World News

Алматыда қарбызды қалай сату керек: полиция жаңа сауда ережелерін түсіндірді

Алматыда жабайы саудаға қарсы күнделікті рейдтер кезінде қарбыз сатушылар, дүңгіршек иелері мен өзге де сауда нүктелері тексеріліп жатыр. Полиция тауарларды қай жерде сатуға рұқсат етілгенін және қандай жағдайда кәсіпкерлерге айыппұл салынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Полиция сауда нүктелерін тексеріп жатыр": не болды?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Наурызбай ауданындағы рейдтің кадрлары пайда болған еді. Полиция әкімдік өкілдерімен бірге сауда нүктелерін тексерді. Тәртіп бұзғандар арасында қарбыз сатушылар да бар.
"Жеміс-жидекті қай жерде сатуға болады?"
ӨКҚ-да өткен брифингте журналистер Алматы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтан сатушыларға нақты не үшін айыппұл салынатынын және маусымдық жемістер мен басқа да өнімдерді қай жерде сатуға болатынын сұрады.
Анықтама: Белгіленбеген жерлерде сауда жасағаны үшін ӘҚБтК-нің 204-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Алғашқы заңбұзушылық үшін ескерту жасалады немесе 5 АЕК (2026 жылға 21 625 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 10 АЕК-ке (2026 жылға 43 250 теңге) жетеді.
Ноғайбаевтың айтуынша, Алматы мәслихаты сауда жасауға рұқсат етілген орындарды бекіткен.

"Алматы бойынша тауарларды сатуға рұқсат етілген нақты нүктелер бар. Орындар тізімі бекітілген, олар негізінен базарлар мен сауда үйлері. Наурызбай ауданында анықталған деректер - мұндай рұқсаты жоқ орындар", - деп түсіндірді Тимур Ноғайбаев.

Ол мұндай жағдайларда полиция бірден бірнеше заңбұзушылықты тіркей алатынын атап өтті:

белгіленбеген жерде сауда жасау;
тауарларды, жәшіктер мен қоқыстарды үйіп қоюға байланысты абаттандыру ережелерін бұзу.

Екінші тармақ 1 шілдеден бастап қолданысқа енген абаттандырудың жаңа ережелеріне тікелей байланысты. Ол бойынша іргелес аумақтарда тауарларды, қораптарды, қоқыстарды және басқа да заттарды жинап қоюға тыйым салынады.
Анықтама: Яғни, сатушы өз дүкені маңында сауда жасаса да, сыртқа шығарып қойған жәшіктері мен өзге де өнімдері абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуға негіз болуы мүмкін, өйткені құжат мұндай заттарды арнайы бөлінген орындардан тыс жерде орналастыруға тыйым салады.
Бұл ретте полиция жабайы сауданы анықтау бойынша рейдтер бүкіл қала бойынша күн сайын жүргізілетінін нақтылады.
Абаттандырудың жаңа ережелерінің бұған қандай қатысы бар?
Еске сала кетейік, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда абаттандырудың жаңартылған үлгілік ережелері күшіне енді. Құжатта "іргелес аумақ" ұғымы ресми түрде бекітілді: бұл ғимараттың, құрылыстың немесе қоршаудың периметрі бойынша ені 5 метрге дейінгі жер учаскесі.
Коммерциялық нысандар мен жеке үйлердің иелері бұл аумақты таза ұстауға міндетті. Ережелер іргелес учаскелерде мыналарды ұзақ уақыт сақтауға тыйым салады:

құрылыс материалдары, отын және құм;
автокөліктер, тіркемелер мен арбалар;
жәшіктер, қораптар, қоқыс және тауарлық-материалдық құндылықтар.

Дүкен маңындағы қоқысты немесе бөгде заттарды басқа адамдар тастап кетсе де, 5 метрлік аумақты тазалауды нысан иесі ұйымдастырады.
Айыппұл қанша?
Бұған дейін адвокат Абзал Қасымжанов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің екі негізгі бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын айтқан болатын.
505-бап "Абаттандыру қағидаларын бұзу" бойынша келесідей айыппұл қарастырылған:

жеке тұлғаларға - 20 АЕК (2026 жылға 86 500 теңге);
шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдарға - 30 АЕК (2026 жылға 129 750 теңге);
орта бизнеске - 40 АЕК (2026 жылға 173 000 теңге);
ірі бизнеске - 100 АЕК (2026 жылға 432 500 теңге).

Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл көлемі артады.
434-2-бап "Ортақ пайдалану орындарын ластау" бойынша 10 АЕК (2026 жылға 43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 40 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.
Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 20 АЕК-ке (2026 жылға 86 500 теңге) дейін артады немесе 80 сағат қоғамдық жұмыс белгіленеді.
Тағы оқыңыз: Қоқыс сіздікі болмаса да: қазақстандықтар үйінен 5 метр жерге дейінгі тәртіпті қадағалауға міндеттелді

Читайте на сайте