World News

Қазақстанда доллар 10 теңгеге жуық қымбаттады

24 шілдеде Қазақстандағы сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың теңгеге шаққандағы бағамы белгілі болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 9,85 теңгеге көтеріліп, 476,07 теңге болды. Ұлттық банктің 24 шілдедегі ресми бағамы бір долларға 465,74 теңге.
Алматыдағы ақша айырбастау пунктеріндегі доллардың орташа бағамы

сатып алу – 473,82 теңге;
сату – 476,81 теңге.

Астанадағы ақша айырбастау пунктеріндегі доллардың орташа бағамы

сатып алу – орташа есеппен 470,97 теңге;
сату – 477,97 теңге.

Теңгеге не болып жатыр?
Айта кетейік, 24 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 17 пайыздан 16,75 пайызға дейін төмендетті. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов шешім ұзақ талқылаудан кейін қабылданғанын айтты. Сонымен қатар ол мөлшерлеменің одан әрі төмендеуі инфляцияның баяулауы жалғасқан жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, егер бағаның өсуі 9–9,5 пайызға дейін төмендесе, мөлшерлеменің шамамен 16 пайыз деңгейіне түсуіне негіз болуы мүмкін.
Неге теңге салыстырмалы түрде нық болып тұр?
Бұған дейін Тимур Сүлейменов бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққанда 5,1 пайызға нығайғанын хабарлаған болатын. Оның сөзінше, бұған қалыпты қатаң ақша-несие саясаты, шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына деген жоғары қызығушылығы, Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияны төмендету жөніндегі бірлескен шаралары, сондай-ақ қолайлы сыртқы конъюнктура ықпал еткен.
Сонымен бірге Ұлттық банк теңге бағамына және базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдерге сыртқы тәуекелдер, соның ішінде әлемдік мұнай нарығындағы ахуал, азық-түлік бағасы және ірі экономикалардағы инфляциялық процестер әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

Читайте на сайте