World News

“Мектеп пе, әлде қатаң режимді нысан ба?“ Қазақстандықтар оқушылардың дресс-кодын талқылап жатыр

Жақында оқу жылы басталып, Қазақстанда мектеп формасына қатысты дау қайта өршіді. Әлеуметтік желілерде ата-аналар мектеп әкімшіліктерінің киім, аяқкиім, тіпті шаш үлгісіне қоятын талаптарын талқылап жатыр. Бірақ бұл талаптардың қайсысы заңнамада қарастырылған, ал қайсын мектеп өз бетінше белгілейді? Tengrinews.kz тілшісі ата-аналар мен оқушылар үшін 2026 жылы Қазақстандағы мектеп формасы туралы білуі маңызды ақпараттарды жинақтады; оқырмандарға кейінгі онжылдықтарда оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талаптардың қалай өзгергенін еске түсіріп, сондай-ақ сарапшылармен мектептегі қазіргі дресс-код туралы сөйлесті.
1. Ата-аналар пікірі
Мектептегі дресс-кодты сақтау тауқыметін бірінші кезекте көтеретін жандар - ата-аналардың пікірінен бастайық. Дәл солар жыл сайын баланы мектепке дайындап, белгіленген талаптарды ескере отырып форма сатып алуға мәжбүр.
Біз қазақстандық ата-аналардан балалары оқитын мектептерде қандай талаптар бар екенін және мектептегі дресс-код шектен шыққан жағдайлар болған-болмағанын сұрап көрдік.

- Астанадағы № 95 және № 120 мектептер. Боянуға болмайды, шашты бұйралауға рұқсат жоқ, ұлдардың шаш үлгісі әскердегідей дерлік қысқа болуы тиіс. "Химия" жасатуға, ұзын шаш қоюға, ағартуға немесе бояуға тыйым салынған. Форма - қою көк түсті, кроссовка киюге болмайды, тек классикалық туфли. Қыздарға бұйраланған шашпен, ашық түсті қыстырғыштар тағып, жайып немесе түйілген шашпен келуге болмайды. Тек шалбар киюге рұқсат берілгеніне шүкір", - деп жазды әлеуметтік желіде елордалық мектеп оқушысының анасы тілшіге жолдаған хабарламасында.

- Шаш үлгісі немесе түсі ақыл-ой мен оқуға қалай әсер етеді? - деп сұрайды ол. - Балалар өздерін танытуы керек. Онсыз да күннің жартысын формамен өткізеді. Олар барлығын бірдей тұлғаға айналдырғысы келе ме? Мұндай балаларда 30 жасқа келгенде өзін-өзі таныта алмау дағдарысы бұрқ ете қалады ғой.
Тағы бір алматылық ана өз кезегінде "шұлықпен киілетін жабық мектеп туфлилеріне" шағымданды. Оның баласы баратын мектеп биыл жеңіл кроссовкаларға тыйым салған:

- Мектеп әкімшілігінің балалардың күні бойы қапырық сыныпта бұл киіммен қалай отыратынын мүлдем ойламайтыны мені қатты қынжылтады. Біздің мектептің кабинеттерінде кондиционер жоқ, қыркүйекте күндіз далада ауа температурасы жиі 30-35 градусқа дейін көтеріледі, ал балалар, әсіресе ұлдар, шалбар киіп, шұлықпен жабық аяқкиім киіп отыруға мәжбүр. Біздің өңір өте ыстық, қыркүйекте жаз әлі аяқтала қоймайды. Форма кию уақытын қайта қарау керек. Мысалы, мектеп формасын екінші тоқсаннан немесе тым болмаса қазаннан бастап киюді енгізу қажет, не болмаса дресс-кодқа ашық аяқ киім мен жеңіл жейделер мен футболкаларды қосу керек.

Алматыдағы тағы бір мектептен шаш үлгісінің қатаң регламенттелуіне шағым түсті. Қыздарға тек шаш бояуға ғана емес, сонымен қатар түрлі-түсті жіптер қосуға, ал ұлдарға - ұзын шаш пен бұйра шаш үлгілеріне үзілді-кесілді тыйым салынған.

