World News

Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында қайтыс болды: қызы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді

Осыдан бір апта бұрын қайғылы жағдайда өмірден өткен блогер Сәуле Базарханның жақындары әлеуметтік желіде қазаға не себеп болғанын айтып, жазба жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жоспарлары көп еді..."
Сәуле Базарханның (Ермаханованың) қызы Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, анасының өліміне не себеп болғанын айтып берді.

"2026 жылдың 15 мамырында анамыз Алматыдағы жеке емханалардың бірінде көз жұмды. Жергілікті анестезиямен бір-бір жарым сағатқа (дәрігерлердің айтуынша) жоспарланған липосакция отбасымыз үшін үлкен қасіретке айналды. Бір сағат. Бір жарым. Екі. Үш. Сұрақтарымызға жауап бермеді. Тек үнсіз қалды. Анамыздың бақилық болғанын қасында бірге барған туысымызға кешкі сағат 18:00 шамасында ғана хабарлаған", - деп жазды қызы.

Сондай-ақ қыз жедел жәрдемнің тек 19:00-де келгенін атап өтіп, әлі де жауабы табылмаған бірнеше сұрақ қойды.

"Үш сағат. Ол жабық есіктің артында үш сағат бойы жалғыз болды. Дәрігерлер неге өлім туралы бірден хабарламады? Біз олардың осы уақыт бойы не істегенін білгіміз келеді. Анамызды аман алып қалуға әрекет жасалды ма? Жедел жәрдем неге бірден шақырылмады?" - делінген жазбада.

Бұдан бөлек, автор анасы көз жұмған емхана әлі де жұмысын жалғастырып, жаңа клиенттерді қабылдауға жазып жатқанын алға тартты.

"Анамды көпшілік танитын, ол миллиондаған аудиториясы бар әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізетін. Бірақ біз үшін ол ана және әже еді - мейірімді, қамқор, ақжарқын жан болатын. Жасы 53-те еді. Оның жоспарлары өте көп болатын. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Біз шындық пен әділдік үшін, мұндай жағдай ешкімнің басында қайталанбауы үшін соңына дейін күресеміз", - деп жазды қызы.

Полиция пікірі
Редакция тілшілері аталған іске қатысты пікір алу үшін Алматы Полиция департаментіне хабарласты. Ведомство мәліметінше, Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.

"Соталды тергеу аясында қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізіліп жатыр, оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады", - деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Полиция Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сүйеніп, істің басқа егжей-тегжейін ашпады.
Редакция Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне, сондай-ақ операция жасалған емханаға ресми сауал жолдады.
Әлеуметтік желілердегі реакция
Қайғылы жағдайдан кейін емхананың 2Gis-тегі парақшасында қолданушылар тарапынан көптеген теріс пікірлер пайда болды. Желі қолданушылары мекемеге бір жұлдыз қойып, оны адам өліміне айыптап жатыр.
Скриншот
Еске сала кетейік, бұған дейін продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желіде жақын құрбысы Сәуле Базарханның қазасына байланысты жантебірентерлік жазба жариялаған болатын. Қолданушылар бұл жарияланымды қызу талқылады. Бірқатар желі қолданушылары бұл қайғылы жағдай пластикалық операциямен байланысты болуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен бұл ақпарат ол кезде ресми түрде расталмаған еді.

Читайте на сайте