Қызыл кілем, құрмет оғы және әскери ұшақтар: Трамп АҚШ-та Си Цзиньпинді жеке өзі қарсы алды
АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-қа үш күндік сапармен келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді жеке өзі қарсы алды. Кездесу 23 қыркүйек күні кешке Вашингтон түбіндегі Эндрюс әуебазасында өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz ABC News басылымына сілтеме жасап.
Трамп пен бірінші ханым Мелания Трамп Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пэн Лиюаньды ұшақ трапының жанында қарсы алды. Бұдан кейін әскери оркестр, қызыл кілем және артиллериялық зеңбіректер қатысуымен ресми рәсім өтті.
Алдымен Қытай әнұраны, содан соң АҚШ әнұраны шырқалды. Америка әнұраны кезінде Трамп құрмет білдірді. Салтанатты шараға қатысушылардың төбесінен екі B-1 бомбалаушы ұшағы ұшып өтті.
Қысқаша әңгімелесуден кейін Си Цзиньпин мен Пэн Лиюань өз көлігімен, ал Трамп пен Мелания Трамп өз кортежімен жолға шықты.
Трамп пен Си Цзиньпин нені талқылайды?
Үш күндік сапар барысында көшбасшылар бірқатар мәселені, соның ішінде жасанды интеллект қауіпсіздігін, Тайвань төңірегіндегі жағдайды, сауда-саттықты, Ирандағы соғысты және аса маңызды пайдалы қазбалардың жеткізілуін талқылауды жоспарлап отыр.
Ақ үйге оралған соң Трамп Си Цзиньпинмен Иран төңірегіндегі жағдайды да талқылауға ниетті екенін растады.
"Көрейік. Көрейік. Мен бұл мәселені және басқа да көптеген тақырыптарды қозғайтын боламын", - деді Америка президенті журналистерге.
АҚШ пен Қытай сауда бітімін ұзартты
Си Цзиньпиннің сапары аясында АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон мен Бейжіңнің сауда бітімін 10 қаңтарға дейін ұзартуға келіскенін хабарлады.
Оның айтуынша, тараптар 10 қарашада аяқталуы тиіс болған "Пусан келісімі" деп аталатын құжатты ұзартуға уағдаласқан.
"Бұл бізге экономикалық салада не нәрсеге қол жеткізе алатынымызды түсіну үшін көбірек уақыт береді", - деді Бессент Fox News эфирінде.
Ол бұл қосымша уақыттың ауқымдырақ сауда келісіміне әкелетін-әкелмейтінін әзірге білмейтінін атап өтті.
Министрдің айтуынша, қытайлық тарап кейбір міндеттемелерді әлі толық көлемде орындамай отыр. Енді АҚШ алдағы айларда Бейжіңнің қол жеткізілген келісімдерді қаншалықты сақтайтынын бағаламақ ниетте.
Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Си Цзиньпинді тікелей әуежайда қарсы алу Трамп үшін әдеттен тыс жағдай болды. Әдетте АҚШ президенті шетелдік көшбасшыларды Ақ үйде қарсы алады.
Ақ үйдегі қарсы алу рәсімі бейсенбі, 24 қыркүйек күні өтеді. Трамп пен Мелания Трамп Си Цзиньпин мен Пэн Лиюаньды президент резиденциясының парадтық қабатында ресми түрде қарсы алады. Осыдан кейін президенттер Раушан бағындағы құрмет қарауылын тексеруге қатысып, жабық келіссөздер өткізеді.
Содан соң Си Цзиньпин мен оның жұбайы Ақ үйдің Шығыс бөлмесіндегі мемлекеттік кешкі астың құрметті қонақтары болады. Трамп пен Си қонақтар алдында сөз сөйлейді деп күтіледі.
Кешкі асқа Американың ірі технологиялық компанияларының басшылары шақырылған. Олардың арасында Amazon негізін қалаушы Джефф Безос, Tesla және SpaceX басшысы Илон Маск, Meta жетекшісі Марк Цукерберг, Google басшысы Сундар Пичаи және Dell Technologies бас директоры Майкл Делл бар.
Сондай-ақ қонақтар тізімінде Nvidia басшысы Дженсен Хуанг, OpenAI жетекшісі Сэм Альтман, Citigroup бас директоры Джейн Фрейзер және жақында Apple басшысы қызметінен кеткен Тим Кук бар.
25 қыркүйекте Си Цзиньпин мен Пэн Лиюань Трамп және бірінші ханыммен жабық шай ішу рәсімінде кездесуі тиіс. Содан кейін Қытай делегациясы Ұлттық архивке барып, АҚШ-тың тарихи құжаттарымен танысады.
Еске сала кетейік, Си Цзиньпиннің АҚШ-қа соңғы мемлекеттік сапары 2015 жылдың қыркүйегінде, ел президенті Барак Обама болған кезде өткен еді. Трамп Қытайға мамыр айында барып, Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізген болатын.