- Мектеп жасындағы барлық бала өз даралығын көрсеткісі келеді. Оны осы кезде жасамаса, қашан жасайды? Түрлі-түсті ашық шашпен жүру, рюкзагына сүйікті кейіпкерлерін ілу, көңіл көтеру, өзін көрсету... Ұлымның мектепке қуанышпен жүгіріп барғанын қалаймын, бірақ оны қиындығы көп түрмеге айналдырып жіберді - өмірде ешқашан кимейтін киіміңді ки, осы бір жайсыз киімге қыруар ақша жұмса, шашыңды тақырлап ал. Бұл мектеп пе әлде режимдік нысан ба, түсініксіз, - деп жазды ашынған ата-аналар.

Әлеуметтік желілерде ата-аналар әртүрлі мектептің нұсқасы бойынша рұқсат етілген және қатаң тыйым салынған шаш үлгілерінің суреттерін жариялады:
Қыздарға арналған рұқсат етілген мектеп шаш үлгілері. Threads әлеуметтік желісінен алынған скриншоттар
Дегенмен, кейбір қолданушылар пікірлерде бұл ақпаратты теріске шығарып, суреттердің басқа елдердегі қолданушылардың аккаунттарынан алынғанын нақтылады.
Екі түске рұқсат етіледі: оқу-ағарту министрі мектеп формасы туралы айтты
Бірақ бүгінде ресми органдар мектеп формасына қандай талаптар қоятынын анықтап көрейік.
2026 жылы Қазақстанда мектеп формасы қандай болуы керек?
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, бүгінде Қазақстанда бірыңғай мектеп формасы жоқ, яғни ол еліміздің барлық оқушылары үшін бірдей емес.
Жалпы талаптарды мемлекет белгілейді, олар мектеп формасының міндетті екеніне саяды, бұл ретте көк және қара түстерге рұқсат етіледі.
Дегенмен, нақты фасонды мектептің өзі таңдайды - бұл ретте шешімді әкімшілік жеке дара қабылдамайды. Талқылауға қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті және мектептегі өзін-өзі басқару органдары қатысуы тиіс, ал соңғы нұсқа жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Формаға енгізілетін кейінгі өзгерістер де осы қағида бойынша келісілуі керек.
Мектеп формасының түрлері
Бұл ретте форма күнделікті, мерекелік және спорттық болуы мүмкін. Оны таңдау кезінде тек сыртқы келбеті ғана емес, сонымен қатар практикалық мәселелер де ескерілуі тиіс: балалардың жасы, климат, мектеп үй-жайларындағы температура, сабақ өткізу жағдайлары және қауіпсіздік. Мысалы, киімде баланы жарақаттауы мүмкін фурнитура немесе аксессуарлар болмауы керек.
Мектеп нақты дүкенді немесе өндірушіні көрсете алмайды
Мектеп формасын сатып алуға қатысты тағы бір маңызды жайт бар. Мектеп ата-аналарды нақты бір дүкеннен немесе өндірушіден сатып алуға міндеттеуге құқылы емес. Отбасы киімді қайдан сатып алуды өзі шешеді, бастысы - ол мектеп бекіткен талаптарға сай болуы керек.
Анықтама: Әлеуметтік осал топтағы балалар үшін "Жалпыға бірдей міндетті оқу" қорынан көмек қарастырылған: қаражатты мектеп формасына, аяқкиім мен оқу құралдарына алуға болады. 2026/27 оқу жылының басында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланған, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерде шамамен 23 миллиард теңге қарастырылған.
Бас киімдер және форма түсі
Бас киімдерге қатысты ережелер бөлек көрсетілген: білім беру ұйымдарының жарғыларында бекітілген талаптарға сәйкес, оқушыларға мектеп ғимаратында бас киіммен жүруге болмайды. Оқу-ағарту министрлігі мұны білім беру жүйесінің зайырлы сипатымен байланыстырады. Өз кезегінде ата-аналар міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды және мектеп жарғысымен белгіленген ережелерді сақтауға міндетті.
Бұл ретте 2026 жылы мектеп киімінің түсіне қатысты пікірталастар туындады. Кейбір мектептерде ата-аналардан форманы тек белгілі бір түсте сатып алу талап етілген. Қыркүйекте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова түсіндірме берді: қара және көк түстерге рұқсат етіледі, ал мектеп бұл нұсқалардың тек біреуін ғана талап етуге құқылы емес. Министрдің айтуынша, осындай жағдайлардан кейін ведомство бұл мәселені білім басқармаларымен бөлек талқылаған.
Шаш үлгісі, макияж бен маникюр
Ал шаш үлгісі, макияж бен маникюрге келсек, Tengri Education редакциясы сауалына жауап берген Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талаптарды әр мектеп дербес белгілейтінін түсіндірді. Сондай-ақ олар мектептің ішкі ережелерімен анықталады және қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті және мектептің өзін-өзі басқару органымен келісіледі.

