Барлаушылар
Повесть
Бұл араға ол таң қараңғысында келді. Алғы шептегі окопта ояу жатқандар, түнгі күзетте тұрғандар болмаса оның мұнда келгенін ешкім сезген жоқ. Бұрыннан таныс бекініске келіп жайғасты. Бұл өзі жардың басынан алға қарай сұғына жасалған, өте құпия орын. Бұрынырақта бір рет отырған. Бірақ ол күні күн бұлыңғыр, боз тұманды болды да, ештеңе көре алмады. Ертеден кешке дейін босқа отырып қайтқан.
Бүгін күннің ашық болар сыңайы бар, Бірақ төңірек әлі күңгірт. Бетін шаң тозақ басқан ескі қар сарғыштанып, күреңдене бастаған. Өзеннің жағасындағы жарлы қабақтар одан да сұрқай, сұсты. Күзден қалған жапырақтар ағаш бұтақтарында қалт-құлт етеді. Төңіректі тым-тырыс, өлі үнсіздік басқан. Өзеннің...