World News

Қазақстандағы банктер депозиттер бойынша мөлшерлемені қайта қарай бастады: мән-жайы

Қазақстанда банктер депозит талаптарын өзгертіп, салымшылар үшін мөлшерлемелерді қайта қарай бастады. Бұл 5 маусымда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені бірден 1 пайыздық тармаққа - 17 пайызға дейін төмендеткенінен кейін болып отыр. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) нарықтағы қазіргі ахуал туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Салымдарға не болып жатыр?
ҚДКБҚ мәліметінше, маусымда бірден қазақстандық 10 банк (оның ішінде 2 ірі, 4 орта және 4 шағын банк) өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендетті.
Мөлшерлемелерді төмендету толқыны салымдардың барлық санатын қамтыды, алайда қор ең жоғары табыс әкелетін - жинақ депозиттерінің кірістілігі көбірек "қиылғанын" атап өтті.
Анықтама: Жинақ депозиті – бұл ақшаны ұзақ мерзімге сақтауға арналған, ең жоғары пайыздық мөлшерлемелері бар банктік құрал. Жоғары табыстылық қатаң шектеулермен өтеледі: қаражатты мерзімінен бұрын алу есептелген пайыздардан толықтай дерлік айырылусыз мүмкін емес, ал ішінара алуға әдетте тыйым салынады.
Бұл ретте банктер таңдамалы әрекет етіп жатыр: көптеген қатысушы қысқа мерзімді (3–6 ай) депозиттер бойынша жоғары мөлшерлемелерді сақтап қалды, бірақ ұзақ мерзімді (бір жыл және одан жоғары) салымдардың пайызын төмендетті.

"Жекелеген банктер мерзімсіз депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендеткеніне қарамастан, маусымда депозиттердің бұл түрі бойынша ең жоғары мөлшерлеме бұрынғы 16,9 пайыз деңгейінде сақталды (2025 жылғы қарашадан бері өзгермеген). Бұл инфляцияның төмендеуі жағдайында неғұрлым икемді депозиттер бойынша нақты табыстылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең жоғары деңгей өзгеріссіз қалған кезде ең төменгі мөлшерлеменің төмендеуі банктердің пайыз саясатында саралаудың күшейгенін көрсетеді", – деп түсіндірді ҚДКБҚ.

Жинақ салымдары: табыстылық төмендеп жатыр, бірақ рекорд күшінде
Жинақ депозиттері ең тиімді, бірақ сонымен бірге ең қатаң шарттары бар салым түрі болып отыр: барлық пайызды жоғалтпай ақшаны мерзімінен бұрын алу мүмкін емес, ал қаражат тек өтінім берілгеннен кейін 30 күн өткен соң беріледі.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мәліметтеріне сүйенсек, осы сегментте көп өзгеріс болған:

Толықтыру құқығы жоқ салымдар. Мұнда мөлшерлемелердің жаппай төмендеуі тіркелді. Бірден 6 банк мөлшерлемелерді қысқартты. Мәселен, бір ірі банк жарты жылдық салымдар бойынша мөлшерлемені 1,2 пайыздық тармаққа, ал орташа банктердің бірі жылдық салымдар бойынша табыстылықты бірден 3,5 пайыздық тармаққа азайтты. Банктер ұзақ мерзімге "қымбат" ақша жинауға құлықты емес екені анық байқалады.
Толықтыру құқығы бар салымдар. Төрт банк пайыздарды төмендетті, алайда кейбір қатысушылар қысқа мерзімдерге мөлшерлемелерді нүктелі түрде көтерді.

Жалпы төмендеуге қарамастан, жинақ салымдары сегментіндегі ең жоғары мөлшерлеме ең жоғарғы деңгейде – 20,5 пайыз (3 және 6 ай мерзімге) деңгейінде сақталып қалды.

"Ұзақ мерзімдер бойынша мөлшерлемелердің анағұрлым айтарлықтай төмендеуі банктердің ұзақ мерзімді қорландыруды тарту құнын төмендетуге деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл, сірә, нарықтың ұзақ мерзімді перспективада ақша-несие саясатының одан әрі жұмсаруын күтуіне байланысты болса керек", – деп түсіндірді ҚДКБҚ.

