World News

Қай балалар қатарластарына қарағанда әлдеқайда жақсы оқиды - 20 жылдық зерттеу

Жиырма жылдық зерттеу нәтижесі мектепке дейін төрт жасында даярлық сыныптарына барған балалардың үлгерімі жай ғана бала күтіміне бағытталған кәдімгі балабақшаға барған немесе үйде тәрбиеленген құрдастарына қарағанда айтарлықтай жоғары болатынын көрсеткен. Флорида халықаралық университеті мен Джордж Мейсон университетінің ғалымдары жүргізген ауқымды жоба туралы Tengrinews.kz тілшісі Naked Science сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымдар Майами-Дейд округіндегі 400 мың оқушының үшінші сыныптан бастап мектепті бітіргенге дейінгі ұзақ мерзімді үлгерімін бақылаған. Округ халқының 70 пайызын латиноамерикалықтар құрайтындықтан, бұл жоба осы этникалық топтың қатысуымен өткен тарихтағы ең ірі зерттеу болды.
Флорида штатында мектепте оқыту бес жастан бастап міндетті нөлдік сыныптан басталады. Бір жыл бұрын төрт жасар балалар үшін Voluntary Prekindergarten – тегін мемлекеттік балабақша бағдарламасы қолжетімді. Бір жылдық даярлық бағдарламасы бар осы балабақшалардың түлектері барлық кейінгі оқу жылдарында тұрақты түрде жоғары баға алып, тесттерді жақсы тапсырғаны анықталды.
Мемлекеттік бағдарламалардың басты жетістігі педагогтардың біліктілігі мен мектеп тәртібінің сақталуында болып шықты. Қызметкерлерге қойылатын талаптары төмен қарапайым балабақшалардан айырмашылығы, тек мектеп жанындағы даярлық топтарында тәрбиешілерден жоғары бейінді білімнің болуы қатаң талап етілген.

"Біздің мәліметтер кішкентай балалармен жұмыс істеу үшін диплом қажет емес, бұл тек қарапайым күтім деген скептиктердің пікірін жоққа шығарады. Дайындығы бар педагог бала психологиясын біледі және олармен тіл табыса алады. Егер бала бұл маңызды жылдарын теледидар алдында немесе біліктілігі жоқ күтушілердің қасында "тыныш отыр" деген режимде өткізсе, ол бірінші сыныпқа академиялық тұрғыдан да, эмоционалды тұрғыдан да дайын емес күйде келеді", - деп түсіндірді зерттеудің тең авторы Чарльз Блейкер.

Ата-аналарға мектепке дейінгі мекемені дұрыс таңдауға көмектесу үшін ғалымдар кадрлардың тұрақтылығына назар аударуды (бүлдіршіндер үшін тәрбиешіге бауыр басу өте маңызды), басқа отбасылардың пікірін білуді және егер бала өзін жайсыз сезінсе, мекемені еш ойланбастан ауыстыруды ұсынады.
Зерттеу нәтижелері Early Childhood Research Quarterly ғылыми журналында жарияланды.

Читайте на сайте