World News

Ақтөбеде спорт мектебіндегі оқушының өліміне қатысты үкім оқылды

Ақтөбеде Есет батыр атындағы спорт мектебінің оқушысы Бексұлтан Әбубәкірді «ұрып өлтірді» деп айыпталған Ағарыс Қалиев - 9 жылға, Мирлан Жолаш - 6 жыл 8  айға сотталды. Сотталған екеу мен кісі қолынан өлген 14 жастағы Бексұлтан Әбубәкір олимпиада резервінің спорт мектебінде оқып, бәрі бір жатақханада тұрған. (Спорт мектебінің жанында колледж де бар, онда мектеп жасынан үлкендер де оқиды, мектеп пен колледж бір ғимаратта орналасқан – ред.)


Тергеу материалдарына қарағанда, мектеп жанындағы колледждің 2-курсында оқитын Ағарыс Қалиев «тәртібі мен спорттағы көрсеткіштері нашарлап кеткендіктен» 8-сыныптың он баласын «тәрбиелемек болған». Төменгі сыныптың ұлдарын жатақхана бөлмесіне 9-шы, 10-шы сынып оқушылары жинайды. Олар Ағарыс Қалиевтің айтуымен балаларды сапқа тұрғызып қойып, кезектесе ұрып шыққан.  


Кезек Мирлан Жолашқа жеткенде ол Бексұлтан Әбубәкірдің екі иығынан ұстап тұрып, оң тізесімен төсінен соғады. Бексұлтан Әбубәкір  шалқалай құлап, сол жерде қайтыс болған. Оқиға Бексұлтанның егізі Ерсұлтан Әбубәкірдің көз алдында болған. 


Тергеу Ағарыс Қалиевке «қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырды» , «алдын-ала сөз байласу арқылы  адамдар тобымен кәмелетке толмаған адамның денсаулығына ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқты»  деп айып таққан. Жұма күні кешкілік Ақтөбе соты оған 9 жылдық түрме жазасын кесті. 


Ағарыс Қалиевтің жасы 19-да, ал «оның бұйрығын орындаушы» Мирлан Жолаш 16 жасқа тергеу изоляторында толған. «Алдын-ала сөз байласу арқылы  адамдар тобымен  кәмелетке толмаған адамның денсаулығына ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққаны үшін»  Мирлан Жолаш 6 жыл 8 айға сотталды. 


Судья Ержан Құрманов үкімді оқып болған бойы сотталушылардың туыстары  наразылық білдіріп, айғайлай бастады. Наразылардың сөзінше, 8-сыныптың ұлдары соққыға жығылған  бөлмеде тағы бес оқушы болған. Бірақ олар қылмыстық жауапқа тартылмаған. 


- Сарапшының айтуынша, Бексұлтан сол күні төрт жерінен соққы алған. Жүрек тұсында екі із, мойнында бір із қалған, ішінде де соққы ізі бар деді. Яғни, менің балам ұрғанға дейін Бексұлтанның жүрегі тоқтап қалған. Бірақ оны Мирланға дейін ұрған бес бала жазаланған жоқ. Бастапқыда олар үйқамақта болып еді, кейін  жауапкершіліктен босатып жіберген. Біз үкімге де, тергеу барысына да риза емеспіз. Апелляция алқасына шағымданамыз, -деді Мирлан Жолаштың шешесі Айжан Сейтенова. 


Мирлан Жолаштың анасы Айжан Сейтенованың сөзіне қарағанда, Есет батыр атындағы спорт мектебінде әлімжеттік бұрыннан бар. «Сот тергеуі кезінде балам психологқа спорт мектебінде талай рет соққыға жығылғанын, тіпті бір рет есінен танып қалғанын жылап тұрып айтып берді» дейді ол. Яғни, ол спорт мектебіндегі «жасырын дәстүрді» жалғастырып, өзінен кішілерге әлімжеттік жасаған.   


Жәбірленуші тарап сот үкіміне разы. Адвокат Жұмабай Арыстанов сот үкімін әділ, заңды әрі негізді деп санайды. «Сотталушылар өзгелер де соққы жасады деп айыпты ішінара мойындаған болатын. Дегенмен ең соңғы соққыны Мирлан Жолаш жасаған. Соның соққысынан кейін Бексұлтан Әбубәкір ессіз құлап, қайтыс болған» дейді Арыстанов. 


Үкімнен кейін сотталушылардың туыстары ашуға булығып, журналистерге де қоқан-лоқы жасады. Сот ғимаратында түсірілген видеоны өшіруді талап етіп, жұмыс істеуге кедергі келтірді. Бірнеше жігіт журналист Ардақ Ерубаеваның жолын бөгеп, видеоны өшірмейінше ешқайда жібермейміз деген. Ардақ Ерубаева полиция бөлімшесіне барып, шағым жазған.


Балалар арасындағы әлімжеттік мәселесіне қоғам назарын аударған бұл оқиға  2024 жылғы 11 сәуір күні Ақтөбедегі Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасында болған. Тәрбиешілер 14 жастағы Бексұлтан Әбубәкірді жедел жәрдем алып кеткенін ата-анасына сол күні кешкі тоғыз жарымдар шамасында хабарлайды. 


Бексұлтан – егіздің сыңары. Алтыншы сыныптан соң егіз ұл Есет батыр атындағы спорт мектебіне түсіп, сол жерде оқып жүрген. Екеуі де еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат. Сыңары әлімжеттік құрбаны болғаннан кейін Ерсұлтан спорт мектебінен шығып кеткен. Қазір үйінің жанындағы орта мектепте оқып жүр. Егіз ұлдың әкесі Қайрат Қалназар Бексұлтанның денсаулығында ешқандай кінарат болмағанын айтады. 


Қазақстанның жасөспірімдер арасында топ болып төбелесу, әлімжеттік жиі болып тұрады. ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда мектептегі балалардың 66%-ы кемсітушілікке тап болады, 44%-ы әлімжеттікке ұшырайды, 24%-ы басқа балаларға озбырлық көрсетеді.

Читайте на 123ru.net