World News

Қазақстанда 8 айда 30 мыңға жуық адам ЖКО-дан зардап шеккен: статистика

Қазақстан Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 21 394 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Tengri Auto.

1 қаңтар мен 31 тамыз аралығында болған апаттардан 28 939 адам жарақат алып, тағы 1 230 адам қаза тапты.

Жол апаты ең көп қай жерлерде болды?

Апаттардың басым бөлігі елді мекендерде тіркелген - 18 123 жағдай.

Республикалық маңызы бар жолдарда 1 982, облыстық маңызы бар жолдарда - 708, аудандық маңызы бар жолдарда 398 жол-көлік оқиғасы болды.

Елді мекендердегі апаттар салдарынан 23 150 адам жарақат алып, тағы 1 002 адам қаза тапты.

Жаяу жүргіншіні қағып кету - жол-көлік оқиғасының ең көп таралған түрі

Жол апаттары көбінесе жаяу жүргіншілерді қағып кету салдарынан болған. Жыл басынан бері осындай 7 831 жағдай тіркелді. Нәтижесінде 7 908 адам жарақат алып, 290 адам көз жұмды.

Екінші орында бетпе-бет соқтығысу - 7 078 оқиға. Бұл апаттарда 11 609 адам жарақаттанып, тағы 464 адам мерт болды.

Сондай-ақ 1 294 аударылу, 1 069 бүйірден соғылу және 745 ілеспе соқтығысу жағдайы тіркелді.

Жалпы алғанда, статистика апаттардың негізгі бөлігі елді мекендерде болатынын, ал жаяу жүргіншілерді қағып кету ең жиі кездесетін жол-көлік оқиғасы болып қала беретінін көрсетеді. Тек осындай апаттардан жыл басынан бері 290 адам қаза тапты.

Апаттарға көбіне не себеп болды?

Мұндай жағдайларда көбінесе жаяу жүргіншілерге немесе қозғалыстың өзге де қатысушыларына басымдық бермеу фактісі анықталған - 5 097 жағдай.

Тағы 4 603 жол-көлік оқиғасы маневр жасау ережелерін сақтамаумен байланысты. 2 603 жағдайда жылдамдықты асыру негізгі фактор ретінде көрсетілген.

Статистикада мас күйінде көлік басқаруға байланысты жол апаттары бөлек көрсетілген. Мұндай 171 жағдай тіркелді. Бұл апаттарда 335 адам жарақат алып, 16 адам қаза тапты.

Бұл ретте 43 жағдайда мас күйінде көлік жүргізу мен белгіленген жылдамдықты асыру факторы қатар көрсетілген. Осылайша, жылдамдықты асыру жүргізуші мас болған апаттарда да кездескен.

Сонымен қатар статистикада жол қозғалысы ережелерінің басқа да 3 292 бұзылуы, жол белгілері немесе таңбаларының талаптарын сақтамаудың 1 539 жағдайы және қиылыстардан өту немесе жолдың жүру бөлігін кесіп өту ережелерін бұзудың 1 520 дерегі көрсетілген.

Читайте на сайте