. Әмірхановтың «Абылай хан», Б. Мұхамеджановтың «Ұлы жырау Кетбұға», Е. Мақұлбаевтың «Шыңқожа батыр», Қ. Дулатовтың «Сатай батыр», Б. Жуасбаевтың «Ақан сері», Б. Қайранбайдың «Қожбанбет би» және тағы басқаларының мүсіндік туындылары келіп түскен. Түрлі материалдардан жасалған мүсіндік композицияларда, авторлар ел есіндегі тарихи тұлғалардың, батырлардың ерліктеріне сәйкес жиынтық образдарын сомдауға талпынған.
Ұлттық тарихқа үңілумен бірге суретшінің шындық пен қиялдың қосындысынан қайта жаңғырған тұлғалардың ерлігі жас ұрпақтың санасына, жадына бейнелі түрде ұсынылады. Бұл бастама отандық өнердің өркендеп дамуына өз ықпалын тигізері сөзсіз.