Ал нарықтағы ұзақ мерзімдерге (24 айдан бастап) арналған ең төменгі ұсыныстар 5–6,3 пайызға дейін құлдырады.
Банктер мерзімді депозиттер бойынша қандай шарттар ұсынады?
Мерзімді салымдар ақшаға еркін қол жеткізу мен жоғары табыстылық арасындағы "аралық нұсқа" болып отыр. Маусымда осындай толықтыру мүмкіндігі бар депозиттерді ұсынған банктердің жартысы шарттарын өзгертті.

Ірі банктер 3 ай мерзімге арналған қысқа салымдар бойынша мөлшерлемелерді шамамен 1 пайыздық тармаққа төмендетті, бірақ жылдық депозиттер бойынша табыстылықты сәл арттырды.
Орташа банктер негізінен бүкіл желі бойынша мөлшерлемелерді азайтты – орта есеппен 0,5–1 пайыздық тармаққа.

Қазіргі уақытта толықтырылатын мерзімді салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлеме 20 пайыз (3 ай мерзімге) деңгейінде қалып отыр, ал ең төменгісі ұзақ мерзімді депозиттер бойынша 5 пайызға дейін түсті.
Толықтыру құқығы жоқ мерзімді салымдарға келетін болсақ, олар жаппай өнім ретінде жойылып барады – қазір нарықта оларды іс жүзінде тек бір банк қана ұсынады.

"Толықтыру құқығы жоқ мерзімді депозиттер әлі де депозит нарығындағы шектеулі үлесті иеленіп отыр. Салымшылардың таңдауы не жинақтарды басқаруда үлкен икемділікті қамтамасыз ететін толықтырылатын депозиттерге, не толықтыру құқығы болмаса да, жоғары табыстылықты ұсынатын жинақ салымдарына ауды", – деп атап өтті қордағылар.

Мерзімсіз депозиттер – шығынсыз икемділік
Қазақстандықтар арасындағы салымдардың ең танымал түрі (ақшаны кез келген уақытта төмендетілмейтін қалдыққа дейін алуға және толықтыруға болатын түрі) ең аз "зардап шекті".
Маусымда мерзімсіз депозиттер бойынша шарттарды 4 банк қайта қарады: үшеуі мөлшерлемелерді төмендетті (орта есеппен 0,5 пайыздық тармаққа), ал бір шағын банк, керісінше, табыстылықты 14,7 пайызға дейін көтерді.
Банкте қиындықтар туындаған жағдайда қанша ақша қайтарылады?
Сарапшылар банк таңдау кезінде жоғары пайыздық мөлшерлемеге ғана емес, қаржылық тұрақтылық рейтингтеріне де назар аударуды ұсынады. ҚДКБҚ банк қиындықтарға тап болған жағдайда қолданылатын кепілдік берілген өтемнің өзекті шектерін еске салды:

20 миллион теңгеге дейін – ұлттық валютадағы жинақ салымдары бойынша.
10 миллион теңгеге дейін – мерзімсіз және мерзімді депозиттер, сондай-ақ теңгедегі ағымдағы шоттар мен қарапайым төлем карталарындағы ақша бойынша.
5 миллион теңгеге дейін – шетел валютасындағы кез келген депозиттер мен шоттар бойынша.

Егер бір банкте бірден бірнеше салым түрі ашылған болса, онда форс-мажор жағдайында қордан төленетін жалпы сома жинақталады, бірақ 20 миллион теңге шектен аспауы тиіс.
Бұған дейін қазақстандық банктердегі депозит иелері салымдарды автоматты түрде ұзарту функциясы кесірінен сыйақының бір бөлігінен айырылып қалуы мүмкін екенін жазған болатынбыз. Табысты жоғалтпау үшін банктермен жасалған келісімшарттарды автоматты түрде ұзартудан бас тарту қажет. Толығырақ материалдан оқыңыз.

Читайте на сайте