World News

"Атажұрт" белсенділерінің соты: қоғамдық қорғаушылар процеске кіре алмады

29 қаңтарда Талдықорғанда "Атажұрт" белсенділерінің соты жалғасты. Бұған дейін судья сотты 19 айыпталушының бірінің өтінішімен жабық қылған. Қалған 18 айыпталушы соттың ашық өтуіне қарсы болмаған еді.

Бейсенбі күні процесс басталмай тұрғанда айыпталушылардың жақындары іс жабық қаралып жатқанына, қоғамдық қорғаушыларды сотқа кіргізбегеніне келіспеді. Сот қызметкері әр адамның жеке басы анықталып жатыр деп түсіндірді. Сотқа келгендер процеске қатыспаса да, ғимараттың кішкентай залында тарамай күтіп тұрды. Оларды бет-аузын тұмшалаған, арнайы жасақ өкілдері бақылап тұрды.

Айыптаушылардың бірі Тұрсынбек Қабидің әйелі Оралхан Әбенқызы күйеуінің қоғамдық қорғаушысы болса да кіре алмағанын айтты.

– Бірінші куәгерлер кірді. Одан кейін "сіздер кіресіздер" деп тұрғызып дайындап қойды да сол күйі кіргізген жоқ. Негізі алдында қорғаушымыз қағазды өздері жинап алған. Сондай қағазымыз болса да бізді кіргізген жоқ, - деді ол.

Процестен шыққан соң адвокат іс жабық болған соң көп ақпаратты айта алмайтынын, айыпталушылардың жағдайы туралы ғана айтты.

– Қал-жағдайлары Құдайға шүкір. Бір-екі жігіт бар, көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, сот оларды біледі. Қалғандары... енді түрмедегі адамдарды жақсы демейсің ғой, – деді Шынқуат Байжанов.

Айыпталушылардың бірі Батылбек Байғазының қарындасы Айгүл Байғазы түрмедегі ағасының көзі көрмей қалғанын айтты. Оның сөзінше, ағасының көзі бұрыннан ауырып келген, бірақ кейінгі кезде асқынған. Оған қажет күрделі операцияны Қазақстанда жасамағандықтан, туыстары шетелге апарып, емдетуге оқталған. Алайда ағасы түрмеге қамалған.

"Түрмеде көзі көрмей қалыпты. Тергеу абақтысында өзіне қайнаған суды екі рет төгіп алған, жығылып, денесін жарақаттап алған. Біз оның денсаулығы туралы айтқан едік. Алдыңғыгүні оны Талдықорғандағы мемлекеттік ауруханаға апарыпты. Ондағы дәрігерлер "біз ештеңе істей алмаймыз, бізде ешқандай портал қарастырылмаған" деген екен. Бүгін сотта көзі көрмей қалғаны айтылыпты. Біз сотқа қатыса алмағандықтан ештеңе біле алмай отырмыз" деді Айгүл Байғазы Азаттыққа.

23 қаңтарда Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Атажұрт" тіркелмеген ұйымының 19 белсендісінің ісін қарай бастаған.

"Атажұрттың" 19 айыпталушысына "араздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылып отыр. Айыптау актісінде белсенділер "масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздық қоздыру, сонымен бірге қытай ұлтының өкілдеріне қатысты ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында ұйымдасқан түрде жиналған" деп жазылған. Мемлекет тағайындаған сараптама наразылық туралы видеоларда "ұлтаралық" немесе "ұлттық алауыздық қоздыру" белгілері бар деген қорытынды жасаған.

Ал белсенділердің адвокаты Шынқуат Байжанов істің саяси астары бар деп санайды. Оның пікірінше, белсенділер қытай халқына емес, Қытай билігінің қудалау саясатына қарсылық білдірген. Ал бұл араздық қоздыру емес – мемлекет саясатын сынау.

Белсенділерге тым ауыр айып тағылғанын бұған дейін кейбір депутаттар да айтқан.

Қылмыстық іске былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында өткен наразылық түрткі болған. Қолына Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап шыққан бір топ адам Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен.

Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен.

Ізінше белсенділер қамалып, әуелі әкімшілік жауапқа тартылды, кейін оларға қылмыстық іс бойынша айып тағылды.

Бұған дейін АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшесі Джеймс Макговерн Қазақстан билігін "Атажұрт" тіркелмеген ұйымының 19 мүшесін дереу босатуға үндеген. Оның алдында осыған ұқсас үндеуді Amnesty International мен Human Rights Watch ұйымдары жасаған.

Читайте на сайте