Өскеменде ауа ластануына байланысты оқушылар қашықтан оқиды
Өскеменде ауа сапасы нашарлауына байланысты бірінші және екінші ауысымда оқитын мектеп оқушылары 30 қаңтардан бастап қашықтан оқуға көшірілді. Қалада үш күннен бері "екінші дәрежелі қолайсыз метеожағдай" сақталып тұр. Бұл жөнінде Қазақпарат жазды.
Мұндай шешім балалардың денсаулығына қатер төндірмеу мақсатында қабылданған деп айтылады.
"Қолайсыз ауа райы кезінде бірінші кезекте оқушыларымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты маңызды. Сондықтан оқушыларды уақытша қашықтан оқуға көшіру туралы шешім қабылданды" деді жергілікті білім басқармасы.
Жергілікті YK-news.kz сайты "Қазгидромет" деректеріне сүйене отырып, 29 қаңтарда қалада ауадағы көміртегі тотығы (2,023 есе) және күкіртсутек (1,625 есе) шамадан асып кеткенін хабарлады.
Қалада осыған ұқсас оқиғалар жиі болады. Былтыр күзде қолайсыз метеожағдай рейстердің кешіктірілуіне түрткі болған.
Тәуелсіз экологтар қаланың ауа сапасы жыл сайын нашарлап барады деп дабыл қағып келеді. Экологтардың сөзінше, көмір жағатын жылу электр орталығы мен жеке үйлердің түтіні, түсті металл өңдейтін зауыттардың ауаға шығаратын зиянды заттары және көліктердің түтіні ауаны ластайды дейді.
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде 400 мыңдай халық тұрады. "Қазгидрометтің" мәліметіне сүйенсек, Өскемен - кейінгі бес жылда ауасы лас болған алты қаланың бірі.