World News

СІМ қазақстандықтар қатысты делінген АҚШ-тағы ірі алаяқтық ісіне қатысты пікір білдірді

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тағы Medicare және Medigap медициналық сақтандыру бағдарламалары бойынша 1 миллиард доллардан аса сомаға алаяқтық жасау ісіне қатысы бар деген ел азаматтарына қатысты жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды TengriHealth
СІМ не дейді?
Қазақстан СІМ сауалымызға берген жауабында Американың құқық қорғау органдары АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарына қатысты процестік әрекеттерді әлі де жүргізіп жатқанын хабарлады. Сөз медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету саласындағы ықтимал заңбұзушылықтар туралы болып отыр.

"Тергеу және сот процедуралары әлі аяқталмағанын, сондай-ақ АҚШ заңнамасының талаптарын ескере отырып, америкалық тарап тергеу мәліметтерін, оның ішінде процестік материалдарды, процестік сипаттағы шаралар туралы мәліметтерді және іс барысына әсер етуі мүмкін өзге де ақпаратты жария етпейді", - деп нақтылады ведомство.

СІМ барлық процедура аяқталып, сот шешімі шыққанға дейін қандай да бір баға беру, соның ішінде ықтимал процестік шешімдер туралы айту ерте екенін атап өтті.
Сонымен қатар, министрлік Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы осы іс бойынша америкалық тараппен байланыста екенін және жағдайдың дамуын қадағалап отырғанын жеткізді:

"Сондай-ақ, егер сот айыптау үкімін шығарып, ол күшіне енсе, сотталғандарды беру мәліметтері қолданыстағы халықаралық-құқықтық тетіктер мен тиісті мемлекеттердің ұлттық заңнамасы аясында қатаң түрде қаралатынын хабарлаймыз".

Не болды?
Еске салайық, бұған дейін Чикагода Қазақстанның екі азаматына Medicare және Medigap америкалық медициналық сақтандыру бағдарламаларымен көп деңгейлі алаяқтық схемаларына қатысты деген айып тағылғаны белгілі болған еді.
АҚШ федералдық прокуратурасы мәліметінше, сөз 1 миллиард доллардан аса сомаға медициналық жабдықтар мен диагностикалық қызметтерге жалған өтінім беру туралы болып отыр. Айыптау актілерінің бірінде Қазақстан азаматы А. А.-ға Medicare бағдарламасымен алаяқтық жолмен алынған ақшаны жылыстату мақсатында сөз байласты деген айып тағылып отыр.
Екінші іс бойынша федералдық прокуратура Чикаго ауданында тұрған қазақстандық Т. С.-ны айыптап отыр. Оған медициналық сақтандыруға қатысты бағдарлама арқылы ақша жылыстату үшін сөз байласты деген айып тағылды.

Читайте на сайте