World News

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап “сұр“ автокөліктер импорты қиындайды

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап "сұр" көліктерді импорттау қиындай түседі. Мәселе кедендік әкімшілендіру, техникалық талаптар және қолданыстағы нормалардың орындалуы туралы болып отыр, деп хабарлайды Tengri Auto 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін Өнеркәсіп министрлігі кейбір компаниялардың көліктерді жаппай әкелу үшін қарапайым сатып алушыларды пайдаланып, түрлі схема құратынын мәлімдеген болатын. Осылайша олар заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды айналып өтеді. Соның салдарынан қазынаға кедендік төлемдер толық түспейді, ал нарыққа рәсімделуі заң бұзушылықпен өткен автокөліктер түседі.
Биыл шілдеде Үкімет республика аумағына көліктерді заңсыз әкелуге бақылауды күшейтуді тапсырды. Ол кезде тиісті министрліктерге 10 күн ішінде іс-қимыл жоспарын әзірлеу жүктелген еді. Бұл шаралар Қазақстанға автокөліктерді заңсыз әкелуді азайтуға септігін тигізуі тиіс.
Үкіметтің өкімінен кейін қарапайым сатып алушылар арасында "1 қыркүйектен бастап Қазақстанда көлік бағасы қымбаттай ма?" деген сауал туындады. Алайда Үкімет утилизациялық алым немесе алғашқы тіркеу құны өсетінін, сондай-ақ қыркүйекке арналған бөлек баж салығын жариялаған жоқ. Шілдеде Мемлекеттік кірістер комитеті де желідегі автокөлік импорты кезіндегі мөлшерлемелер көтерілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. Ведомство қолданыстағы кедендік баждар өзгермегенін атап өтті.
Сонымен қатар шенеуніктер автокөлікті жеке пайдалану үшін әкелу кезінде шектеу барын еске салды: бір адамға жылына бір көліктен артық емес және рәсімдеу кеден заңнамасы талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.

"Алданған жағдайлар бар. Алматыдағы Сүйінбай даңғылында орналасқан ірі автосалон бір жарым жыл бойы мынадай схемамен жұмыс істеді: адам 30 пайыз алдын ала төлем жасайды, көлік Қорғасқа дейін жеткізіледі, содан кейін ол толық құнын, сондай-ақ барлық салық пен алымдарды төлейді. Салон бір жарым жыл жұмыс істеп, кейін тапсырыстарды жинап алып, жоқ болып кетті. Кейін оларды тапқанымен, ақша болмаған. Зардап шеккендер ақшасынан айырылды. Мүмкін осындай жағдайлар Үкіметті "сұр" импорттаушылармен айналысуға итермелеген шығар", - дейді автосарапшы Алексей Алексеев.


Негізгі шаралардың бірі автокөліктің мақсатына қатысты. Жеке тұлға көлікті жеке пайдалануы үшін әкеле алады, бірақ кейін қайта сату мақсатындағы жаппай жеткізілімдер коммерциялық қызмет ретінде рәсімделуі тиіс.
Автосарапшының айтуынша, "сұр" импорттаушы автокөлікті автосалондарға қарағанда арзанырақ сатады. Қарапайым тұтынушының ұтатын тұсы да осы.

"Мәселен, автосалонда қытайлық көлік 10 миллион тұрса, Қытайдың өзінде ол 5 миллион тұрады. Көлікті әкелуші неден пайда табады? "Сұр" импорттаушы арқылы ол шамамен 7,5 миллионға шығады. Көлік неғұрлым қымбат болса, сатып алушы соғұрлым көп үнемдейді. Мысалы, ресми дилердің салонында кепілдікпен 32 миллион тұратын көліктерді "сұр" импорттаушылар ең көбі 26 миллионға әкеле алады. Айырмашылық бірнеше миллион. Бірақ бұл айтарлықтай тиімді емес, өйткені адам мастер-аккаунт алмайды, кепілдік пен сервис жоқ. Көптеген марка мен модельдер бойынша бізде сервис жоқ, себебі ресми дилерлер жоқ. Уақыт өте келе мұның бәрі ретке келеді. Үкіметтің қазіргі бастамалары, сірә, осыған алып келеді", - деп түсіндірді Алексеев.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, ең ықтимал сценарий - параллельді импорт арқылы келетін автокөліктердің бір бөлігі 10-15 пайызға қымбаттап, олардың бағалық басымдығы азаяды және бұл кейін қайталама нарыққа әсер етеді. Ресми көліктер мен Қазақстанда құрастырылылған көліктер қыркүйектегі баға өсіміне тікелей ілікпейді, деп атап өтті телеарна.

Читайте на сайте