World News

Полиция қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің анасын анықтады

Жамбыл облысында полиция жаңа туған қызын қоқыс контейнеріне тастап кеткен әйелді анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
2 қыркүйек таңертең Қордай ауданындағы көшелердің бірінде өтіп бара жатқан адамдар қоқыс жәшігінен жаңа туған нәрестені тауып алғаны белгілі болды. Әлеуметтік желілерде сәбидің суреттері тарады.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға орнынан түсірген сурет
Табылған қыз ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер нәрестенің жағдайы тұрақты екенін, өміріне қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.
Арада бірнеше сағат өткен соң полицейлер жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында анасының жеке басын анықтады. Ол полиция бөліміне жеткізілді, әйел жасаған ісін мойындады.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

"Жан-жақты және толық сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тиісті процестік шешім қабылданады", - деп хабарлады Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін полиция Қылмыстық кодекстің 119-бабы 1-бөлігі "Қауіпті жағдайда қалдыру" бойынша тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Бап бойынша 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл (432 500 теңге), түзеу жұмыстары немесе 120 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 45 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Tengrinews.kz тілшілері әйел 37 жаста екенін анықтады. Табылған нәрестеден бөлек, оның тағы төрт баласы бар.

Читайте на сайте