World News

Байыпты оптимизм: Ұлттық банк басшысы инфляцияның болашағы туралы айтты

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияның бір таңбалы көрсеткішке дейін баяулағанын айтып, неге қазіргі жағдай "байыпты оптимизмге" негіз болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сүлейменов инфляцияның төмендеуін жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының маңызды нәтижесі деп атады.

"Бұл жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының, базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде ұстап тұру кезеңіндегі оның жинақталған қатаңдығының, сондай-ақ үкіметпен бірлескен шаралардың тиімділігін және экономиканың біртіндеп дезинфляциялық бағытқа оралып жатқанын растайды", - деді Ұлттық банк басшысы.

Бұл ретте Тимур Сүлейменов инфляцияның қазіргі деңгейін түпкілікті нәтиже деп санауға әлі ерте екенін атап өтті. Бүгінде Ұлттық банк алдында 2028 жылға қарай инфляцияны 5 пайыз шамасында тұрақтандыру міндеті тұр.

"Оған қол жеткізу үшін бізге ақша-кредит саясатының қалыпты қатаңдығын сақтау, тәуекелдер теңгерімін мұқият қадағалау және өзгермелі жағдайларға дер кезінде жауап беруге дайын болу қажет", - деп түсіндірді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, инфляциялық тәуекелдер ел ішінде де, сыртқы ортада да сақталып отыр. Сондықтан базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі әзірге шектеулі.

"Басқаша айтқанда: бүгінгі динамика байыпты оптимизмге негіз береді, бірақ қырағылықты бәсеңдетуге болмайды. Инфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшеюі жағдайында мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі", - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Бүгін, 4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен 16,75 пайыздан 16,25 пайызға дейін төмендетті. Бұл мөлшерлеменің қатарынан үшінші рет төмендеуі. Маусымда ол кейінгі екі жылда алғаш рет 18-ден 17 пайызға, ал шілдеде 16,75 пайызға дейін төмендетілген болатын.
Тағы оқыңыз: Теңге нығайып, инфляция баяулады: Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуін түсіндірді

Читайте на сайте