World News

Павлодар облысында 6 адам қаза болған төтенше жағдайдан кейін депутат қамауға алынды

Павлодарда биыл шілде айында аумағында алты жұмысшы, оның ішінде 17 жастағы мектеп оқушысы қаза тапқан "Aktogai Milk" ЖШС кәсіпорнының бас директоры Александр Терентьев қамауға алынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында аталған дерек бойынша қылмыстық істі тергеу амалдары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

"Полиция барлық қажетті әрекеттерді жүргізіп жатыр, олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Соттың санкциясымен үш жауапты тұлға қамауға алынды", - деп түсініктеме берді Tengrinews.kz тілшісіне Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов.

Қамауға алынғандардың арасында төтенше жағдай болған кәсіпорынның бас директоры, мәслихат депутаты Александр Терентьев те бар. Бұл ақпаратты оның адвокаты растады. Қорғау тарапы бұлтартпау шарасына шағым түсіргенімен, апелляциялық сот қамауға алу туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабы бойынша жүріп жатыр.
Бұл баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан төрт жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді немесе одан айыруды көздейді.
Бұған дейін Александр Терентьевтің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланған.
Редакцияда бар мәліметтерге қарағанда, тергеу аясында сүт фермасының атқарушы директоры мен еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженері де ұсталуы мүмкін. Редакция бұл мәліметтер бойынша әзірге ресми растау алған жоқ.
Павлодар облыстық мәслихатының мәліметінше, Терентьевтің тергеуде болуына қарамастан, ол әлі де депутат болып қала береді.
Депутат әрі кәсіпорын иесі фермадағы 6 адамның өліміне қатысты пікір білдірді
Еске сала кетейік, Павлодар облысы Жоламан ауылындағы сүт фермасындағы төтенше жағдай биылғы 20 шілдеде болған еді. "Aktogai Milk" ЖШС аумағында алты адам, оның ішінде 17 жастағы жасөспірім қаза тапқаны хабарланған болатын. Тағы бір зардап шеккен 38 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылды.
Алдын ала болжам бойынша, адамдардың өліміне кәріз құдығындағы жөндеу жұмыстары кезіндегі улану себеп болуы мүмкін.
Фото оқиға орнынан түсірілген. Фото: Валерий Бугаев
Бұған дейін қаза тапқан 17 жастағы жасөспірімнің компанияда ресми түрде бағбан болып жұмыс істегені және жасыл желектерді күтіп-баптағаны, сондықтан оқиға орнында болмауы тиіс екені атап өтілген болатын.
Қайғылы оқиғадан бірнеше сағат өткен соң "Стальмонтаж", "Ақтоғай-Агро" компаниялары мен "Aktogai Milk" ЖШС бас директоры, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев мәлімдеме жасады. Ол кәсіпорын қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсететінін мәлімдеді.
9 тамызда Терентьев Instagram-да қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары әр марқұм үшін 10 миллион теңгеден алғанын хабарлады. Төрт балаға кәмелетке толғанға дейін ай сайынғы төлемдер тағайындалды.
Қыркүйек айының соңына дейін балаларға Павлодардан пәтер сатып алу жоспарланған. Кәсіпорын қаза тапқандардың отбасыларының несиелерін өтеуге тағы 30 миллион теңгеге жуық қаражат бағыттайды.Әкесі мен ұлдары ауысымнан оралмады. Сүт фермасындағы қайғылы оқиғаның мән-жайы

Читайте на сайте