World News

Qazaq Bank-тің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимнің өліміне қатысты іс тоқтатылды

Qazaq Bank-тің бұрынғы акционері, кәсіпкер Бақыт Ибрагимнің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды деп жазды Алматы қалалық полиция департаментіне сүйенген Қазақпарат. Бақыт Ибрагимді жергілікті БАҚ жоғары лауазымды шенеунік Бақытжан Сағынтаевтың күйеубаласы деп атайды.


Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпарат агенттігіне "қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылғанын" хабарлаған. 


Кәсіпкер Бақыт Ибрагимнің өлі күйде табылғанын ақпарат құралдары биыл наурызда хабарлаған. Полиция "өзіне қол салуға итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. 


Ибрагимнің түрмеден босап шыққанына көп уақыт болмаған. 2020 жылы қарашада сот "банкінің қаржысын жымқырды" деп айыпталған Бақыт Ибрагимді 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеген. 2021 жылы апелляциялық инстанция жазаны жұмсартып, оған 7 жыл берді.


Бақыт Ибрагим Bank RBK қаражатын "топ болып алдын ала сөз байласып, алаяқтық жолмен жымқырды" деген күдікпен 2018 жылы маусымда Германиядан экстрадицияланған. Ибрагимге тиесілі болған Qazaq Banki Bank RBK-мен бірігуге ұмтылатынын мәлімдеген. Алайда екі банк біріккен жоқ, Qazaq Banki-ден лицензиясы қайтарылып, 2018 жылы оны күштеп жою туралы процедура іске қосылды.


БАҚ-тың мәліметінше, Бақыт Ибрагим Бақытжан Сағынтаевтың үлкен қызы Меруертке үйленген. БАҚ олардың ажырасып кеткенін жазған. Бұрын Ибрагим тегімен жүрген Сағынтаевтың қызы кейінгі кезде өзін Меруерт Әбдір( Әбдір — атасы) деп таныстырып жүр. Британдық Financial Times "Лондон, Қазақстан мен Дубай арасында саяхаттайтын" Сағынтаевтың қызы қымбат брендтік киімдерді сатып алып, Net-a-Porter интернет дүкенінің "өте маңызды клиенті" деген мәртебеге ие деп жазған.


Бақытжан Сағынтаев Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарған, президент әкімшілігіне жетекшілік еткен, Алматы қаласын басқарған. 2024 жылы ол Еуразия экономикалық комиссия алқасының төрағасы болып тағайындалды.

Читайте на 123ru.net