World News

“Шиеленіс дәуіріндегі тыныш айлақ“. Түркістандағы ТМҰ саммитінен кейін сарапшылар не дейді?

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті өтті. Жиынның басты тақырыбы жасанды интеллект пен цифрлық даму болғанымен, Қазақстан Президенті өз сөзінде әлдеқайда ауқымды мәселелерді қозғады. Ол түркі әлемінің ортақ рухани құндылықтарын сақтау туралы айтып, ТМҰ-ны "геосаяси жоба немесе әскери альянс" деп сипаттайтындарға жауап берді. Tengrinews.kz сарапшылардан өткен саммитте қандай маңызды мәселелер айтылғанын білді.
ТМҰ туралы не білу керек?
Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы құрылды, бастапқыда ол "Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі" деп аталды. Сол кездің өзінде бірлестік мәдени-гуманитарлық мәселелерге – дәстүрлерді сақтауға, тілді дамытуға және халықтар арасындағы байланысты нығайтуға баса назар аударған болатын.
2021 жылы Ыстамбұлда өткен саммитте ұйым қазіргі атауын алып, күн тәртібін кеңейтті. Қатысушылар экономикалық ынтымақтастықты, көлік бағыттарын және цифрландыруды белсендірек дамыта бастады.
Бүгінде ТМҰ құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан, Түрікменстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы мәртебесіне ие.
Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
"ТМҰ-ға тарихи мүмкіндік туды"
Әзербайжандық саясаттанушы, "Оңтүстік Кавказ" клубының жетекшісі Ильгар Велизаде кейінгі онжылдықтарда ұйымның мәдени-гуманитарлық одақтан алдағы жылдарға арналған нақты даму жоспары бар ықпалды халықаралық ойыншыға айналғанын атап өтті.
Оның пікірінше, әлемдегі тұрақсыз жағдайда ТМҰ елдері серіктестер мен инвесторлар үшін тартымды бола түсіп келеді.

"Біз бүгін әлемде және үлкен Еуразияда не болып жатқанын көріп отырмыз. Құрлығымыздағы ең ірі екі соғыс ТМҰ-ға тікелей жақын жерде жүріп жатыр. Бұл шиеленіс триггері, бірақ сонымен бірге сын-қатер мен мүмкіндік. Мүмкіндік сонда, ТМҰ елдері соғыс жоқ аймақ. Біз жаһандық текетірестердің қатысушысы емеспіз. Түркия НАТО мүшесі, ал Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мүшесі болғанына қарамастан, бұл қайшылық олардың қарым-қатынасына әсер етпейді. Президент Ердоғанның Қазақстанға сапарының нәтижелері ТМҰ-ның қақтығысты күн тәртібіне араласпай отырғанын көрсетеді және бұл өте маңызды", – дейді сарапшы.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Әзербайжандық саясаттанушы бұл жолғы саммит аймақтың сыртқы инвесторлар үшін "тыныш айлақ" ретіндегі имиджін қалыптастыруды жалғастырып жатқанын айтады.

"Егер бұрын біз көбіне мемлекеттер арасындағы тауар айналымы туралы айтсақ, бүгінде техникалық кооперацияны, бірлескен кәсіпорындар құруды және ірі көпжақты инвестициялық жобаларды іске асыруды талқылап жатырмыз. Сыртқы инвесторлар аймақтың келешегі зор екенін түсінеді және мұнда қаржы салуға ынталы. Олар үшін бұл дәл осы жерде ірі бизнес үшін тыныш айлақ қалыптасып жатқанының белгісі", – деп атап өтті Ильгар Велизаде.

Сарапшы Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) ерекше тоқталды. Саясаттанушының пікірінше, ол ТМҰ елдерінің "өзекті элементіне" және "бірлескен кәсіпорнына" айналды. Аймақтағы бірқатар шиеленіс ошақтарына байланысты жүк тасымалдаушылар тұрақты логистикаға бет бұра бастаған.

"Қазақстан қазір бұл дәлізді цифрландыру процестерін белсенді ілгерілетіп жатыр. Бұл жобалардың келешегі зор. Таяу жылдарда бұл жобалардың осы үлкен кеңістіктің, түркі кеңістігінің саяси ландшафтын қалай өзгертетінін көреміз деп үміттенеміз", - деді сарапшы.

