World News

Қазақстанда нотариустардың жұмысына бақылау күшейтіледі

Қазақстанда жаңа E-Notary цифрлық платформасының көмегімен нотариалдық іс-әрекеттерді бақылау күшейтіледі. Жүйеде нотариустардың іс-қимылдары тіркеліп, азаматтар мен нотариустар үшін биометриялық сәйкестендіру енгізіледі, ал жасанды интеллект (ЖИ) ықтимал заңбұзушылықтарды анықтауға көмектеседі. Бұл туралы әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, Әділет министрлігі жаңа платформаны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен іске қосып жатыр. Ол қолданыстағы цифрлық шешімдердің кемшіліктерін жойып, нотариалдық қызметтің ашықтығын арттыруға тиіс.

"Платформада нотариустың әрбір іс-әрекеті ғана тіркеліп қоймайды, сонымен қатар алғаш рет нотариустар мен азаматтарды биометриялық сәйкестендіру интеграциясы қарастырылған, бұл есептік деректердің заңсыз пайдаланылуын болдырмайды және ақпараттық қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады", - деді Сәрсембаев үкімет отырысында.

Бұдан бөлек, қазақстандықтардың E-Notary жүйесінде жеке кабинеттері болады. Онда олар өздерінің қатысуымен жасалған барлық нотариалдық іс-әрекеттерді көріп, қадағалай алады. Егер азамат нотариустың әрекетін заңсыз деп санаса, платформа арқылы қарсылық білдіре алады.
ЖИ тәуекелдерді анықтауға көмектеседі
Министрдің сөзінше, бақылаудың тағы бір құралы жасанды интеллект болмақ. Ол ұсынылған құжаттарды талдап, ықтимал сәйкессіздіктер мен қауіп-қатерлерді тауып, содан кейін ұсыныстар әзірлейді.
Бұл ретте нотариалдық іс-әрекетті жасау туралы түпкілікті шешімді нотариустың өзі қабылдайды.
Сондай-ақ E-Notary арқылы атқарушылық жазбаларды жасауға өтініштер автоматты түрде бөлінетін болады. Шенеуніктің айтуынша, бұл өндіріп алушының нотариусты таңдау мүмкіндігін жояды және олардың арасындағы сөз байласу қаупін азайтады.
Платформа 2026 жылдың соңына дейін пилоттық режимде жұмыс істейді. Осыдан кейін E-Notary жүйесін бүкіл ел көлемінде енгізу жоспарланып отыр.
Сәрсембаевтың айтуынша, Қазақстанда азаматтардың шағымдарына жауап беруден ықтимал заңбұзушылықтардың алдын алуға көшу көзделіп отыр.
Еске сала кетейік: көктемде Мәжілісте нотариустардың жауапкершілігін күшейтуге және нотариалдық қызмет саласында қордаланған түйткілді мәселелерді реттеуге бағытталған заң жобасы қаралған болатын. Сол кезде экс-депутат Бақытжан Базарбек нотариустардың микроқаржы ұйымдары, ломбардтар мен коллекторлардың пайдасына атқарушылық жазбаларды ресімдеу кезіндегі жаппай заңбұзушылықтар туралы мәлімдеген еді.

Читайте на сайте