World News

Қаңтарда қаза болған археолог Ерлан Жағыпаровты "әскерилер ұрғаны" айтылды

Алматы горнизонының әскери сотында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза болған Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өліміне соты басталды.


18 желтоқсанда прокурор айыптау актісін оқыды. Іс бойынша күдікті деп танылған Ұлттық ұланның 55/71 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіровке "Билікті асыра пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 451-бабы) бойынша айып тағылған.


Айыптау актісінде оқиға болған күні Жағыпаров пен Қапсаламовты қаза болғанға дейін әскерилер ұрып-соққаны жазылған. Бірақ олардың кім екені тергеу кезінде анықталмаған. 


– Әубәкіров қызметтік міндетінің шеңберінен шыға отырып, қылмыстық ойын жүзеге асырып, қасақана 10 метр қашықта АК-74 қаруымен қашып бара жатқан Жағыпаров пен Қапсаламовқа оқ атқан. Осылайша Әубәкіров ұлттық қауіпсіздік туралы заңның 15-бабының 1-, 4-бөлігін бұзған, – деді прокурор Көбей Ержан.


Күдікті Айтжан Әубәкіров пен оның қорғау тарабы өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.


Әубәкіров өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол 2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні Республика алаңындағы әскери блокқа шабуыл жасалған соң қару қолданғанын айтты.


– Бізге қарата қара түсті көлік "таран" жасау үшін келді. Мен дауыстап "таран" деп айқайладым. Осы сәтте оң жақтан, бейберекет қойылған көліктер жақтан оқ атылды. Мен бірінші аспанға аттым. Сосын сол жаққа қарата оқ аттым. Ал рота капитаны Сағындықов бізге қарай келе жатқан көлікке оқ атты. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік бұрылып, кері кетіп қалды. Атыс тоқтады. Мен түн болғандықтан шабуыл жасағандар нешеу екенін көріп үлгермедім. Қарауытқан адам бейнелері құлады, – деді Әубәкіров сотта.


 




Бұдан бөлек, сотта марқұм Ерлан Жағыпаровтың мүрдесін мәйітханадан тапқан досы Асқар Омарбекұлынан жауап алынды. Оның сөзінше, оқиға болған күні Жағыпаров бірнеше рет телефон шалып, өзін әскерилер ұстағанын айтқан. Сол уақытта телефонмен күдікті Әубәкіровпен де сөйлескен. Тергеу кезінде жүргізілген эксперимент кезінде оның дауысын таныдым деді ол. Бірақ Әубәкіров мұны жоққа шығарды.


– Мәйітханада екі рет болдым. Бірінші рет барғанда көрген де шығармын. Бірақ танымадым ба, жоқ әлде танығым келмеді ме, білмеймін. Нариман "үшінші рет кіріп шықшы, онда жоқ екеніне түпкілікті көзімізді жеткізейік" деді. Ол жерде шынымен де қорқынышты болды. Ондаған мәйіт бірінің үстінде бірі жатты. [Ерланның] екі қолы бірдей сынған екен. Денесінде көптеген жарақат, тесік болды. Сол жақ жамбасының еті жұлынған. Беті көгерген. Беті ісіп кеткені соншалық мен оны бірінші рет танымай қалдым. Санитардан көмектесуді сұрадым. Ол спортшы болған. Денесі ауыр болды. Оның бұрын алған жарақатынан желкесінде темір пластина болған. Сонысынан таныдым. Сол қолында кісен болды. Кісеннің қысылғаны соншалық, білегі сынып кеткен, – деді Асқар Омарбекұлы.


 




Жәбірленуші тараптың адвокаты Сәуле Жұмасұлтанқызы күдіктіге тағылған айыпқа келіспейді. Оның сөзінше, іс "Адам өлтіру" бабы бойынша қозғалуға тиіс.


– "Адам өлтіру" бабына ауыстыруды сұрап, өтініш хат түсіргенбіз. Бірақ ол қанағаттандырылмады. Сотқа дейінгі тергеу органдарына шағым да айта алмаймыз. Себебі мұндай істерде әскерилердің іс-әрекетін "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша саралау сот практикасы қалыптасқан. Сол себепті осыны ескере отырып, сот процесінің нәтижесіне қарай тағы да өтініш хат түсіру мәселесін қарастырамыз, – деді адвокат.


Сотқа іс бойынша жәбірленуші деп танылған Әуез Қапсаламовтың туыстары да, адвокаты да келмеді. Прокурор марқұмның туыстарына хат жолданған деді.


Ерлан Жағыпаров туған өлкесінің тарихын зерттеумен айналысқан, археологтармен талай рет экспедицияға барған. Ежелгі тастарды жойылып кетуден сақтауға үлес қосқан.


 




Қаңтар оқиғасы Қазақстанның батысында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылықтан басталған. Көп ұзамай халықтың әл-ауқатының төмендеуіне қарсы бейбіт наразылық саяси сипат алып, Қазақстанның басқа қалаларына да тарады. Кей қалада митингілер аяғы тәртіпсіздікке, әкімшілік ғимараттарды басып алып, дүние-мүлікті қиратып, өртеуге, азаматтарды жаппай ұстауға ұласып, кісі өліміне әкеліп соқты.


Наразылықты басу үшін биліктің сұрауымен сырттан Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның әскері шақырылып, елге енгізілді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан, арасында балалар да бар.




 


 

Читайте на 123ru.net