World News

Бейтаныс нөмірден келетін қоңырау: Қазақстанда маңызды өзгеріс әзірленіп жатыр

Қазақстанда заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды міндетті түрде таңбалауды іске қосу жоспарланып отыр. Мұндай қоңырау түскен кезде нөмір сақталмаған болса да телефон экранында компанияның атауы шығып тұрады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін ресми қоңырауларды таңбалау жүйесі тамызда іске қосылуы тиіс екені хабарланған болатын. Коняшкинге жүйенің нақты қашан іске қосылатыны және оған барлық байланыс операторы бір уақытта қосыла ма деген сұрақ қойылды.

"Иә, расында, жаңадан қабылданған заңдар аясында біз бизнес үшін міндетті таңбалауды енгіздік. Бұл кибералаяқтық пен алаяқтық операциялар қаупін айтарлықтай төмендетеді деп есептейміз. Яғни, сізге қандай да бір заңды тұлғадан қоңырау түскенде, экранда бірден оның атауы көрінеді. Бұл нөмір сізде сақталмаған болса да", - деді Коняшкин.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жүйені іске қосу үшін қажетті техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте Коняшкин қоңырауларды таңбалау нақты қай күні іске қосылатынын айта алмады. Ол бұл мәселені Телекоммуникациялар комитеті мен министрліктің баспасөз қызметінен нақтылау қажеттігін атап өтті.
Таңбалау қазақстандықтарға компаниялар мен ұйымдардан келетін қоңырауларды ықтимал алаяқтық қоңыраулардан ажыратуға көмектесуге арналған.
Бұған дейін ІІМ қазақстандықтарға интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескерткен болатын. Ведомство мәліметінше, қаскөйлер азаматтарды тиімді инвестициялық жобаларға ақша салуға көндіру үшін танымал адамдардың бейнесі бар дипфейк жасауға жасанды интеллект технологияларын жиі пайдаланатын болған.

Читайте на сайте