World News

Теңге бағамы не болмақ? Ұлттық банк басшысы айтып берді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңге бағамына қалай әсер ететіні туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы бүгін брифингте журналистер сұраған болатын, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, брифинг барысында журналистер базалық мөлшерлеменің төмендеуі ұлттық валютаның әлсіреуіне әкеп соғуы мүмкін бе деп сұрады. Сүлейменов реттеуші тарапынан мұндай тәуекелдер байқалмайтынын мәлімдеді.

"Біз базалық мөлшерлеменің төмендеуі салдарынан теңгенің әлсіреуін күтпейміз. Жалпы, 17 пайыздық базалық мөлшерлеме теңгелік активтердің тартымдылығын сақтап тұр. Бір пайыздық өзгеріс теңгелік активтер тартымдылығына - депозиттерге де, корпоративтік облигацияларға да әсер етпейді. Сұраныс бұрынғы деңгейде қалады, демек, бағам айтарлықтай өзгермейді", - деді Сүлейменов.

Ол валюта нарығына мөлшерлеме ғана емес, бюджет қаражатының қозғалысы да әсер ететінін атап өтті.

"Ақша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне жеткенше, олар тендер жариялағанша, валютаға деген сұраныс аса өзгере қоймайды", - деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, маусымдық фактор да теңге бағамына өз ықпалын тигізеді.

"Содан кейін демалыс маусымы басталады, азаматтар доллар сатып ала бастайды. Осы уақытта бізде бағам әдетте сәл жоғарылай бастайды", - деп жалғастырды Ұлттық банк төрағасы.

Бұл ретте ол іргелі факторлар тұрақты екенін айтып өтті:

"Іргелі тұрғыдан алғанда, бізде жағдай өте жақсы. Мұнай бағасы өсіп жатыр: бұрын 60–70 доллар болса, қазір тұрақты 100 доллар шамасында".

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы валюталық түсімге қатысты жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді.

"Нарыққа валюталық түсімнің келуі тұрғысынан бізде бәрі дұрыс. Валютаның әлсіреуіне ешқандай алғышарт көріп тұрған жоқпын", - деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанда кейінгі екі жылда алғаш рет базалық мөлшерлеме төмендетілді. Мөлшерлеме жылдық 18 пайыздан +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен 17 пайызға дейін төмендетілді.

Читайте на сайте