Түркі инвестициялық қорының рөлі
Бірлескен жобаларды қаржылай қолдау туралы айта келе, Велизаде Түркі инвестициялық қорын ерекше атап өтті.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті саммиттегі сөзінде бұл қор бірқатар бастаманы, мысалы, түркі елдерінің жастары арасында бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технологиялар саласындағы жыл сайынғы ғылыми-технологиялық олимпиаданы жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсете алатынын айтқан болатын.

"Биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте.

Велизаденің пікірінше, қор қажетті синергияны тудырады: мемлекеттер құқықтық жағдай мен капиталды қамтамасыз етеді, ал жеке бизнес инновациялық идеяларды жүзеге асырады.
Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Саммиттің басты тақырыбы – жасанды интеллектке келетін болсақ, сарапшы бұл жерде жүйелі тәсілдің қажеттілігін көріп отыр.

"Тіпті Орта дәліз мысалында цифрландырудың практикалық схемаларға қалай енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар бұл жерде жүйелі тәсіл қажет деп есептеймін. Бізде білім, ғылым және басқа да салаларда ынтымақтастық бар. Әрине, бұл бағытта да ұйымдасқан өзара іс-қимыл болғаны жөн. Қазір бәрі соған бет бұрып келеді. Кеше ғана Қазақстан Президенті жасанды интеллектіні білім беру мақсатында пайдалану туралы жарлыққа қол қойды. Меніңше, бұл да ТМҰ-ға мүше барлық ел үшін ынталандырушы әсері бар маңызды қадам болмақ", – деп атап өтті сарапшы.

"Біздің өңірді геосаяси тұйық деп атайтын"
Қырғызстандық профессор, тарих ғылымдарының докторы Зайнидин Құрманов ұзақ уақыт бойы әлемдік мұхитқа тікелей шығу мүмкіндігі болмағандықтан, өңірдің "геосаяси тұйық" ретінде қабылданғанын айтады.
Оның пікірінше, Транскаспий дәлізінің дамуы бұл кедергілерді еңсеруге көмектеседі.

"Біздің аймақты мұхитқа шығу жолы жоқ болғандықтан геосаяси тұйық деп атайтын. Бұрын саясаттанушылар: түркі әлемі бытыраңқы, олардың арасында Каспий теңізі жатыр дейтін. Ал теңіз деген аумақ емес пе? Теңізді жүзіп өтуге болады. Бір жағалауда түркмендер мен қазақтар, екінші жағалауда әзербайжандар тұр. Ол жерден Түркияға, Жерорта теңізіне де алыс емес. Сондықтан бұл бағыт біз үшін жай ғана ермек емес. Біз Каспий арқылы осы шығу жолдарын іздеп жатырмыз. Бұл біздің өркендеуге және толыққанды нарықтық экономикаға барар жолымыз", – дейді сарапшы.

Сонымен қатар Құрманов Түркі инвестициялық қоры маңызды рөл атқаруы тиіс деп санайды. Ол қор ресурстарды тек бір елге шоғырландырмай, өңірлердің біркелкі дамуына көмектесуі керектігін баса айтты.
Сарапшы цифрлық күн тәртібіне де ерекше тоқталды. Ол жасанды интеллектіні дамыту мен цифрландыру ТМҰ аясындағы ынтымақтастық басымдықтарының бірі болуы тиіс деп есептейді.

"Басқа елдер біз үшін бәрін ойлап тапқанша күтпей, алдын ала әрекет етуіміз керек. Ақпараттық дәуірдің мүмкіндіктерін пайдаланып, жастарымыздың әлеуетін пайдалы арнаға бағыттау қажет. Қолымыздан келетін іспен ғана шектелмей, заманауи білім деңгейінде жұмыс істеп, көкжиегімізді кеңейтуіміз керек", – деп түйіндеді Зайнидин Құрманов.

"Қазақстан ЖИ саласындағы түркі әлемінің көшбасшысы"
Қазақстандық саясаттанушы және Орталық Азия бойынша сарапшы Расул Қоспанов 30 жыл ішінде ТМҰ идеядан бастап маңызды халықаралық мәртебеге дейінгі жолдан өткенін айтты. Оның пікірінше, 2026 жылы ЖИ-ді талқылау – болашақта аман қалу мәселесі.

"Біз ұлы өткеніміз туралы көп айта аламыз, бірақ болашағымыздың табысты болғанын қаласақ, заман ағымымен бірге жүру маңызды. Бүгінде Қазақстан ЖИ-ді дамыту бойынша түркі әлемінде сөзсіз көшбасшы. Бізде Alem.ai орталығы сияқты маңызды нәтижелер бар. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы құзыреттілігімізбен көршілеріміз – Өзбекстан және Қырғызстанмен бөлісе аламыз", – дейді саясаттанушы.