"Жалпы білім беретін мектеп басшылығы білім алушыдан және ата-аналардан білім беру ұйымының жарғысын, білім беру ұйымының ішкі тәртіп ережелерін және оның қызметін реттейтін актілерді сақтауды талап етуге құқылы", - делінген жауапта.

Тағы оқыңыз: Шаш үлгісі, макияж және маникюр: Қазақстан мектептері оқушыларға қандай тыйым сала алады?
Бала мектепке формасыз келді. Оны сабаққа жібермей қоюға бола ма?
Жоқ. Тіпті оқушы мектепке белгіленген формаға сәйкес келмейтін киіммен келсе де, мектеп оны сабаққа жібермеуге құқылы емес. Оқу-ағарту министрлігі мынаны баса айтады: баланың білім алу құқығы сөзсіз, сондықтан оны сырт келбетіне байланысты оқу процесінен шеттетуге тыйым салынады.
Сонымен қатар, мектеп формасына қойылатын талаптар өз күшін жоймайды. Ата-аналар баланың нақты мектепте бекітілген ережелерді сақтауын қадағалауы тиіс.
Егер заңбұзушылық жүйелі түрде қайталанса, оның салдары ата-аналарға тиюі мүмкін. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың түсіндіруі бойынша, алдымен ескерту жасалады, кейін әкімшілік жауапкершілік - 5 АЕК көлемінде немесе 2026 жылы 21 625 теңге айыппұл қарастырылуы мүмкін.
Яғни жағдай былай: форманың жоқтығы үшін баланы сабақтан қуып шығуға болмайды, бірақ мектеп қойған талаптарды елемей қоюға да болмайды. Оларды сақтау жауапкершілігі, ең алдымен, ата-аналарға жүктеледі.
Ал енді оқырмандарымызға бұл мәселеге тарихи тұрғыдан қарауды ұсынамыз. Қазіргі ережелерден өткенге көз жүгіртіп, қазақстандық оқушының мектепке қалай киінуі керек екені туралы түсініктердің қалай өзгергенін көрейік.
Қазақстандағы мектеп формасының тарихы
Әр кезеңде қазақстандық мектептегі дресс-код әртүрлі қатаңдық деңгейімен ерекшеленді: сырт келбеттің, тіпті қыздардың бантик түсіне дейін қатаң регламенттелуінен бастап, кейде әкімшілікті есеңгіреткен толық еркіндікке (анархияға) дейін ауытқып отырды.
Кеңестік кезең
Бірыңғай форма міндетті болды. Қыздар ақ және қара алжапқышы бар қоңыр көйлек, ұлдар - эмблемасы бар қою көк костюм киетін.
Мәселен, мынау Алматыда 1952 жылы түсірілген сурет. Алтыншы сынып оқушылары география сабағының алдында үй тапсырмасын қайталап отыр:
Сурет ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінен алынды"Одноклассники" сайтындағы нақты суреттер негізінде ЖИ реконструкциясы арқылы жасалған мысалдарды көрейік:
Алматы, № 83 мектеп, 10 "Б", 1985 жыл. Фотореконструкция жасанды интеллект көмегімен жасалған
Жоғарыдағы суреттегі қыздардың киіміне назар аударыңыз, бұл - кеңес дәуірінің соңғы кезеңіндегі форма: қою түсті көйлек пен ақ мерекелік алжапқыш.
Келесі фотореконструкция Қарағанды қаласындағы № 58 мектептің 3 "А" сыныбы түсірілген суреттен алынған, 1978/79 оқу жылы. Ондағы қыздар форманың жазғы нұсқасын киген - бұл ақ жейде мен көк-сұр белдемше:
Фотореконструкция ЖИ көмегімен жасалған
Мақала авторының үлкен туыстарының естеліктері бойынша, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында сол кездегі Қазақ КСР-інің астанасы Алматыда мектеп формасына қойылатын талаптар өте қатаң болған. Тіпті қыздардың бантиктерінің түсіне дейін қадағаланатын. Жұмыс күндері тек қара немесе қоңыр түске рұқсат беріліп, ақ бантиктер тек салтанатты жағдайларда ғана тағылатын. Бұл ереже колготки мен гольфилерге де қатысты болды. Кем дегенде, қаланың орталық мектептерінде солай еді.
1990-жылдар - либерализация
КСРО ыдырағаннан кейін талаптар жеңілдеп, формаға деген көзқарас жұмсара бастады. Бұл ішінара ауыр экономикалық жағдайға байланысты еді: ол жылдары көптеген отбасы мектепке қажетті жабдықтың бәрін сатып алуға қауқарсыз болды. Сондықтан кейбір мектептерде "еркін" киім үлгісі енгізілді. Көктемнің аяғында немесе күздің басында оқушылар джинсы, футболка, жемпір және белдемше киіп жүретін.
1995 жылы демократияландыру туралы пікірталастар жүріп жатты. Мектептерде бұл мәселені ата-аналар комитетінің қарауына қалдыру жиі кездесетін.
Мысалы, 1995 жылы түсірілген мына суретте Алматыдағы № 111 гимназияның мектеп формасы:
