World News

Трамп АҚШ-та төтенше жағдай жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің магистральды энергия жүйесін қорғау мақсатында төтенше жағдай жариялады. Вашингтон шетелдік жабдықтар АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен экономикасына қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жарлыққа сәйкес, Америка билігі, егер шетелдік өндірістің жабдықтары ықтимал қауіпті деп танылса, оларды сатып алуға, импорттауға және орнатуға шектеу қоя алады.

Шектеу трансформаторларға, генераторларға, жоғары вольтты ажыратқыштарға, энергия сақтау жүйелеріне, өнеркәсіптік басқару жүйелеріне, сондай-ақ тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету мен микробағдарламаларға да қолданылады.

Трамптың жарлығында жасанды интеллектінің дамуы, деректерді өңдеу орталықтарының құрылысы және қорғаныс өндірісінің кеңеюі аясында энергия жүйесіне төнетін қауіп-қатер артқаны атап өтілген.

Бұрын орнатылған шетелдік жабдықтар жұмысын жалғастыра береді, алайда қауіп анықталған жағдайда билік оны оқшаулауды, ауыстыруды немесе бұзуды талап ете алады.

АҚШ Энергетика министрлігі 120 күн ішінде жарлықты іске асыру ережесін дайындауы тиіс.

Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп туу құқығына негізделген азаматтықты шектеуге бағытталған екі атқарушы жарлыққа қол қойған. Жарлықтардың бірі коммерциялық "босану туризмін" шектесе, екіншісі шет мемлекеттердің мүддесін қорғайтын шетел азаматтарының балалары сияқты туу бойынша азаматтық алуға құқығы жоқ тұлғалар санатын кеңейтеді.

Читайте на сайте