"Жібек жолындағы бұрынғы айбынды қайтару мүмкіндігі"
Қоспанов әзербайжандық әріптесі Ильгар Велизаденің қазіргі әлемдегі алмағайып кезең ТМҰ-ға бірегей мүмкіндік береді деген пікірімен келісті. Ол түркі империялары ғасырлар бойы Жібек жолында үстемдік құрғанын, бірақ әлемдік сауда мұхиттарға ауысқанда бұл позициядан айырылып қалғанын еске салды.

"Бүгінде әлемдік шығанақтардағы шиеленіс пен Солтүстік дәлізге қарсы санкциялар аясында құрлықтық маршруттардың рөлі қайта артып келеді. Орта дәліз – экономикаларымыздың бұрынғы айбынын қайтару кілті. Қазақстан бұл жерде шешуші орынға ие: біз Еуразияның дәл жүрегіндеміз", – деп атап өтті сарапшы.

Дегенмен, Қоспановтың айтуынша, бұл әлеуетті іске асыру үшін порттық инфрақұрылымды шұғыл дамыту, жеке инвестицияларды тарту және сирек кездесетін металдар мен мұнай жеткізу көлемін арттыру қажет.

"10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, қазіргі айырмашылық жер мен көктей. Бірақ әлі де атқарылатын жұмыс көп. 2022 жылға дейін еліміз бұл бағытқа аса көңіл бөлмегенін мойындау керек, бірақ соңғы жылдары оны белсенді түрде дамытып жатырмыз. Шетелдік мемлекеттер мен инвесторлардан қомақты инвестиция түсіп жатқаны қуантады. Біз нарықтық экономикасы бар елміз. Тек мемлекет ақшасын жұмсағымыз келмейді; порттарды осы дәлізден нақты пайда көріп отырған жеке бизнес дамытуы тиіс", – деп түйіндеді Расул Құспанов.

"ТМҰ – әскери альянс емес"
Айта кетейік, Түркістандағы саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба немесе әскери альянс емес деп баса айтқан болатын. Президенттің айтуынша, ТМҰ - бұл сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірегей алаң.
Саясаттанушы Расул Құспанов мұндай риторика – сыртқы қауіптенулерге тікелей жауап екенін атап өтті.

"Елдеріміздің күшеюінен қорқатын кейбір "дұшпандардың" мәлімдемелері негізсіз. ТМҰ шынымен де әскери одақ емес, бұл ең алдымен бауырлас елдердің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған ұйым", – дейді сарапшы.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Сондай-ақ саясаттанушы Тоқаевтың "Алтай – түркі өркениетінің бесігі" және "ТМҰ +" форматын құру бастамаларына қолдау білдіруіне қатысты пікір білдірді. Қоспановтың пайымдауынша, бұл ұйымның ашықтығы мен прагматизмін айқындайды.

"Алтай жобасы Шығыс Қазақстанды, Ресейді, Қытайды және Моңғолияны біріктіретін нақты өңірді дамытуға бағытталған. Мысалы, Ресейдегі Алтай арқылы Моңғолияға жол салу қашықтықты қысқартады және бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Ал "ТМҰ +" форматына келер болсақ – бұл блоктарға ресми түрде кіре алмайтын немесе кіргісі келмейтін елдер үшін икемді платформа. Бейтарап мәртебесі бар Түрікменстан немесе түркі тілдес емес Тәжікстан бұл форматты сауда-саттықты арттыру үшін пайдалана алады. Бұл ұйымға деген негізсіз күмәнді сейілтудің және жаңа серіктестерді тартудың жолы", – деп түйіндеді Расул Құспанов.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Негізгі қорытынды
Сарапшылардың пікірінше, ТМҰ бірте-бірте мәдени бірлестіктен неғұрлым прагматикалық экономикалық және технологиялық платформаға айналып келеді.
Жаһандық тұрақсыздық жағдайында өңір елдері қақтығыстардан тыс қала отырып, инвестициялар үшін "тыныш айлақ" бейнесін нығайтып жатыр.
Сондай-ақ мамандардың пайымдауынша, интеграцияда Орта дәліз шешуші рөл атқарады: ол аймақтың байланысын күшейтіп, Азия мен Еуропа арасындағы маңызды баламалы логистикалық артерияға айналады.
Тағы оқыңыз: Тоқаев әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі факторын атады

Читайте на сайте