World News

Іс сотқа жетті: Атыраудағы АИТВ орталығының директоры орынбасарын “Т“ әрпінен басталатын сөзбен балағаттаған

Атырауда АИТВ (ВИЧ) алдын алу жөніндегі облыстық орталық директоры мен орынбасары арасындағы еңбек дауы сотпен аяқталды. Орынбасары басшының өзін көпшілік алдында "т..." және "сауатсыз" деп балағаттағанын айтып, шағымданған. Бұл сөздердің расымен айтылған-айтылмағанын сот анықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұған дейін сот талқылауы туралы журналист Михаил Козачков хабарлаған болатын. Tengrinews.kz тілшісі Сот кабинетінде жарияланған шешіммен танысып, істің мән-жайын зерттеді.

"Т" әрпінен басталатын сөз

Жанжал Атыраудағы АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі облыстық орталықта мекеме директоры А. К. мен оның орынбасары Л. А. арасында болған. Орынбасардың айтуынша, директор оның лауазымын қысқартудың заңдылығын тексерген денсаулық сақтау басқармасы комиссиясының отырысында былапыт сөздер айтқан. Бұл сотқа жүгінуге негіз болды.

Жәбірленушінің нұсқасы бойынша, басшы оны көпшілік алдында "т..." және "сауатсыз" деп атап, үстелді ұрғылаған және комиссия мүшелерінің көзінше оның намысына тиген. Осыдан кейін орынбасары жеке айыптау тәртібімен сотқа арызданды. Ол директорды жауапқа тартуды және моральдық шығын ретінде бір миллион теңге өндіріп алуды сұрады.

Директор болса өз кезегінде кінәсін мойындамады. Ол мұндай сөздерді айтпағанын, ал ескертулері тек қол астындағы қызметкердің жұмысына қатысты болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Л. А.-ның түрлі инстанцияларға жазған көптеген шағымы өзінің беделіне нұқсан келтіргенін айтты. Осыған байланысты ол бес миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы қарсы азаматтық талап арыз түсірді.

Сотта не анықталды?

Жағдайды анықтау үшін сотқа куәгерлер – жәбірленушінің айтуынша, балағат сөздер айтылған кезде қатысқан комиссия мүшелері шақырылды.

Отырыста олар әртүрлі түсінік берді: кейбіреулері "т..." деген сөзді естігенін және директордың эмоционалды әрекеттерін көргенін растаса, басқалары ешқандай балағат сөз естімегенін айтты. Сонымен қатар комиссияның барлық мүшесі тексеру актісінің түпнұсқа екенін растады, онда директордың өз орынбасарына қатысты орынсыз сөздер айтқаны тіркелген.

Іс материалдарын, тараптар мен куәгерлердің түсініктемелерін және мамандардың қорытындыларын зерделей келе, сот тәуелсіз сарапшылардың тұжырымдарын неғұрлым сенімді деп танып, директор К.-ның орынбасары А.-ны көпшілік алдында қорлағаны үшін кінәсі дәлелденді деп ұйғарды.

Сот қандай шешім шығарды?

Сот АИТВ алдын алу жөніндегі облыстық орталықтың директорын көпшілік алдында балағаттағаны үшін кінәлі деп тауып, оған 86,5 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Егер айыппұл үкім күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде төленбесе, ол қоғамдық жұмыстарға немесе қамауға алу жазасына ауыстырылуы мүмкін.

Сондай-ақ сот орынбасардың азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырып, директордан 100 мың теңге моральдық шығын, 500 мың теңге өкілдік шығындар, 400 мың теңге сараптама жүргізу ақысын, сондай-ақ 2 163 теңге мемлекеттік баж салығы мен Жәбірленушілерді өтеу қорына 21 625 теңге міндетті төлем өндірді.

Директордың қарсы талап арызын сот қанағаттандырусыз қалдырды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Читайте на сайте