Сурет Tengrinews.kz мұрағатынан
Келесі суретте "еркін форманы", яғни 90-жылдары және 2000-жылдардың басында мектепке киіп баруға рұқсат етілген қарапайым киімдерді көруге болады.
2002 жыл, 11-сынып, Рудный қаласы. Фотоны оқырман жолдаған, адамдардың бет-бейнесі ЖИ көмегімен өзгертілген
Айта кету керек, "еркін форма" кезеңіндегі мектеп суреттерінен ақпарат алу қиындау. Әдетте оқушыларға алдағы "мектептегі фотосессия" туралы ескертіліп, мектепке азды-көпті іскерлік стильдегі киіммен келу тапсырылатын.
Бірақ куәгерлердің айтуынша, жай күндері кейбір оқушылардан спорттық костюмдерді де, үй халаттарын да, тіпті пижамаға ұқсас киімдерді де көруге болатын еді. Мұндай "дресс-кодтың" шектен шығуы мұғалімдер мен мектеп басшылығының наразылығын тудырды. Дәл осындай "стильдегі олқылықтарды" мектеп формасын алып тастауға қарсы адамдар жиі аргумент ретінде келтіреді.
2016 жыл - бірыңғай талаптардың қайта оралуы
2016 жылы еркіндік аяқталды. 
Мектеп формасы мемлекеттік деңгейде қайтадан бірыңғай ережелерге ие болды. 14 қаңтарда орта білім беру ұйымдарына арналған міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітетін № 26 бұйрық қабылданды. Құжат елдегі барлық оқушы үшін бірдей үлгі енгізбегенімен, форма сәйкес келуі тиіс жалпы шеңберді айқындап берді.
Ал бұйрыққа бірнеше рет өзгерістер енгізілсе де, ол әлі күнге дейін күшінде; соңғы көрсетілген редакция - 2025 жылғы 30 сәуір. Алайда кейінгі жылдары бұл тақырыптағы қоғамдық пікірталас мезгіл-мезгіл қайта жанданып тұрады.
Мектеп формасын қолдайтындар мен оған қарсы шыққандардың қандай уәж айтатынын оқып көрейік.
Мектеп формасын қолдаушылар: "Бұл - тәртіп пен теңдік"
Тәртіп және іскерлік көңіл-күй
Қолдаушылар форма мектепте жұмыс атмосферасын қалыптастыруға көмектеседі және балаларды оқуға бағыттайды деп санайды. Кейбіреулер бірыңғай сырт келбет тәртіпке баулиды және корпоративтік дресс-кодтар болатын ересек өмірге дайындайды деген пікірде.
Әлеуметтік теңдік және буллингпен күрес
Басты уәждердің бірі: форма отбасылардың дәулетіндегі айқын айырмашылықты тегістейді. Балалар брендтермен жарыспайды және арзан киім кигені үшін өзін төмен санамайды.
Ұйымшылдық және мектепке қатыстылық сезімі
Бірыңғай форма белгілі бір оқу орнына қатыстылықты айқындайды, командалық рухты оятады және мектептің имиджін қалыптастырады.
Уақыт пен күшті үнемдеу
Балаға таңертең не киемін деп бас қатырудың қажеті жоқ, ал ата-аналар күн сайын сырт келбетті бақылап отырмайды. Бұл жиналуды жеңілдетіп, таңертеңгі күйзелісті азайтады.
Мектеп формасына қарсылар: "Бұл - қымбат және тиімсіз"
Отбасыларға түсетін қаржылық салмақ
Бұл, бәлкім, ең салмақты уәж шығар. Биыл ата-аналар әлеуметтік желілерде мынадай сомаларды келтіріп жатыр: бірінші сынып оқушысына арналған жиынтық 80-100 мың теңге тұруы мүмкін, бұл орташа жалақының қомақты бөлігін құрайды. Екі баласы бар отбасы үшін шығын екі еселенеді: мәселен, астаналық ана Threads желісінде екі оқушыға жейделерді есептемегенде 130 мың теңгеге жуық қаражат кеткенін айтты.
Өзін-өзі көрсетуге шектеу қою
Қарсылықтың тағы бір себебі: форма балалардың киім арқылы өз ерекшелігін көрсетуіне мүмкіндік бермейді. Жасөспірімдер үшін бұл өте маңызды - сырт келбет өзін-өзі танудың бір бөлігі болып табылады.
Теңсіздікпен күрестегі күмәнді тиімділік
Қарсы шыққандар мынаны дұрыс аңғарады: тіпті форма киген күннің өзінде балалар салыстыруға сылтау табады - гаджеттер, саяхаттар, кроссовкалар. Әлеуметтік теңсіздік ешқайда жоғалмайды, ол тек басқа деңгейге ауысады.
Ыңғайсыздық пен сапа
Қарсы тарап өкілдері бірнеше сабақ бойы пиджакпен отыру балаға қолайсыз екенін айтады. Сондай-ақ, форманы бүлдіріп алу немесе кірлету қорқынышына байланысты ол оқушылардың үзіліс кезіндегі физикалық белсенділігін шектеуі мүмкін.
"Мектеп формасы мәселесі киімге ғана қатысты емес" - психологтың пікірі
Мектеп формасының жасөспірімнің сырт келбеті арқылы өзін көрсету мүмкіндігіне қалай әсер ететіні туралы біз психолог Юлия Беляинамен сөйлескен едік:

