World News

Ғалым Қалиақбаровтың Алматыдағы стендапы өткізілмейтін болды

Стендап-комик Ғалым Қалиақбаровтың 21 тамызда Алматыда жоспарланған концерті өткізілмейтін болды. Бұл туралы іс-шараны ұйымдастырушылар жариялады, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі.
Концерт комиктің 19 тамызда Астанадағы өнерін полиция қызметкерлері тоқтатқаннан кейін келесі күні тоқтатылды.
Іс-шара өтпейтіні туралы ақпарат Central Stand Up Almaty стендап-клубының Instagram-аккаунтында жарияланды.
Фото: Instagram.com/central.standup.almaty скриншоты

"Іс-шара ұйымдастырушыға байланысты емес себептермен өтпейтін болды. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Сатып алынған барлық билет құны толық көлемде қайтарылады", – делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.

Бұдан бұрын, 19 тамызда Ғалым Қалиақбаровтың Астанадағы өнер көрсетуі тоқтатылған болатын. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видео пайда болды.
Астана әкімдігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар іс-шараның басталуына 10 күн қалғанда жіберілуі тиіс міндетті хабарламаны жолдамаған. Осыған байланысты концерт ресми түрде келісілмеген болып шықты.
Қазіргі уақытта Алматыдағы концертті ұйымдастырушылар іс-шараның өткізілмеуіне не себеп болғанын нақтыламады.

Читайте на сайте