ҰҚК “Охотзоопром“ филиалы басшысының ұсталғаны туралы ақпаратқа жауап берді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Охотзоопром" ӨБ РМҚК батыс өңірлік филиалының басшысы Арман Қожахметовтің ұсталғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оған қатысты тергеу басталғаны туралы ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған болатын. Мәліметтерге сәйкес, Қожахметовті 11 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлері бес миллион теңге алып жатқан кезінде ұстаған.
Сондай-ақ, бұл қаражат кәсіпкерге өңірде киік аулауға рұқсат бергені үшін берілмек болғандығы айтылды.
ҰҚК істің егжей-тегжейін жариялаған жоқ және 48 жастағы Арман Қожахметовтің ұсталғанын ресми түрде растамады. Ведомство тек аталған факт бойынша соталды тергеу басталғанын хабарлады.
"Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген ҰҚК баспасөз қызметі хабарламасында.
ҰҚК Көлік министрлігінің екі шенеунігі ұсталғанын хабарлады
10 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі көлік саласының екі шенеунігін ұстады. Олар кәсіпкерлерден 40 миллион теңгеден аса сомада материалдық сыйақы алды деген күдікке ілініп отыр.
Олар рұқсат етілген салмақ нормаларынан асатын жүк көліктерінің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету бойынша заңсыз әрекеттер жасады деген күдікке ілінген. Соттың санкциясымен ұсталғандар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.