World News

Тоқаев Си Цзиньпинге көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сицзан автономды ауданында болған жойқын селдің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жақындарынан айырылған азаматтардың қайғысына ортақтасып, із-түзсіз жоғалған жандардың тез арада отбасына оралуына тілектестігін білдірді.

Қытай мен Непалдағы сел

26 тамызда таңертең Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сицзан автономды ауданында (Тибет) алапат табиғи апат болды. Қытай-Непал шекарасы маңында жойқын сел жүріп, негізгі соққы Қытай жағындағы Цзилун шекаралық бақылау-өткізу бекеті мен Непал аумағындағы оған іргелес өңірлерге тиді.

Сел ағыны шекаралық өткел инфрақұрылымын толық қиратып, жолдар мен тұрғын үйлерді бүлдірді. Сондай-ақ Бхоте-Коси өзені бойындағы нысандарға зақым келді.

Шекаралық порт пен оған іргелес елді мекендерде адамдар қаза болғаны расталды. Жүздеген адам із-түзсіз жоғалған. Олардың арасында жергілікті тұрғындар, шетелдік туристер және су электр станцияларында жұмыс істейтін қызметкерлер бар.

Бұған дейін Непалда Қазақстан азаматы жоғалып кеткені хабарланған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, ол туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара асқан. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте