World News

Адвокат: Думан Мұхаммедкәрімді этаппен Қызылордаға әкетті

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімді Талдықорғандағы тергеу изоляторынан Қызылордаға этаппен әкетті деп хабарлады адвокат Ғалым Нұрпейісов Азаттық тілшісіне.


"Кеше (19 желтоқсанда) Думан Мұхаммедкәрімді этаппен Қызылордаға әкетіпті. Қай жерге екені әзірге белгісіз", – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов жұма күні таңертең.


Бұған дейін өзін Алматы облысындағы түрмеге ауыстыруды талап етіп аштық жариялаған журналист, адвокаттың сөзінше, 7 желтоқсанда аштықты тоқтатқан. Адвокат қамаудағы Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашар екенін айтты.


"Оның денсаулығы нашар, өйткені бүйрегі қатты ауырады. Отыра алмайды, не тұрады немесе жатады. Біз медициналық көмек көрсету туралы талай рет өтініш жасағанбыз", – деді Ғалым Нұрпейісов.


Адвокаттың сөзінше, заңда сотталған адам өзі тұратын аймақта жазасын өтейді деп жазылған. Алайда нақты жағдайда бұл талап орындалмай отыр деді заңгер.



Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) әзірге түсініктеме бермеді.




Осыған дейін адвокат Ғалым Нұрпейісов журналист Думан Мұхаммедкәрімнің түрмеде наразылық ретінде денесін тіліп, аштық жариялағанын хабарлаған. Нұрпейісов журналистің денесіндегі жарақатты көргенін айтқан.


Ал ҚАЖК "журналист өз денесін тілді" деген ақпаратты жоққа шығарған.


Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен биыл тамызда жеті жылға сотталған. Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.


Оның ісін саралаған құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын жоқ" дейді.


Бұған дейін халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түскен. Қараша айының басында апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырды.


 

Читайте на 123ru.net