Тағы 280-нен аса талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды
Негізгі ҰБТ-2026 басталған жеті апта ішінде ереже бұзудың 715 жағдайы анықталды. Жүздеген талапкер тыйым салынған заттарды пайдаланғаны және басқа да заңбұзушылықтар үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды немесе нәтижесі жойылды, деп хабарлайды Tengri Education Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жеті аптада 700-ден астам ереже бұзу жағдайы тіркелді
10 мамырда басталған негізгі ҰБТ-2026 басталғалы бері тестілеуден 340 мыңға жуық адам өтті.
Министрлік мәліметінше, емтихан өткізілген жеті апта ішінде 715 ережебұзушылық анықталған. Атап айтқанда, 422 талапкер аудиторияға смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеті үшін тестілеуден шеттетілді.
Тағы 286 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Олардың нәтижесі жойылды.
Видеоны тексергеннен кейін нәтижені жою жалғасып жатыр
Бейнежазбаларды қарау барысында мамандар қосымша ереже бұзу фактілерін анықтады. Нәтижесінде тағы жеті талапкердің көрсеткіші тестілеу аяқталғаннан кейін жойылды.
Айта кетерлігі, ҰБТ-2026 барысында өзге адамның орнына кіру жағдайлары тіркелген жоқ.
Министрлік бейнежазбаларды талдау жұмысы 31 қазанға дейін жалғасатынын ескертті. Егер мамандар тыйым салынған заттарды қолдану немесе басқа да ережебұзушылықтарды анықтаса, ҰБТ нәтижесі емтихан тапсыру уақытына қарамастан жойылады.
ҰБТ-2026 нәтижесі қандай?
Тестілеудің жетінші аптасының қорытындысы бойынша қатысушылардың 70 пайызы шекті балл жинады.
Бес пән бойынша орташа балл 66 болды. Ең жоғары көрсеткіш - 140 балл. Оны Павлодар облысынан Әсет Альтаир жинады.
Талапкерлердің басым бөлігі - 73 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде, 27 пайызы орыс тілінде тапсырды. Тағы 522 адам тестілеуден ағылшын тілінде өтті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектер үшін арнайы жағдайлар жасалды. ҰБТ-ға осындай 765 талапкер қатысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін видеоны тексергеннен кейін алғашқы талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылған болатын.