"Меніңше, мектеп формасы мәселесі тек киімге ғана қатысты емес. Бұл көбіне ережелердің қай жерде аяқталып, бала тұлғасының қай жерде басталатыны туралы мәселе.Балалардың жүйеде өмір сүруді үйренуі маңызды екені түсінікті. Мектеп бар, белгілі бір талаптар бар, басқа адамдар бар және үнемі тек өз қалауыңды істеу мүмкін емес. Бұл - қалыпты жағдай. Бірақ сонымен бірге балаға өзін түсінуді үйрену, өз пікірі болуы, нені ұнататынын, нені ұнатпайтынын, не қолайлы, не қолайсыз екенін сезіну де маңызды.Форманың өзі жақсы идея болуы мүмкін. Ол шынымен де отбасылар арасындағы айырмашылықты аздап теңестіріп, балалардың бір мектепке тиесілі екенін сезінуіне ықпал ете алады. Бірақ, егер форма ыңғайсыз, сырт келбеті келіссіз, сапасыз болса және бұл ретте балаға ешқандай таңдау қалдырылмаса, онда берілетін ишара өте оғаш болады: "сенің не ойлайтының мен не сезінетінің маңызды емес, жай ғана киіп жүр".
Дәйексөз авторын қосу


Сурет қосу



Юлия Белянина
психолог



Ол бұл жағдайды жасөспірімдер өте ауыр қабылдайтынын, себебі бұл жаста сырт келбет - адамның кім екенін түсінуінің бір жолы екенін айтады.

