World News

Өзбекстанда ресейлік журналист Алексей Пивоваровты ұстап, босатты

1 желтоқсанда Өзбекстанда YouTube-тегі "Редакция" арнасының түсірілім тобы,  осы арнаның негізін салған ресейлік журналист Алексей Пивоваров пен Hook атты өзбек басылымының журналисі Фарида Мехсетова ұсталды. Олар Өзбекстан туралы деректі фильм түсіріп жүрген.


"Нөкісте (Қарақалпақстан астанасы – ред.) болғанымызда, ішкі істер министрлігі қызметкерлері бізді әңгімелесуге шақырды. Олармен сөйлестік, өзіміз туралы, жоспарымыз жайлы айттық, қызметкерлер сыпайы болды. Қазір ары қарай кетіп барамыз. Бәрі жақсы!", – деп жазды Пивоваров телеграм-арнасында. Ол ұсталған журналистердің тағдырына алаңдағандарға алғыс білдірді.




Пивоваров бастаған "Редакция" арнасының түсірілім тобын Нөкіс қаласында ІІМ қызметкерлері ұстағанын алғашқылардың бірі болып Podrobno.uz атты өзбек интернет-басылымы хабарлады. Оның ақпараты бойынша, мұндай әрекетке жергілікті тұрғынның арызы түрткі болған.


Қарақалпақстан бойынша ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің басқармасы шетел журналистері Өзбекстан сыртқы істер министрлігінен алдын ала аккредитация алмай жұмыс істеген деп мәлімдеді.


Hook басылымы құқық қорғау органдары қызметкерлері журналистер түсірген барлық кадрды тәркілеп, ұсталғандарды Ташкент әуежайына апарған деп хабарлады. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ, Өзбекстан ІІМ пікір білдірмеді.



Алексей Пивоваров бұрын ресейлік НТВ телеарнасының тілшісі және ақпараттық хабар тарату қызметінің жетекшісі, RTVI телеарнасының бас продюсері болған. 2019 жылы наурызда журналист "Редакция" YouTube-арнасын ашқан, онда жаңалықтар мен деректі фильмдер шығады.
Қазір бұл арнаға 4,5 миллионға жуық қолданушы жазылған, видеолар қаралымы 1,2 миллиардтан асады. Ресей билігі "Редакция" арнасы мен Пивоваровты "шетел агенті" деп таныған.
Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстан құрамынан шығу құқығы туралы баптарды Конституциядан алып тастауға бейбіт қарсылықты билік күшпен басып, аяғы үлкен қантөгіске ұласқан Нөкіс оқиғасына биыл екі жыл толды. 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған (ресми дерек) оқиғадан кейін Ташкент халық пікірін ескеретінін айтып, даулы өзгерістерден бас тартқан.

Читайте на 123ru.net