World News

Қазақстан 2025 жылдан бастап БРИКС-ке "серіктес ел" болады

Бірқатар ел БРИКС халықаралық ұйымына "серіктес ел" болуға дайын екенін растады, бұл статус оларға 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап беріледі. Оның бірі – Қазақстан. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзіне сүйенген ТАСС агенттігі хабарлады.


"[Қазан қаласындағы] саммиттің қорытындысы бойынша БРИКС-ке "серіктес елдер" санатын құру және 13 мемлекеттің келісімін алу маңызды болды. Оларға шақыру жіберілді. БРИКС-ке серіктес болуға дайын екенін әзірге Беларусь, Боливия, Индонезия, Қазақстан, Куба, Малайзия, Таиланд, Уганда және Өзбекстан растады", – деді Ушаков.


Ресей президентінің көмекшісі бұл елдер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап БРИКС-ке "серіктес ел" статусына ресми түрде ие болады" деді. Ушаковтың сөзінше, тағы төрт елге шақыру жіберілген, алайда олардан әзірге жауап түспеген.


Астананың БРИКС-ке серіктес болатынын Қазақстан сыртқы істер министрлігі растады деп жазды Tengrinews.kz сайты. Бірақ шешімге байланысты қандай да бір түсініктеме берілген жоқ. Бұл статус Қазақстанға не беретіні де нақты айтылмады. 


Ағылшын тілінде BRICS - Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы елдерінің бірінші әріптерінен құралған ұйым. 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай экономика министрлерінің қатысуымен өткен Санкт-Петербургтегі экономикалық форпумда негізі қаланған. 2010 жылы Оңтүстік Африка республикасы қосылып, БРИКС ұйымы пайда болды.


БРИКС мүшелері әлем елдеріне несие беретін Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк сияқты бүкіләлемдік ұйымдарда Батыс елдері басымдыққа ие, оларға тепе-тең күш керек, дамушы экономикалардың да үні естілуге тиіс деген идеяның айналасына біріккен.


Оның мақсаты - дамушы елдердің басын біріктіріп, Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаның бай мемлекеттеріне балама күш қалыптастыру.




Биыл қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли БРИКС саммитіне бірнеше күн қалғанда Астана таяу арада бұл ұйымға кіруге өтініш бермейді деп мәлімдеді. Уәли Тоқаев БҰҰ-ны халықаралық проблемаларды шешуге тиіс негізгі институт деп санайтынын баса көрсетті.


Соғыс басталғалы Ресеймен қарым-қатынаста сақ қимылдап жатқан Қазақстан Мәскеумен достық қарым-қатынас ұстанып әрі Батыстың санкцияларын сақтап, баланс сақтауға тырысып жатыр.





2014 жылы БРИКС инфрақұрылымдық жобаларға несие беретін Жаңа даму банкін құрды. Қаңтарда ұйымға Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Иран, Сауд Арабиясы мен Эфиопия шақырылды. Кейін Сауд Арабиясының министрі Эр-Рияд БРИКС-қа қосылған жоқ деп мәлімдеді.
Қазір БРИКС елдерінде жалпы саны 3,5 млрд адам, яғни әлем халқының 45 пайызы тұрады. Ұйым елдерінің жиынтық экономикасы 28,5 триллион доллар деп бағаланған. Бұл әлемдік экономиканың 28 пайызына тең.

Читайте на 123ru.net