World News

"Қазақмыстағы" бірнеше шахтада жұмыс тоқтап, кеншілер ереуілдеп тұр

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі бірнеше шахтада кеншілер ереуілдеп жатыр. Олардың бірі Азаттыққа ереуіл 18 желтоқсан күні таңертеңгі 7-де басталды деді.


Сәтбаев қаласы маңындағы "Қазақмыстың" алты шахтасында жұмыс істейтін кеншілер жер бетіне шықпай тұр. Азаттық сөйлескен ереуілші мыңнан астам адам жұмысты тоқтатты деп айтты.


"Бүгін жұмысқа кірісуім керек еді, бірақ бізді жер астына түсірмей тұр. Өйткені ондағы адамдар көбейіп кете ме деп қорқады", – деді аты-жөнін атағысы келмеген ереуілші.


Азаттыққа "Қазақмыс" кеншілерінің он шақты талаптан тұратын жазбасы түсті. Онда корпорацияға тиесілі кей шахтаны оптимизациялап, еңбек жағдайын жақсарту туралы талап айтылған.


"Гигиена заттарын берсін. Киім кептіруге арналған шкафтар қойсын. Барлық жер асты тобының еңбек демалысын қазу тобымен теңестіріп, 54 күн еңбек демалысын белгілесін. Жұмыс сағаты "Жомарт", "Шығыс Сарыоба" кенішіне баратын автобусқа отырған уақыттан бастап есептелсін", – деген талаптар қойған.


"Жалақымыз 1 миллион 200 мың теңге деп ауыз толтыруға болады. Бірақ оны 100 пайыз көбейтуді сұраймыз. Доллар бағамы көтеріліп, ішетін тамақ, киетін киім мен коммуналдық төлемді есептегенде, ол ештеңеге жетпейді. Бұған қоса, біз өте қауіпті жерде жұмыс істейміз. 12 сағатқа жер астына түскенде кері шықпауымыз да мүмкін. "Қазақмыс" игеріп жатқан мемлекет байлығының қалай, қайда кетіп жатқанын да білгіміз келеді", – деді аты-жөнін атағысы келмеген ереуілші.


"Қазақмыс" корпорациясының PR департаментінің басшысы Арман Әлібек "Оңтүстік Жезқазған" және "Жыланды" кеніштерінің жұмысшылары ереуілдеп тұрғанын растады. Ол корпорация сайтында жариялаған мәліметті ұсынды. Онда ереуілде тұрғандармен "Қазақмыс" корпорациясы ЖШС бас директоры және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері түсіндіру жұмысын жүргізгені айтылған.




Кездесу барысында олар "Жезқазғанцветмет" өндіріс бірлестігінде ең төменгі жалақы – 363 000 теңге, медианалық жалақы – 650 000 теңге, ал Ұлытау облысы бойынша медианалық жалақы – 404 105 теңге, ал жалпы Қазақстан бойынша екі есе аз және 285 677 теңге екенін айтқан.


"Жалақыны 8,5 пайыз арттырған кезде корпорация бойынша орташа жалақы 822 000 теңгеге дейін (2024 жылы – 730 431 теңге), ал жерасты жұмысшылары үшін – 1 303 000 теңгеге дейін (2024 жылы – 1 202 000 теңге) өседі. "Қазақмыс" корпорациясы 2020 жылдан бастап жыл сайын жалақыны өсіріп келеді. Жалақының одан әрі күрт өсуі компания шахталарының табысына қауіп төндіруі мүмкін", – деп жазылған корпорация хабарламасында.


Ереуілдеп тұрған кеншілер бұған келіспей жатыр. Олар кездесу болмады, наразылықты әзірге тоқтамайды деді.


"Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. "Қазақмысқа" металлургия кәсіпорындары ғана емес, сонымен бірге көмір кен орны, электр станциялары, тіпті Жезқазғандағы арнаулы орта оқу орны да тиесілі.

Читайте на 123ru.net