World News

“Аты бар, заты жоқ реформалар“: Тоқаев білім беру саласындағы сәтсіз сынақтар туралы айтты

Астанада өткен Тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру жөнінде тапсырма берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аударған жөн екенін айтты. Алайда осы саладағы кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды.

"Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, әрбір реформаны, әсіресе, білім саласындағы реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек. Реформа, бұл – бастапқы сынақ, эксперимент емес, бұл – жауапты шешім мен іс-шара.

"Үкімет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде бұл мәселені міндетті түрде ескеруге тиіс. Ұстаздарды мектеп пен балабақшадағы жұмыстың кәсіби ерекшеліктеріне барынша бейімдейтін бірыңғай жүйе құру қажет деген ұсыныс бар екен. Оны жан-жақты қарап, қажет болса, іске асыру керек", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іске әдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру мекемелері белсене атсалысуға тиіс екенін айтты.

"Осы салаға жауапты министрліктер педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруы керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла әрекет ету қажет".

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру жөнінде тапсырма берді.

"Өздеріңізге мәлім, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады. Мәселен, маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр. Осыған орай, мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім. Бұл жерде бағалаудан мүлде бас тарту немесе оны күрделендіру туралы сөз болып отырған жоқ", - деді Президент.

Мемлекет басшысы білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі екенін айтты.

"Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек. Бұл – өте маңызды мәселе, оны қарастырған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кәсібилік таныту қажет. Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысып, көп ұзамай нақты ұсыныстар беруге тиіс. Біліктілікті көтеру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, сондай-ақ, "Заң мен тәртіп", "Адал азамат", "Таза Қазақстан" идеяларын енгізген жөн, бұл қызметтік міндет деп айтуға болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы оқыңыз: "Мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет" - Тоқаев жаңа мектептердің құрылысы туралы

Читайте на сайте