"Сондықтан, менің ойымша, ең тиімді жол - ережелерді жою емес, сол ережелердің аясында таңдау мүмкіндігін беру. Өйткені мектептің мақсаты барлық баланы бірдей қылу емес, әртүрлі адамдарды бір-бірімен қатар қалыпты өмір сүруге үйрету", - деп түйіндеді сарапшы.

Таңдау мүмкіндігі
Таңдау қажеттілігі туралы стилистер де айтып жатыр

- Менің көзқарасым бойынша, мектептегі дресс-код ақылға қонымды болуы керек және баланың сырт келбетін шектен тыс бақылауға айналмауы тиіс, - дейді имидж-стилист Камилла Ғалымова. - Киімнің таза, ұқыпты, ыңғайлы және мектепке қолайлы болуын талап ету орынды. Ал оқу процесіне кедергі келтірмейтін шаш ұзындығын, шаш үлгісін немесе сырт келбеттің басқа да ерекшеліктерін бақылауды артық деп санаймын.
Дәйексөз авторын қосу


Сурет қосу



Камилла Ғалымова
имидж-стилист



Стилистің пікірінше, заманауи мектеп стилі - бұл жайлылық, ұқыптылық және таңдау мүмкіндігі:

"Барлығының бірдей көрінуі міндетті емес. Мектептің жалпы түс гаммасы мен стилін сақтай отырып, балаларға киімнің ыңғайлы үлгісін таңдауға мүмкіндік беруге болады. Мектеп балаларды ұқыпты әрі жағдайға сай киінуге үйретуі тиіс, бірақ сонымен бірге олардың өз даралығын сақтауына жағдай жасауы керек".

Ақылға қонымды дресс-код туралы: классиканың рөлі
Сән саласының тағы бір маманы, алматылық стилист Юлия Пак "мектептегі орынды дресс-код - бұл әрқашан ақ үстіңгі киім мен қою түсті астыңғы киім болған және солай болып қала береді" деп есептейді.

- Психология тұрғысынан бұның не үшін жасалатыны түсінікті: балалар арасында әлеуметтік алшақтық болмауы үшін, назар ашық түстер мен әртүрлілікке ауып кетпеуі үшін. Барлығы бейтарап және шамамен бірдей киінуі керек, - дейді Юлия.

- Иә, ортақ бір нәрсе, барлығы ұстанатын белгілі бір бағыт болуы тиіс, - деп түсіндіреді ол. - Бірақ мен мектеп тарапынан шаш үлгісіне, аяқкиімге - яғни мектеп араласпауы керек деп есептейтін дүниелерге талап қоюды ескірген әдіс деп санаймын.
Ана ретінде: ережелерде нені қалдырар едім
Қорытындылай келе, біз Юлия Пактан заманауи стиль тұрғысынан мектеп формасы қандай болуы керек екенін нақтылауды сұрадық.
- Мен стилист ретінде емес, ана ретінде пікір білдіргім келеді, - деп жауап берді сарапшы. - Мектеп - бұл стильге қатысы жоқ білім беру мекемесі. Балалар бейтарап және жинақы киінуі тиіс.
Ол мектеп формасына қатысты тек екі негізгі талапты қалдыратынын айтты:

Ақ үсті, қара асты.
Ұлдар үшін - шалбар, қыздар үшін - шалбар немесе белгілі бір ұзындықтағы (тым қысқа емес) белдемше. Ұлдарға шорты киюге болмайды (менің ұлым кейде мектепке шортымен барғысы келіп тұрады).

- Міне, осы да жеткілікті. Бұл балалардың оқуға зейін қоюы үшін толықтай жетеді.
Авторы: Юлия Колмогорова
Аударған: Дина Шәріпхан

Читайте на сайте