World News

Қаңтарда оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаровтың өліміне қатысты сот: жәбірленуші жақ айыпталушыны қамауды сұрады

Алматы горнизонының әскери сотында Қаңтарда оққа ұшып, қаза болған Ерлан Жағыпаров пен Әуез Әубәкіровтің өліміне байланысты сот процесі жалғасып жатыр.


25 желтоқсан, сәрсенбі күні марқұм Ерлан Жағыпаровтың бауыры Нұрлан Жағыпаров соттан айыпталушының бұлтартпау шарасын өзгертіп, қамауға алуды сұрады. Қазір айыпталушы подполковник Айтжан Әубәкіров бостандықта жүр. Қорғау жағы айыпталушының ешқандай заң бұзбағанын айтып, өтінішке қарсы болды. Судья Айдар Секенов өтінішті орындамады.


Бүгін сотта Алматы қаласының құтқару қызметінің қызметкерлерінен жауап алынды. Олардың бірі Дмитрий Огольчак Қаңтар оқиғасы (7 қаңтарда болуы мүмкін. Нақты есімде жоқ деді) кезінде Республика алаңынан 12 адамның мәйітін жинап алғанын айтты.


— Мәйіттердің бірінің қолында кісен болғаны айтылды. Бірақ мен оны көрмедім. Басқа жақтағы мәйіттерді жинауға кеттім, — деді Огольчак.




Сотта куәгер ретінде сөйлеген құтқару қызметінің тағы бір өкілі Сәкен Сейсебаев қолында кісені бар мәйітті алаңнан алғанын айтты.


– Мәйіттің кісенде болғанын көрдім. Үстінде қара куртка болды ау деймін. Түрін қарамадым. Беті жерге қарап жатты. Қасында арықтау келген тағы бір адамның денесі жатты, — деді Сейсебаев.


Куәлердің барлығы судьяның «мәйіттердің қасында қандай да бір қару болды ма?» деген сұрағына «жоқ, ондай ешнәрсе болған жоқ» деп жауап берді.


Құтқарушылардың бірі Юрий Сергеев 2022 жылы 7 қаңтарда әріптестерімен бірге Республика алаңынан мәйіттерді жинағанын айтты.


Оның сөзінше, Назарбаев пен Желтоқсан көшелері арасынан шамамен 16 мәйіт табылған. Олардың бірінің қолында кісен болған.



“Есімде қалған нәрсе бұл кісен” деді Сергеев. Бүгін барлығы 12 куәгер сұралмақ.


Сотта ҰҚК өкілі де жауап берді.


Оқиға болған күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы жасағының командирі болған, полковник Тюлюшов «Республика алаңды «тазаладық», сосын әкімдікке жылжыдық. Бірақ ол жерде бізден басқа ешкім болған жоқ» деді.



— Алаңда және әкімдік маңында ұсталған адамдардың барлығы сол жерде тұрған ұлттық ұлан бөліміне берілді. Нақты есімде жоқ. Бес адам ұсталды ғой деймін… Ұсталған адамдарға пластик кісендер тағылды. Ол бір рет пайдалануға арналған. Ұсталғандарды нақты өзім көрмедім… Алаңда бастапқыда адамдар көп болды. Біз дыбыс ұлғайтқышпен ескерту жасап өттік. Адамдардың көбі ол жерден кетіп қалды. Екінші рет өткенде аспанға оқ аттық, — деді куә.


18 желтоқсанда прокурор айыптау актісін оқыған еді. Іс бойынша күдікті деп танылған Ұлттық ұланның 55/71 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіровке "Билікті асыра пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 451-бабы) бойынша айып тағылған.


Айыптау актісінде оқиға болған күні Жағыпаров пен Қапсаламовты қаза болғанға дейін әскерилер ұрып-соққаны жазылған. Бірақ олардың кім екені тергеу кезінде анықталмаған.


Сол кезде Әубәкіров өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол 2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні Республика алаңындағы әскери блокқа шабуыл жасалған соң қару қолданғанын айтқан.


Қаңтарда оққа ұшқан Ерлан Жағыпаров туған өлкесінің тарихын зерттеумен айналысқан, археологтармен талай рет экспедицияға барған. Ежелгі тастарды жойылып кетуден сақтауға үлес қосқан.


Қаңтар оқиғасы Қазақстанның батысында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылықтан басталған. Көп ұзамай халықтың әл-ауқатының төмендеуіне қарсы бейбіт наразылық саяси сипат алып, Қазақстанның басқа қалаларына да тарады. Кей қалада митингілер аяғы тәртіпсіздікке, әкімшілік ғимараттарды басып алып, дүние-мүлікті қиратып, өртеуге, азаматтарды жаппай ұстауға ұласып, кісі өліміне әкеліп соқты.


Наразылықты басу үшін биліктің сұрауымен сырттан Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның әскері шақырылып, елге енгізілді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза тапқан, арасында балалар да бар.

Читайте на 123ru.net